«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Баспасөз жарияланымдар

12 қаңтар 2018

ЖАҢА БИІКТЕРГЕ БАСТАЙТЫН ЖАҢА САПА



               Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, 
 «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Онда Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауындағы басым бағыттардың маңызы мен мәні кеңінен сөз болды.

Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін атап өтті. Қазақстандық индустрияны, агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық секторға жаңа технологияларды енгізу Елбасы ұсынған елді дамытудың негізгі векторы болып саналатыны да айтылды. Мұхтар Құл-Мұхаммед атап өткендей, мұның барлығы Қазақстанның жаңа әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуы үшін қажет.

– Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
 «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының айтуынша, Президент дәстүрге сай биыл да әлеуметтік даму мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, адам капиталын қазақстандық жаңғырудың жүйелі үштағанының негізі ретінде белгіледі. Яғни, жүйелі білім, сапалы әрі қолжетімді медицина және халықты өнімді жұмыспен қамту азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеретін маңызды тетіктер екені айтылды. Сонымен қатар отырыс барысында Мемлекет басшысының Жолдауда «Рухани жаңғыруға» арнайы көңіл бөлгені, оның келешекте де жалғасатын басым бағыт болып қалатыны сөз болып, ұлттың әлеуетін арттыруда бұл игі бастаманың берері мол екеніне назар аударылды. Аталған іс-шараға елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Өз кезегінде Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Елбасының қаржы секторын тұрақтандыру туралы тапсырмасын ерекше атап өтті. «Осы салаға қатысты алтыншы басым бағытта Мемлекет басшысы банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтауды тапсырды. Бұл – өте маңызды қадам» деді А.Перуашев. Биылғы Жолдауды «100 нақты қадам», үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Рухани жаңғыру» сияқты ауқымды бағдарламаларда көрсетілген бағыттардың жалғасы деп қарайтынын айтқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым адами капитал мәселесін тілге тиек етті. Өз сөзінде ол: «Заман өзгерген соң біз де өзгеруіміз керек. Адами капиталды қалыптастыру – ең негізгі межеміз. Сол арқылы жаңа білім мен кәсіпті игеріп, санада да, қоғамда да айтулы өзгерістер жасап, алпауыт елдер санатына қосылуға болады.  Бұл – қазіргі күннің аксиомасы», – деді. Иә, қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік рухани мәселелердің көбіне Елбасының Жолдауында нақты жауап берілген. Бұл Жолдаудың мәні, ерекшелігі халқымыздың әлеуметтік мәселелерін жетілдіру мен адам капиталын дамыту мәселелерінің терең, мұқият қарастырылуында екені де анық. Өйткені Мемлекет басшысы бұл жолы әлеуметтік бағытқа аса ерекше мән беріп, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіру сияқты бүкіл қоғамның қолдауына ие болған маңызды міндеттерді тапсырды. Отырыста сөз алған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Оралбай Әбдікәрімов жемқорлықпен күрестің күшейе түсетініне көпшіліктің назарын аударды. Оның сөзіне қарағанда, Елбасы бұл саланы жіті қадағалап, ұдайы басты назарында ұстап келеді. Әлеуметтік желіде белсенді азамат, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Тәңірберген Бердоңғар IT-технология мен оның мүмкіндіктерін сөз етті. «Елбасымыз Жолдауда бұл саланы дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әлемдегі қазіргі ахуалға зер салар болсақ, ақпараттық технологияның мүмкіндігі орасан. Сондықтан оны дамытып қана қоймай, тиімді пайдалана білуіміз керек» дейді Т.Бердоңғар. Іс-шараны қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа Жолдауды ешбір әсірелеусіз Қазақстан үшін биылғы жылдың басты құжаты деп атады. Өйткені онда еліміздің саяси, экономикалық және рухани дамуындағы басым бағыттар түсінікті әрі нақты көрсетілген.

– Елбасы Жолдауы еліміздің барша азаматтарын ортақ мүддеге біріктіреді. Сондықтан биылғы тарихи құжаттың мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде барша Коалиция мүшелерін белсенділік танытуға шақырамын, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл отырыстың Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыруда барша қазақстандықтардың күш біріктіруіне септігін тигізетініне сенім білдірді. Іс-шара қорытындысы бойынша Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжа­тын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

– Ұлттық банктің жұмысы, оның тарапынан еліміздегі қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң әрі уақытылы және нәтижелі болуы керектігі Жолдауда нақты айтылған. Сондай-ақ Елбасы инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы аса маңызды екенін де назардан тыс қалдырған жоқ. Соған орай Президент: «Бұл – «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс», – деп қаржы саласындағы алдағы жұмыстың нақты бағыт-бағдарын айқындап берді. Біз, ақжолдықтар, Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының фракциясы арқылы еліміздегі қаржы саласының жетілдіруге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Сондықтан Жолдауда айтылған басым бағыттардың маңызы мен мәнін халыққа түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысатынымызды жеткізгім келеді.

Бауыржан БӨРІБЕК, «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары:

– Қазақстанның тарихын, мәдениетін, дәстүрін дәріптейтін партия ретінде біз Жолдаудағы 10 басым бағытты толығымен қолдаймыз. Өйткені «Бірлік» партиясы бұл Жолдауды өткен жылы жарияланған Қазақстанның үшінші жаңғыруы стратегиялық бағдарламасының жалғасы деп қабылдады. Бірінші міндетте Елбасы индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы керектігін айтты. Бұл өндірістің барлық саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлу керектігін меңзейді. Сондықтан Жолдауда осы мәселе жиі көтерілген. Қазіргі таңда нарықтың ең жедел өсіп келе жатқан сегменті ретінде мұнай емес, осы IT-өнімдер аталады. Тіпті кейбір елдерде аталған өнімдердің экспорты негізгі табыста жетекші рөлге ие бола бастады. Өз кезегінде Қазақстанға да бұл салада жетістіктерге жетуге барлық мүмкіндік бар. Себебі, біздің жастарымыз білімді және бізде қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жасақталған. Сондықтан бұл салада табысқа жетуге мол мүмкіндік бар.

 

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын жаңа Жолдауды дағдарыс мәселелерін шешетін нақты тетік деп есептейміз. Себебі, жетістіктің басты факторы минералды ресурстар емес, адам екені баршаға белгілі. Сондықтан әрқайсысымыз Елбасы Жолдауын талқылап, оның басым бағыттарын жүзеге асыруға, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Осы ретте Федерацияның Орталық аппараты ортамерзімді кезеңге арналған Кәсіподақтар федерациясын жаңғыртуға бағытталған «Жол картасын» дайындауда. Бұл кәсіподақтардың қазіргі кездегі стратегиясы мен тактикасын айқындайтын маңызды құжат болмақ. Өйткені әлеуметтік еңбек қатынасының өзектілігі, жұмыс орындарын сақтау мәселелерінің жедел шешілуі, еңбектің тиімді қорғалуы, жалақының уақытылы төленуі және өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары қазіргі заманның басты трендтері.

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

– Елбасымыз биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қатысты нақты міндеттерді айқындап берді. Осыған орай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жоспар бойынша жұмыс істейтін болады. Біз бұған дейін де айтарлықтай жұмыстар атқардық. Мәселен, бұрын мемлекеттен субсидия алғысы келген кәсіпкерлер 32 құжат жинап, әуре-сарсаңға түсетін. Кәсіпкерлер бізге осы мәселені айтып, жиі шағымданады. Сондықтан алдағы уақытта цифрландыру аясында аталған түйткілді бір ғана өтініш жазу арқылы шешетін тетікті іске қосамыз. Сондай-ақ ауылдағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мәселесі де өте өзекті. Осы орайда өзіміздің «Бизнес-Бастау» деген бағдарламаны қолға алып, Үкіметтің қолдауымен өткен жылы 80 ауданда 15 мың адамды оқыттық. Соның 8 мыңы бизнес жоспарын қорғап шықса, 3 мыңнан астамы бүгінде өз ісін ашып, жұмыс істеп отыр. Екі жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен «Ұлы дала» атты кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған байқауды қолға алдық. Биылдан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай байқау жеңімпаздарына нақты қолдау көрсетілетін болады.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ президенті:

– Бүгінде еліміз бойынша Елбасымыздың Жолдауы қызу талқылануда. Осы ретте халықтың белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Жолдаудағы жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы айтылған тоғызыншы міндетке назар аударуды жөн көріп отырмын. Бұл басым бағытта жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жұмыстары жалғаса беретіні нақты айтылған. Сондықтан еліміздегі барлық мекеме, ұйым және ұжым бұл дертке қарсы тұрып, «бір жеңнен қол шығарып» әрекет етуі тиіс. Өз кезегімізде біздің қозғалыс осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, әрекет ететін болады. Өткен жылдың қараша айында Парламентке ұсыныс жасап, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы бойынша парламенттік тыңдау өткізуді ұсындық. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін нақты не істеу керектігін айқындап берген құжат. Сондықтан барша қазақстандықтар алдымен өздерінің жарқын өмірлері үшін осы құжаттағы басымдықтарды жүзеге асыруға мүдделі болуы керек.

 

Марат ӘУБӘКІРОВ, Қазақстан коммунистік халық партиясы Астана қалалық филиалының бірінші хатшысы:

– Қазақстан коммунистері Елбасы Жолдауын елімізді қарқынды дамуына жол ашатын маңызды құжат деп есептейді. Осыған орай Жолдаудағы басым бағыттардың мәнін халыққа түсіндіруде партиямыздың Мәжілістегі фракциясының мүшелері өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізуде. Осы ретте биылғы Жолдауда Елбасымыз ауыл шаруашылығын одан ары жетілдіру ісіне айрықша маңыз беріп, «ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың нақты міндеттерін айқындап бергенін атап өткен жөн. Соған орай Қазақстан коммунистері Президенттің Жолдауда айтқан басым бағыттарын ауылдық жерде жүзеге асыруды ұсынады. Біз Жолдауды талқылау және оны халыққа түсіндіру жұмыстарына белсене қатыса отырып, барлық демократиялық күштерді және барша қазақстандықтарды елімізді жарқын болашаққа бастайтын Елбасымыздың барлық реформасын қолдауға шақырамыз.

Толымбек ҒАБДІЛ-ӘШІМОВ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауында елімізді әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосатын басым бағыттар көрсетілген. Осы ретте «Ауыл» партиясы алдағы уақытта Мемлекет басшысы анықтап берген осы басым бағыттарды жүзеге асыру жолында жұмыс істейтінін жеткізгім келеді. Соның ішінде үшінші бағытта айтылған ауыл шаруашылығын «ақылды технологиялар» арқылы дамыту мәселесі біздің ерекше қызығушылығымызды тудырды. Өйткені Елбасы Жолдауда айтқандай, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. «Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет», – деп Мемлекет басшысы осы саладағы нақты міндеттерді атап көрсетті. Жолдауда айтылған бұдан басқа да мақсаттар мен межелерді табысты іске асыруға «Ауыл» партиясы қашанда дайын.

Анатолий БАШМАКОВ,  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:

– Елбасы Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған басым міндеттер айқындалған. Сондықтан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауды осыған дейінгі барлық мемлекеттік бағдарламалардың заңды жалғасы деп айтуға толық негізі бар. Ел дамуының бағыт-бағдарын анықтаған құжаттағы міндеттер мерзімінен бұрын орындалады деп сенім білдіремін. Бұл тұрғыда біздің тәжірибеміз мол. Ол үшін ЕХРО – 2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін сәтті өткізуімізді айтсақ та жеткілікті.

 Жолдаумен толық танысып шықтым. Барлық бағыттың да ел дамуында алар орны ерекше. Соның ішінде өзіме адами капитал жөнінде айтылған жетінші бағыт айрықша әсер етті. Осы бөлімде мәдениет, руханият, идеология мәселелері айтылған. Бұл басым бағыттардың барлығын жүзеге асыру үшін барша қазақстандықтар бірігіп, әрекет етуі керек. Сонда ғана біз – Елбасы айқындаған биіктерді бағындыратын боламыз.

Тәңірберген БЕРДОҢҒАР, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:– Елбасының биылғы Жолдауы Қазақстанның ақпараттық қоғамының жаңа кезеңіне аяқ басқанын білдіреді. Соның негізінде көптеген дамыған елдерде басымдыққа ие болған цифрлы экономика жасақталады. Бұл қолдауға тұрарлық бастама. Өйткені бүгінде барлық инновация IT-технологиямен тығыз байланысты. Сондықтан да Жолдауда өміріміздегі көптеген саланы цифрландыруға ерекше мән берілген. Қазірдің өзінде елімізде цифрлық революция басталып кетті десек, артық айтқандық емес.

 Бүгінде ақпараттық технология азаматтарды біріктіріп, қоғамды шоғырландыратын мүмкіндікке ие. Тіпті әлеуметтік желілерді атом энергиясымен салыстыруға болады. Сол себепті де Елбасы бұл саланы дер кезінде қолға алып, тиімді пайдаланудың тетіктерін ұсынып отыр. Барлық бастама жүзеге асыруға болатын дүниелер. Сондықтан Қазақстанның азаматтық альянсы бұл міндеттерді қолдап қана қоймай, жүзеге асыруға күш жұмсайтын болады.

Салтанат РАХЫМБЕКОВА, «Жасыл экономика үшін коалициясы және G-Global бастамасын дамыту» ЗТБ Басқарма төрағасы:

– Жолдаудағы Елбасы алдымызға қойған екінші міндет ресурстық әлеуетті одан ары дамытуға бағытталған. Себебі, ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болмақ. Осы тұрғыда Қазақстан – көпке үлгі боларлық мемлекет. Біз ЕХРО – 2017 көрмесін өткізу арқылы барша әлемге «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсеттік. Бұл бағытты жүзеге асыруда қайта жаңғыратын энергия көздерін жетілдірудің маңызы зор. Елбасы барша қазақстандықтар алдына 2030 жылға қарай Қазақстандағы балама энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойып отыр. Жолдауда бұдан басқа да басымдықтар айқындалып, нақты міндеттер қойылды. Қазақстандағы «жасыл экономиканы» насихаттап жүрген жетекші ұйым ретінде біз Елбасының барлық бастамасын қолдап, олардың іске асуына мүдделі екенімізді жеткіземіз.

Aikyn.kz


Видео

23 шілде 2018
"Хабар - 24". 20. 07. 2018 г. Было ли нарушение? Выступление Азата Перуашева, депутата Мажилиса Парламента РК на IV Съезде участников СЭЗ

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс