«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Баспасөз жарияланымдар

28 ақпан 2017

Жаңғырту жетік технологиямен жүзеге асады

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы туралы ой-пікірлерін білу мақсатында Мәжілістегі
«Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт ҚАЗБЕКОВАҒА жолыққан едік.

Меруерт Айтқажықызы, сізге Жолдаудың қай бағыт­тары ерекше әсер етті?

– Бизнес-ортадан келген­дік­тен, маған, әрине, ондағы басым­дықтар ерекше әсер етті. Соның ішінде экономика­ны тех­но­логиялық жағынан жаңғыр­ту басымдығы меніңше ең бас­ты мәселе болып табыла­ды. Цифрлы технологияны қолдану ар­қылы жаңа индуст­рия қалыптастыру да нағыз бүгін­­гі күннің талабына сай келе­тін міндет. Оны іске асыру мақ­­саты­мен Президент Үкі­мет­ке «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ламасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Меніңше, жаңа индустрияны қалыптастыру жолында оның маңызы өте зор болмақ. Президент оны «Эко­но­миканы жаппай цифрлық жүйе­ге көшіру тұтас саланың жойы­луына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді», деп бағалады.

Әрине, «Цифрлы Қазақ­стан­ды» іске асыру жедел жүр­гізіл­мейді. Өйткені, ол үшін елі­міздің барлық өңірі, ең алыс елді мекендердің өзі сапа­лы интернетпен қамтама­сыз етілуі керек. Ал бізде бұл мә­селе әлі толық шешілген жоқ. Жуырда болған жалпы оты­­рыс­тардың бірінде Мәжіліс Төр­аға­сы Нұрлан Нығматулин бұл мәселенің нақты қашан шеші­ле­тінін сұраған еді, осы іске жауапты Үкімет мүшелері күміл­жіп қалды. Сондықтан, «Цифр­лы Қазақстан» бағдар­ламасын бүгінгі күні игеріп кетеміз деп айта алмас едім. Ал­­ды­мен Үкімет осы мақсат­ты иге­ре алатын мүмкіншілік­терді туды­рып алуы керек деп ойлаймын.

– Жалпы, экономиканы жаңғыртуда дәстүрлі сала­лар­ды жетілдіру мәселесі де айтылды. Бұл бағытта қандай шаруалардың атқарылғаны дұрыс деп санайсыз?

– Әрине, біздің өзімізде қа­лып­тасқан базалық салалар­дың дамуына айрықша қар­қын беруіміз керек. Жалпы, эко­но­миканың жаңғыруына оларды жетілдіре түспесек, қол жеткізе алмаймыз. Осыған орай Елбасы өзінің     Жолдауында еңбек өнім­ділігін арттыруға айрықша тоқталды. Оған қол жеткізу үшін жаппай автоматтандыру мен осы заманғы техноло­гия­л­арды өндіріске енгізу қа­жет болатыны белгілі. Бұл мәсе­ле­ге байланысты Прези­дент Үкіметтің алдына, биз­нес-қоғамдастықпен бір­ле­се отырып, 2025 жылға де­йін өндірісті жаппай жаңа тех­нологиялармен жарақ­тандыру бойынша кешенді шаралар әзірлеу міндетін қойды. Бұл – барлық негізгі өндіріс саласын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру деген сөз.

         Жаңа технологияларды енгізумен қатар, индустрия­лан­­дыру бағдарламасының шең­­берінде жаңа жобаларға да ерекше көзқарас қалыптастыру қажет. Өйткені, жаңа көз­қарас бол­маса, жаңғырту бағдар­лама­сының тиімді жүргізілуі қиын. Елбасының өзі осы істі қатты сынағанын бәріміз біле­міз. Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіп­орындарға орасан зор қаржы құйылатынын, ал нәтижесін­де оның өнімдері сұранысқа ие бола алмайтынын айтқан еді. Бұл – өте дұрыс айтылған сын, елі­міздің Үкіметі жаңа жо­­­ба­­­ларға орасан зор қаржы құй­­­­ған­да оның өнімінің кейін қан­шалықты қажет болаты­нына, экономикалық жағынан қаншалықты тиімді болатынына зер салуы тиіс. Алдын ала мұ­қият зерттеп, саралап алу қажет. Моральдық тұрғыдан ескір­ген жабдықтарды сатып алуды тоқтату керек. Себебі, олар­дың өнімдері ертеңгі күні бә­се­ке­лестікке қабілетсіз болып шығады.

         Мысалы, Қызылордадағы шыны зауытын алуға болады. Орасан зор қаржы құйылған осы зауыттың өнімдері бәсе­ке­лестікке әлден қабілетсіз екен­дігі байқалып отыр.

         – Елбасының қазақ­стан­дық өнімдердің экспорт­тық әлеуетін арттыру мәселесі туралы айтқандарына қатыс­ты не дер едіңіз?

         – Иә, Президент экспортқа шығатын өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрық­ша назар аударды. Осы қатарда Үкіметке 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты 2 есе арттыру туралы тап­сыр­ма берді. Бұл мәселені шешу үшін біздегі барлық өн­­діріс­­тік бағдарламаларды, құ­рал-сай­мандарды бір мақсат­қа ба­ғыт­тап және оны басқару­ды бір ведомствоға шоғыр­лан­­дырып, елде «Экспорт­тық саясат жөніндегі кеңес» ұйым­­дастыруды тапсырды. Бұл кеңес құрылғаннан кейін бір­текті экспорттық стратегия әзірлемек.
         Осы Жолдаудан алған тағы бір оң әсерім, Елбасы біз­­ге бұ­рыннан белгілі дүние­лерді жаңа көргендей алақай­ламай, қарапайым тілмен айт­қанда, «велосипедті қайта ой­лап шығармай, барлық ха­лық­тарға қажетті тауарлар мен қыз­меттердің сұранысы ара­сы­нан өзі­міз игере алатын дү­ниені қам­тып, соны барынша жетіл­ді­ріп шығаруды тапсырды. Сон­дықтан, Үкіметтің шын мә­нін­­дегі серпінді жобаларды ғана қол­дауын талап етті. Сөй­тіп, Үкі­мет енді тек серпінді жо­ба­­­­­лар­­ды, ертеңгі күні сапа­лы өнім­­­дері сұранысқа ие болып, өте­­тін жобаларды ғана қол­дау­­ға міндетті болып отыр. Осы мін­­детті орындай оты­рып, елі­­­міз­­­дің экономикасы халық­ара­­­лық жүйенің қатарына енуі керек.

         – Елбасы шағын және орта бизнесті дамыту туралы міндет жүктеді. Осы үдеден шыға аламыз ба?

         – Шағын және орта кәсіп­кер­лікке жататын өндіріс орын­дары да халықаралық жүйе­ге қосылып, өзінің орнын табуы міндет. Соның ішінде бұл жүйеге енудің жолы, Елбасы атап көрсеткендей, халық­ара­лық франчайзинг құрал­дарын пайдалану. Бұл әдісте ал­дыңғы қатарлы халық­аралық компаниялар өздері­нің техно­логияларын, өн­діріс үдерістерін біздің кәсіп­керлерге әріптестік тәртібімен беріп, өнімдерін жаһандық жүйеге енгізеді. Мысал ретін­де «Макдональд» және т.б. өнім­дерді атауға бола­ды. Халық­аралық зерттеулер­ге қарағанда, стартаптардың («старт алғандар») 70 пайызы ал­ғашқы жылы банкротқа ұшы­­раса, франчайзингпен жұ­мыс істейтіндердің тек 30 па­йызы ғана банкрот болады екен. Бұл үшін мемлекеттен қомақ­ты қаржы бөлініп, тек осын­дай жобалар ғана қолдау көруі керек. Қанша қымбатқа түссе де халықаралық жүйеге қосылу үшін осы амалға бар­ған абзал. Ал шағын және орта бизнес мемлекеттің қол­дауын­сыз бұл істі өзі атқара алмай­ды. Елбасы 2050 жылға қарай ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50 пайызға жетуі керек деген міндет қой­ды. Бұл – өте жауап­ты міндет. Қазір Үкімет осы міндет үдесі­нен шығу үшін бірнеше бағдар­ламаны жүзеге асыру үстінде.

         Сонымен қатар, Жолдауда экономикадағы ұлттық мүд­дені қорғауға айрықша назар аударылды. Осыған қарап, мен бұл құжатты барын­ша қа­ғи­датты Жолдау деп санай­мын. Жалпы, біз халықара­лық ұйымдарға мүше болға­ны­мызбен, өзіміздің ұлттық экономикалық мүдделеріміз­ді ұмытпауымыз керек. Осы орайда шетелдік инвесторларға талғаммен қарау қажет. Егер бұрын біз кез келген инвес­торға қуанатын болсақ, қазір олардың арасынан жаңа тех­нология әкелетіндерін, адам­дарымызды жаңа кәсіп­терге үйрететіндерін және оларға жұмыс беретіндерін ғана таңдап енгізіп, соларға ғана қолдау көрсеткеніміз жөн.

         Әрине, біз инвесторды елімізге енгізіп, біздің ресурс­тарымызды қолдану арқылы олар­дың табыс табуына мүм­кіндік бергеннен кейін ұлттық мүддеміздің де ескерілуін талап етуіміз өте орынды. Қазір осыны естен мүлдем шығар­майтын уақыт жетті.

         – Шикізаттық емес секторда шет ел инвестор­лары­ның араласуымен қай саланы көтеруге назар аударылмақ?

         – Ауыл шаруашылығының өңдеу саласына ерекше назар аударылатын болады. Бізді 1,4 млрд-тық Қытай мен 145 млн-дық Ресей сияқты екі алып рынок қоршап тұр. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін осы елдерге шығару үшін олардың сапасын еселеп арттырып, экон­омикалық тұрғыдан таза, бағасын бәсекелестікке қабі­летті ете алуымыз керек. Сон­да біздің тауарларымызға «жасыл шам» жанады. Ауыл шаруа­­шылығында барлық күш-жігерімізді осы мақсатқа жұмсау­ымыз керек.

         – Әңгімеңізге рахмет.

         Деректеме - "Егемен Қазақстан" газеті 


Видео

12 қыркүйек 2017
А.Перуашев: Төл дыбыстардың сол қалпында сақталуына мән беру керек

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс