«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Баспасөз жарияланымдар

07 шілде 2017

Ұлт ұжданы Ұлытау
          Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының керектігін айта келе, «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадына біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп жазды. Мемлекет басшысы осы жалпыұлттық қасиетті орындар «... неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп атап көрсетті. Осы мақалада аталып отырған Ұлытау өңірі де исі қазақтың тұтастығының алтын діңгегі.



            Алты алаш тәңірдей табынған Ұлытауға Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәл айтқанда, 1993 жылдың 15 қыркүйегінде арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз болуға тиісті», деген еді. Өз басым Елбасының осы сапарында Ұлытаудың қақпасы болып табылатын Айыртаудың етегінде Мемлекеттің тұтастығы мен халық бірлігінің монументі қойылатын орынды белгілеуінің тікелей куәгері болғанымды ризашылықпен еске аламын. Бірлік символы белгісінің Ұлытау қақпасына қойылуының үлкен тарихи мәні Ұлытау ауданындағы Сарысу өзені бойындағы Теректі елді мекенінің аумағындағы Таңбалы таста қазақтың үш жүзінің рубасылары бірнеше рет кеңес өткізіп, жоңғар басқыншыларымен болған 1727 жылғы Бұланты шайқасы қарсаңында осы тастарға үш жүздің жүздеген руының таңбаларын ойып салғанымен айқындалып тұр. Сондай-ақ, Елбасының Ұлытауға келгенде ең бірінші ат басын тіреген киелі орны Ұлытаудың іргесіндегі бір жарым мың жылдық тарихы бар Түркі қағандарының ордасы болды. Ол жер «Хан Ордасы» деп аталады.  Ұлытауда ертеде хан ордасы болған. Орда тігілген үй орындары әлі күнге дейін сақталған. Қазақ хандарын Ұлытауда ақ киізге орап, Хан ордасында Хан көтеретін дәстүр бар. Хан ордасы Аманкелді ауылы орталығынан 7 шақырым жазық жерде орналасқан. Қазақ хандарының бәрі де жазда осы Ордада болып, ел басқару жұмыстарын атқарған.

            Ұлытауда Алаша хан, Жошы, Домбауыл кесенелері бар, Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ұлы қолбасшы, әмір Едіге де осында жер қойнауына берілген. Тарихи дерек жазылған тас қойылған «Алтын шоқы» биігі Ұлытаудың батысында 50 шақырым жерде. 1391 жылы Ақсақ Темір тас тақтаға осы жерде болғаны туралы жазба қалдырған. Осындай тарихи дерек анықталса да, қорытылған тас құрамы анықталмаған күйде Санкт-Петербург мұражайының меншігі болып отыр.  Ұлытаудың даңқы болар, тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылы, яғни, 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайы Ұлытаудан бастау алған. Қонақтарды күтіп алып, оларды Жезқазған облыстық басқармаларының басшылары үйді-үйге бөліп алып, құрмет көрсеткендердің қатарында, сол тұста облыстық телерадиокомпанияның төрағасы болып қызмет атқарып жүрген мен де болдым. Маған «тиесілі» Ыстанбұлдың үш қазағына туған өлкеміздің тарих-шежіресін айту үшін Ордабай Исаев сынды Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының басшыларының бірі болған, экономист, дуалы ауызды, кеудесі алтын сандық қазыналы қартты денсаулығын күтіп, қымыз ішіп, демалып жатқан ауылынан, Қазақ елінің атақты жыршы-термешісі, ақын, сал-серісі Шынболат Ділдебаевты Сәтбаев қаласынан арнайы алдыртып, зерделі әңгіменің тиегі ағытылып, жыр-термелер төгіліп, керемет кеш өткізгенімізді ұмытқан жоқпын. Ертеңіне, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына Алматыға келген шетелдегі қандастарымыз Ұлытауға тағзым етіп, Ұлытаудағы «Хан Ордасына» арнайы барып, тәу етіп, «жарықтық хандарымыздың басқан ізі, отырған орнын көрген біздерде енді арман жоқ» деп көздеріне жас алып, ағынан жарылған еді. Бұл да киелі төр, үш жүздің басын қосқан Ұлытаудың – жер бетіне тарыдай шашылған барша қазақтың түп қазығының да осында екендігінің белгісі.  Ұлытаудың орны да, жөні де бөлек екенін Елбасымыз 2014 жылдың 25 тамызында Жезқазғанға келіп, тек осы өңір үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін стратегиялық жағынан алғанда өте маңызды «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол магистральдарының тұсауын кесуге келгенде, Қазақ елінің рухани орталықтарының бірі – қасиетті Ұлытау жеріне арнайы ат басын бұрып, кең дала төсінде, Ұлытаудың төрінде отырып, сұхбат беріп, «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар», – деп қазақтың арғы-бергі тарихы, тілі, діні, ділі, әдебиеті, мәдениеті, экономикасы мен болашағы жайлы ұлағатты әңгіме айтып тағы да растады. Сол темір жолдың маңызы жайлы ойды одан әрі қаузасақ, Ұлытау ауданындағы «Ұлытау – қазақтардың ежелгі астанасы» деп аталатын туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру серпін алып, Ұлытауды қызықтайтын саяхатшылар саны артуы тиіс. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының көлемі 147 мың гектар жерді алып жатыр, бұл орасан зор аумақ. Осында 750-ден астам құнды тарихи және мәдени ескерткіштер бар болса, ал енді осы уақытқа дейін мемлекеттік қорғауға алынбаған жәдігерлер саны одан да көп. Олардың барлығы да есепке алынуы тиіс. Мұны жақын келешекте шешу – Ұлытаулық азаматтарға сын.  Елбасының Ұлытаудағы сұхбатында айтылған келелі пікірлерге еліміздің зиялы қауым өкілдері үн қосып, өз пікірлерін білдірді. Сондай жиындардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында өтіп, оған еліміздің жетекші академиктері мен корреспондент-мүшелері қатысқан еді. Сол жиында сөйлеген, Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов Елбасына Ұлытауға жасаған қамқорлығына шын жүректен алғыс айта келе, былай деген еді: «Менің бүкіл өмірім Ұлытаумен байланысты, қайда қызмет істесем де, туған жерімнен жырақтаған емеспін. Ұлытаудың бүкіл тарихы да көз алдымда. Егер қазақ жерін ортасынан тігінен және көлденеңінен қос сызық тартар болсаңыз, тура соның түйіскен жерінде Ұлытау орналасқан. Бұл өзі қазақ жерінің кіндігі. Он мыңнан астам ғана адам тұратын Ұлытау ауданының жер көлемі екі жарым миллионнан астам халық тұратын Оңтүстік Қазақстан облысынан үлкен. Ал енді осындай киелі өлкенің қазынасы кеңес заманында асқан озбырлықпен, жабайылықпен тоналды. Кішігірім кен орындарының жанынан әуелі вахталық поселок салынды, кейін ол жерге халық келіп қоныстанды, ал кен таусылғанда солардың басым көпшілігі қаңырап бос қалды. Қазіргі Жезқазғанның орнында бір кездері Кеңгір деген кент орналасқан. Ол әйгілі Степлагтың астанасы еді. Дәл осы Степлагта 50-жылдары 30 мыңға жуық тұтқын, көбінесе саяси тұтқындар болған. Байқайсыз ба, осыдан 70 жыл бұрын Ұлытау жерінде қазіргі Ұлытау ауданы халқынан саны үш есеге жуық көп тұтқын ұсталған. Олар ең қиын жұмыстарға жегілді... Пайдалы қазбалар көрдің үстінен де, астынан да ешбір технологиялық, экономикалық талаптар сақталмастан қазып алынды. Кені таусылған орындар ашық-шашық күйінде тастап кетілді. Міне, Ұлытаудың қазынасы осылайша аяусыз тоналды» («Егемен Қазақстан», 23 қазан 2014 жыл).  Атақты академик айтып отырған кеңестік биліктің кезінде де, оның алдында Ресей патшалығының қол астында отырғанда да отар елді сорып, пайда табуды көксеуі, қазыналы кең даланың сарқылмас кен байлығының дәмін татуға ұмтылуы заңды құбылыс. Ұлытау өңірінде Үкімет, Қарағанды облыстық, Жезқазған қалалық, әрине Ұлытау аудандық әкімдіктері, «Қазақмыс» корпорациясы тізе қосып шешетін, ерекше назар аударуды қажет ететін тарихи ескерткіштер аз емес. Мәселен, Қумола өзенінің бойындағы, кезінде академик Қ.Сәтбаевтың геологтарына бағдар болған «Үш ағаш» атанған биік саңның төбесіне орнатылған Бұланты шайқасының ержүрек батырларының бірі Аманғұл бабаға, оның ұрпақтары орнатқан Ескерткіш-Тасбелгі елдік деңгейге жеткізіліп, Бағаналы, Кетбұға сынды тарихи тұлғалардың есімдері, бетіне Күлтегінше күлтелі жыр жолдары қашалып жазылған ғажайып стеллаға ұқсас еңселі ескерткіш болып шыққан. Ол ұлы қазақ даласын сыйлаған қазақтың ұлы тұлғаларына тағзым етіп келіп тұратын қасиетті орынға айналдыруға әбден лайық. Сондай-ақ, Жезді қалашығы түбіндегі әйгілі Құттымбет батырдың мазары, Талдысайдағы жәдігерлер, Жездідегі тау-кен мұражайы, тағы да басқа толып жатқан нысандар ерекше назарда ұсталғаны абзал. Қазіргі таңда Ұлытау ауданының тізгінін қазақ руханиятының білгір жанашыры, ақын, өлке тарихын жетік білетін Әнуар Серікбайұлы Омардың ұстауы біздің үмітімізді үкілей түседі. Біз тарихи жерлеріміздің тағдырын кешенді зерттеп, ештеңені бүркелемей, шынайы деректерді көрсетуіміз керек.   Аға ұрпақ өкілдері XX ғасырдағы қазақ даласын қанға бөктірген қызыл империяның тарихын оқып, соған имандай сеніп, оған балаларын да ұйытып, өсіргені рас. Қазан төңкерісіне дейінгі қыруар тұнып тұрған тарих бар екені назарға алынбады. Кеңес дәуірінің әдебиеті де, мәдениеті де, өнері де таптық көзқарасты күштеп таңып, адамдарды бірдей, біркелкі ойлануға мәжбүрледі. Пікір саналуандығына төзбестік ахуал жасалды. Тек бертінде, әсіресе, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап, өткенімізді түгендеп, саралап, жинай бастадық. Тарихқа жаңаша көзқарас енді ғана қалыптасып келеді. Отаршылдық саясаты әбден құрсаулап тастаған сананы бостан ету оңайлыққа түспей жатыр. Бізге қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай секілді халықтың ұлттық санасын жоғары көтерген ең көрнекті қазақ зиялыларының XX ғасырдың басында қолға алған ағартушылық ісін XXI ғасырда да жаңа серпінмен жалғастыру артық емес. Ал бұл үшін тарихшылар, қоғам қайраткерлері, тіпті еліміздің әрбір саналы, білімді азаматы үлес қосуы керек. Ұлттық санамыз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіріп, аманаттау –  борышымыз.  Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу» деген екен. Ендеше, ежелгі атауы Ертағы, кейінірек Ұлытау аталған ұлы өңірдің тарихы да кең-байтақ Қазақстан тарихының қасиетті бір бөлшегі ретінде еліміздің игілігіне қызмет жасаса игі. Осылайша, кешегіміз бен келешегіміздің екі ортасын көктей ойлап, елеп-екшер болсақ, бар-жоғымызды түгендеп, қарыз бен парызымызды таразыға тартар тұста қамсыз отырып, қапы қалмас үшін туған топырақ түлектері біздер, бірінші кезекте не істей алар едік деген сауал алдыңды өне бойы орап тұруы тиіс. Бізге Елбасының маңызды жобаларының бірі «Туған жерді» жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдырып, халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулу үшін тер төгуімізге, ата-бабаларымыз аңсаған, қанын да жанын да аямаған, бүгінгі таңда қол жеткізген ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғап, сақтап, нығайта беруге күш-жігер жұмсауымызға тура келеді. 
 

Сәбит БАЙДАЛЫ

журналист, алаштанушы,

Жезқазған қаласының  Құрметті азаматы 

           Толығырақ - "Егемен Қазақстан газеті"


Видео

12 қыркүйек 2017
А.Перуашев: Төл дыбыстардың сол қалпында сақталуына мән беру керек

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс