«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Баспасөз жарияланымдар

22 мамыр 2017

Бейнеттің зейнеті бұйыра ма?
              Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының  басынан бір дау арылмай-ақ қойды. Халықтың жиып-терген қаражатының оңтайлы жұмсалмауы бұл жүйеге деген сын ғана емес, сенімсіздік тудырған сыңайлы. Бәлкім, «көш жүре түзелер...». Әйтеуір, аманатқа берілген ақшаға қиянат жасауға мемлекет жол бермесі анық. 

            Мысалға, күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Азат Перуашев арнайы мәлімдеме жасады. Онда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржысына Әзербайжанның халықаралық банкінің 70 млрд теңгеден астам сомадағы облигацияларын негізсіз сатып алу фактісі анықталды. Бұдан бұрын «Ақ жол» фракциясы Казинвестбанкті лицензиясынан айыру барысында қауіптілік дәлізінде қалған 3 млрд теңгеге тарта сомадағы қаржыға қатысты үндеу жасаған болатын. Сол кезде БЖЗҚ басшылығына қатысты 5 млрд теңгеге KASE-де күмәнді эмитетпен бағалы қағаздарды алу фактісі анықталған еді. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы аталған банкке инвестиция салу туралы шешім қабылдаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынады...» делінген.  Демек, біздің жинақтау жүйесіндегі кемшіліктерді тергеннен дәл қазір ұтарымыз шамалы. Бірақ, басқа елдердің, дамыған мемлекеттердегі зейнетақы төлеу мен жинақтау жүйесінің жайынан хабар етуге бейілміз. Ізденіп бақсақ, оңтайлы жүйе ретінде әлем мойындаған зейнетақы төлеу үлгісі Америка Құрама Штаттарында көрінеді. Жалпы, мұхиттың арғы жағындағы елде әлеуметтік қамсыздандырудың жайы ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі орында тұрады екен. Жалпы, Американың атақты «Әлеуметтік қам­сыздандыру туралы» заңына сәйкес, барлық санаттағы зейнеткерлер федералдық және штаттардың бюджетіне қамсыздандырылады. Әрине, мемлекет қамқорлығына екі жағдайда өту мүмкіндігі бар: мүгедектікке және жасына байланысты зейнетке шығу. Тұтасымен алғанда, Америкадағы зейнетақы төлеу жүйесінің негізін сақтандыру жарналары құрайды. 
            Ақысы төленетін қызметкер өз табысының 6,2 пайызын міндетті сақтандыру жарнасы ретінде өз қолайына жаққан сақтандыру қорына аударады. Ал жұмыс беруші тарапынан да дәл сондай пайыздық шамада немесе 107 доллардан кем емес мөлшерде қызметкердің шотына міндетті сақтандыру жарнасы аударылып отырады. Есте ұстайтын ерекшелік, сақтандыру полисін алмаған адамды заңмен қудалайды. Жалпы, АҚШ азаматтарының төс қалтасында жеке куәліктен бұрын салық төлеушінің карточкасы мен сақтандыру полисі жүруі тиіс. Кез келген полицей тоқтатып, аталмыш құжаттарды талап етуге құқылы. Дәл осындай талаппен жұмыс берушіге де қатаң қарайды. Өз кезегінде жеке тұлға мен жұмыс беруші тарап қосылып төлейтін жоғарыдағы 12 пайыздық жарна болашақ зейнеткердің кепілді қарттығы болып табылады. Бұл – жалданып еңбек ететіндерге тән талап.  Ал жеке компаниясы бар немесе табыс табудың басқа да көздерінен қаржыландырылатын тұлғалар жоғарыда айтылған міндетті сақтандыру жарнасын толық, табысының 12,4 пайызын төлеуге міндетті. Мұнан өзге, ерікті жинақтау жүйесі де жақсы дамыған. Ол қаржыландырудың бірнеше көздерінен тұруы мүмкін. Біріншісі, тапқан табысының өзі қалағандай мөлшерін жинақтау. Нақты айтқанда, белгілі бір компанияда еңбек ететін америкалық өз табысының 90 пайызына дейін сақтандыру қорына аудара алады. Бұл жеке тұлға үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімді шарт екен. Ондай аударымдардан салық алынбайды! Бірақ, қатардағы америкалықтың барлығы бірдей мұндай майшелпекке қол жеткізе алмай келеді. Екіншісі, жеке зейнетақы жинағын ашу. Бұл үрдіс мемлекеттік емес қорлардың қатысуымен іске асырылады. Тіпті, лицензиясы бар банктер де жинақтаумен айналыса алады. Әдетте, олардың клиенттері шіріген байлар, магнаттар мен олигархтар болып келеді. Бірақ байлардың жеке зейнетақы шотына аста-төк қаржы аударылуына тосқауыл қойылған.
Мысалға, миллион доллар аударып қойып, қартайғанда миллион долларлық зейнетақы алуды армандамайсыз да. Ерікті төлем – 10 000 доллардан аспауы тиіс. Болмаған жағдайда, салынған қаржы табыс көзі ретінде қарастырылып, салық алынады. Ал Американың са­лық саясаты дегеніңіз... «көп тапсаң – көп төлейсің!» қағидасын ұстанады. Тағы да астын сызып айтарымыз, екі қолына бір күрек ұстап, қуаты барында тынбай еңбек еткен америкалықтың кепілдендірілген зейнетақы көлемі 1000 доллардың шамасынан басталады. Бұған ақша жинақталған кезең аралығында үстеме пайыздарды, қордың инвестициялық табысын қоссаңыз болады. Ал міндетті төлемдерді аудара алмаған, яғни мемлекеттің мойнында отырған адамдардың алатын зейнетақысы біздегі базалық жүйе сияқты төленеді. Оның тұрақты мөлшері 500 доллар шамасында. Аз ба, көп пе?.. 

      "Егемен Қазақстан" газеті


Видео

05 шілде 2017
А.Перуашев "Басты тақырып" бағдарламасында

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс