«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Сөйлеген сөздер

10 қараша 2016

«Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновтың сөйлеген сөзі
 Құрметті конференцияға қатысушылар! Қадірлі жиналған қауым!
«Ақ жол» демократиялық партиясының, оның төрағасы, партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі  Азат Тұрлыбекұлы Перуашевтың атынан Сіздерді  Елорда төріндегі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның құрметіне жасалып жатқан ұлықтау тойына құтты болсын айтып,  «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына сәттілік тілеуге рұқсат етіңіздер!

Әлиханның мұраты – іргелі ел болу еді. Міне, сол мұратқа да жеттік. Әлиханның идеясы – еркіндік пен бейбітшіліктің символы екенін әсте ұмытпауымыз керек! Әлиханның тағылымы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасар мәңгілік мұра. Оны әлем мойындады. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 38-ші сессиясының қарарымен, «бүкіләлемдік шынайы даңқты тұлға» деп танылған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы биыл осы халықаралық беделді ұйымның аясында аталып өтіп жатқаны соның айғағы. Бауырлас Түрік елі бұл тойды бізден бұрын бастап, Анкарада 3-4 наурызда Алаш көсеміне арналған үлкен халықаралық конференция өтті. Ресей қазақтары да қарап жатпады, Мәскеуде өткізілген  «Дөңгелек үстел» және салтанатты жиынмен іліп әкетті. Күні кеше тағы бір жағымды жаңалық жайында естідік. Санкт-Петербургтың Таврия сарайына Әлихан Бөкейхан мүшесі болған Ресейдің мемлекеттік думасының отырыстары өткен тарихи орынға Әлихан Бөкейханның ескерткіш-бюсті орнатылатын болыпты.
Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру қажеттігін 2015 жылдың 14 қазанында Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеген «Ақ жол» партиясы Әлихан Бөкейханның тура туған күнінде – 5 наурызда Астана қаласының төрінде 200 адамға арналған арнайы ас беріп, құран бағыштатып, Алаш көсемінің әзіз рухына құрмет көрсетті. Оған Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен, Астаналық алаштанушы ғалымдармен қатар, Алматыдан, Торғай өңірінен, Алашорданың алғашқы астанасы болған Алаш қаласы – Семей қаласынан, сондай-ақ Әлекеңнің туған жері – Қарағанды облысынан өкілдер қатысты. Сөйтіп, біздің партия «Әруақ риза болмай – тірі байымайды, «Ас пен той ортақ» деген қағидаларға сүйене отырып, осы бір иманды іспен Қазақстандағы Әлихан Бөкейханға арналған іс-шараларды бастап берді.
Астанада, Алматыда, тағы басқа өңірлерде өткізілген Алаш көсемі туралы халықаралық, республикалық деңгейде ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайлас келіп, ұлы тұлға мұрасын жаңа қырынан тануға, оны тәуелсіздік мұраты тұрғысынан зерделеуге жол ашты. Астанадағы Қарағанды облысы күндерінің аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында өткен шара барысында  Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. («Егемен Қазақстан», 11 қазан, 2016 жыл)  Белгілі Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының құрастыруымен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде соңғы 10-15 жыл көлеміндегі мерзімді басылымдар, әдеби-қоғамдық, ғылыми журналдарда жарық көрген зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар, дөңгелек үстел материалдары енген «ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ALIKHAN BUKEIKAN АЛИХАН БУКЕЙХАН» жинағы шықты. Отандық және шетелдік белгілі алаштанушы мамандардың Әлихан Бөкейханның тағылымды қайраткерлік өмірі, әдеби және ғылыми мұрасы туралы зерттеу мақалалары, сұхбаттары мерзімді баспасөзде, электрондық ақпарат құралдарында, интернет сайттарында, әлеуметтік желілерде жарияланып, баспаларға ұсынылуда.
23 қыркүйек күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында ақтоғайлық азаматтардың жерлес тұлғаларын ұлықтап, кеңінен атап өткен тойына «Ақ жол» партиясының делегациясы қатысып, ондағы шаралардың аясында өткен Әлихан Бөкейханға арналған  ғылыми-тәжірибелік конференцияда Астанадан барған алаштанушы ғалымдармен қатар «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы да баяндама жасады. Мерейтойлық іс-шаралар барысында, Әлихан Бөкейханның әкесі, анасы, туған-туыстары жерленген қорымға Ұлытаудың Хан ордасынан, Әлекеңнің үзеңгілес серіктері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың туған жері – Торғай өңірінен әкелінген топырақпен қатар Мәскеудің Дон зиратынан жоғарыда аталған «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедиция құрамына енген әдебиеттанушы, алаштанушы жас ғалым, «Ақ жол» партиясы орталық аппаратының жауапты қызметкері Елдос Тоқтарбай арнайы әкелген топырақ себілді. Бұл - туған жердің топырағын жастану бұйырмаған есіл ерлердің - Алаштың алыптары мен арыстарының әруақтарын сыйлаған ұрпақтарының құрметінің, тағзым етуінің белгісі.
Біздің партияның бастамасымен дәстүрге енген «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналды, мерейтой құрметіне «Қазпошта» АҚ арнайы мерекелік марканы айналымға түсірді, жақында ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық банкы мерейтойлық естелік монета шығарды. Олардың таныстырылымдары «Ақ жол» партиясының офисінде өткізілді. Қазақ айтады: «Тасқа басылған таңба ешқашан өшпейді» деп. Әлихан Бөкейханның тұлғалық қыры енді міне пошта маркасында, ұлттық банктің мерекелік монетасында бейнеленіп отыр. Бұл дегеніңіз – болашақ күндері ұлттық музейлер мен көрмелерге қойылып, өзінің тарихи құнын арттыратын, сапалы әрі құнды, қымбатты экспонаттар болары хақ. Қазақ еліне шет елден келетін қонақтар, туристер бұларды өздеріне кәдесый ретінде сатып алып, Қазақ елінен әкелген тәбәрігіміз деп айта жүрері анық.
Біз Әлихан тойының атаусыз жағын тере бермейік деп, қолдан келген, көңілге медеу боларлық ілкімді істерді атап өттік.  Ал енді жүрек түкпіріндегі назымызды шығарсақ, бұл істерімізде іркілістер де бар. Отанымыздың жүрегі – Астанадағы, Қазақстанның ең үлкен мегаполисі Алматы қаласындағы  үлкен көшелердің бірін Алаш көсемінің атымен атау әзір іске асқан жоқ. Осы екі ірі қалаларымыздағы Ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындарының біріне Әлекеңнің есімін бере алмадық.  Бүгінгі Қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған, өзінің басын қатерге тіккен ұлы тұлғаға арнап не Астанамыздан, не Алматыдан бір еңселі ескерткіш қоя алмадық. Қазақстанның көптеген жерлерінде әлі күнге дейін қолын бұлғап «Күн көсем» – В.И.Лениннің ескерткіші қасқайып тұр, ал, шын мәнінде қазақтың атын әлемге танытқан Әлиханға арналған ескерткіш жоқ дегеннің өзін айту ұят екен...
Астанадағы, Алматыдағы, Қарағанды облысындағы, басқа да өңірлердегі әртүрлі жиындардың қатысушылары Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының «Алаш» қозғалысының 100 жылдығымен ұласатынын, оларды бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайтынын айтып,Әлихан Бөкейхан бастаған«Алаш» қозғалысының 2017 жылғы - ғасырлық мерейтойын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына Үкіметті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырып жатты. Бұл – көптің тілегі. Осы көптің тілегін қазанның 12-сі күні «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев депутаттық сауал арқылы Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевқа жеткізді. Онда ол  Алаштың 100 жылдығын өткізуді салмақты әрі сапалы дайындықпен жоспарлау қажет деп санайтынын айтты. «Ақ жол» фракциясы Қазақстан Республикасы Үкіметіне қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық-тағылымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды ұсынады. Осы ұсынысымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарапынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз»,- деді А.Перуашев.
Алаш идеясын бүгінгі заманның талаптарына сәйкес жаңғырту – «Ақ жол» партиясы қызметінің басты бағыттарының бірі. Бұл жерде біздің партияның төрағасы Азат Перуашев ашық айтып жүрген бір мәселе бар. «Алаш» жеке ұйымның, жеке бір партияның басыбайлы меншіктеп алатын «мүлкі» емес, біз Алаш жолымен жүреміз деп тірлік жасап, іс тындырамыз деп ниеттенгендердің неғұрлым көп болғанын қалаймыз. Мәселен, біз  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мұхаммедтің Қарағанды университетіндегі оқытушылар мен студенттермен кездесуінде айтқан «Халқымыз «тар жол тайғақ кешу» арқылы қол жеткізген тәуелсіздігіміздің бастауында Алаш арыстары тұр... Сондықтан біз Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойын лайықты түрде атап өтуге міндеттіміз» деген үміт отын тұтатын сөздерін бұқаралық ақпарат құралдарынан қанағаттанғандық сезіммен оқыдық. Біз, еліміздің саяси-қоғамдық күштері ұлттық тарихымыздың қайғылы да жарқын беттерін жас ұрпаққа ұғындыру және жеткізу мәселесінде саяси көзқарастар мен алған бағыттарына қарамай, ортақ ұстаным жасай білуіміз қажет деп есептейміз.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыру үшін Әлихан атамыз мұрат еткен талаптарды бүгінгі Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, рухани-мәдени өміріне енгізуге бар күшін салып, бағуда. Сол жұмыстарға жүйелілік сипат беру үшін «Ақ жол» партиясы «2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі БАҒДАРЛАМАСЫН» қабылдаған. Соның негізінде партия өзінің жұмысын одан әрі де табандылықпен жалғастырады.
Биылғы  Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен келесі жылғы Алаштың 100 жылдығына арналған шаралар біздің Алаш жөніндегі бағдарламамыздың діңгегі. Келесі жылғы мерейтой  – Әлихандай саяси серкенің маңына қазақтың «Алашшыл!» жігіттері бірігіп, ұлт-азаттық қозғалысқа бастаған дүбірлі оқиғаны еске алу тойы. Алаштың арманы – қазақтың ғасыр бойы сарылып күткен аңсары еді. Алаш мұраты, тәуелсіздік құндылығы – елдік пен ерлікті, өрлікті сақтауды ұқтырар тағылым! Алаш мұратына адал болайық, ағайын! Бүгінгі өткізіліп жатқан  шара құтты болсын! Ең бастысы, ол - ел игілігіне жарасын!


Видео

12 қыркүйек 2017
А.Перуашев: Төл дыбыстардың сол қалпында сақталуына мән беру керек

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс