«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Сөйлеген сөздер

11 сәуір 2018

Азат Перуашевтің ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы бойынша Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген сөзі

2018 жылғы 11 сәуір

 

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті әріптестер!

 

Көптеген жылдар бойы «Ақ жол» фракциясы офшорсыздану және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау мәселелерін ұдайы көтеріп келеді. Біз қатарынан үш рет Үкімет пен Ұлттық Банкті «Ұлттық экономиканы офшорсыздану туралы» Заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізулерін сұраған болатынбыз.

           

Бұл орайда, Фракция депутаттары осы мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға (атап айтқанда, 2013 жылы 3 сәуір мен 25 қыркүйекте, 2014 жылы 16 сәуірде, 2015 жылы 13 мамырда, 2016 жылы 11 мамырда, 2017 жылы  27 қыркүйек пен 6 желтоқсанда) оннан аса сауал жолдаған болатын.

Мысалы, былтырғы жылғы 27 қыркүйектегі депутаттық сауалда біз соңғы жылдары жемқорлардың Қазақстан аумағынан 100 млрд. доллардан астам қаражаттың офшорлық аймақтарға шығарғаны туралы мәліметті келтіре отырып, алдағы уақытта оларды қайтару және осындай алаяқтықтың алдын алу шараларын қабылдауды сұрағанбыз.

Сондықтан «Ақ жол» партиясы енгізілген «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заң жобасы қаржының офшорлық аймақтарға заңсыз шығарылуына да жол бермеуіне бағытталады деп сенім білдірген еді.

Атап айтқанда, бұл заң жобасында шетелдік банктік шоттар үшін банктік құпия қағидасын жоюды және шетелдік кәсіпорындарға жоғары лауазымды шенеуніктер мен ұлттық компания басшыларының қатысуына жол бермеуді қарастыруға болатын еді.

«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені осымен 6-шы жыл көтеріп келеді. Алайда, үнемі мемлекеттік органдардың бас тартуына ұшырайды. Қазір Ұлттық банк төрағасының өзі мемлекеттік органдардың банктік құпияны тым артық кеңінен ұғындырып жатқаны туралы айтып отыр. Ендеше, құр айта бермей, нақты іс жасайтын кез келді.

Оффшорлық аймақтарда құрылтайшылары мен есеп айырысу шоттары бар кəсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына тыйым салғанымыз құп болар еді. Өйткені, бұл экзотикалық атаулары бар аралдарға бюджеттік қаражаттың тікелей заңсыз шығарылуына алып келеді.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік аудит комитеті «Ақ жол» фракциясының қарашада жолдаған қос бірдей сауалында айтылған 13 облыстың жол полициясы 700 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алуда астаналық ЖШС-нің атын жамылған кипрлік бір компанияның қызметіне жүгінгенін растады.

Біз мемлекеттен қомақты қаржыны осындай схемамен шетелге шығаруға тыйым салу туралы ұсыныстар екінші оқылымға дейін арнайы жұмыс тобымен қарастырылуы керек деп есептейміз.

Бәлкім, әзірлеушілердің өздері ұсынған қадамдар біздің экономикамызды дедолларизациялауға бағытталған болғандықтан, олардың да өзектілігі кем емес шығар. Атап айтқанда, бұл шаралар резидент еместермен есеп айырысуға байланысты емес шетел валютасына, сондай-ақ валюталық-айырбастау нарығындағы ашықтықты арттыру жөніндегі шараларды қабылдауды қамтиды. Менің әріптестерім өз баяндамаларында мәлімдеген басқа да бірқатар шаралар қарастырылған. Алайда, бұл ұмтылысымыз, сөзсіз, жеткіліксіз.

Әсіресе, формалды заң бұзушылықтардың орын алуын күтпестен, банктерге әсер ету шараларын қабылдау үшін ұсынылған банктердің жағдайын жедел қадағалау, сондай-ақ формальданған тәсілден тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу бойынша Ұлттық банктің құқығын арттыру аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қарқыны әлі де әлсіз.

Ұлттық банк «дәлелді пайымдау» деп аталатын құқыққа ие бола отырып, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қылмыстық жауапқа тартуға дейін күшейте алады.

Дегенмен, осыған ұқсас шешімдері үшін сол Ұлттық банктің өз қызметкерлерінің жауаптылығын біз заң жобасынан көрген жоқпыз. Мемлекеттің кеткен шығынды өтеу жағдайы орын алғанда жекеменшік банктер алдында да, мемлекет алдында да Ұлттық банктің (дәлелді пайымдауды дұрыс қабылдамау нәтижесінде келтірілген зияны үшін) жауапкершілігін біз көрмедік.

Ақышев мырза әріптесіміз Е Никитинскаяның сұрағына жаңа ғана жаңылыс кеткен санкциялар үшін Ұлттық банк жауапты болады деп жауап берді. Бірақ шешімді нақты адамдар қабылдайды емес пе, ендеше, дәл сол тұлға жеке өзі дербес жауап беруі тиіс. Алайда, Ұлттық Банк шенеуніктерінің жеке жауапкершілігіне қатысты заң жобасында кез келген қабылданған шешімдерге иммунитет қарастырылған.

Сонымен бірге, Ұлттық Банктің келтірген залалды жекеменшік банктің төлем қабілетсіздігіне тап болғанда және егер ол таратылған кезде кеткен шығын міндеттемелерден асып кеткен жағдайда ғана өтейді деп болжанған.

Көпшілікке түсінікті, қарапайым тілмен айтқанда, тек егер екінші деңгейлі банк банкротқа ұшыраса, және де шағымның орнын толтыруға оның активері жетпеген жағдайда ғана жекеменшік банктердің Ұлттық банкке қандайда бір талап қою құқығына ие болады. Тіпті, активтері жетіп тұрғанның өзінде – реттеуші органның қызметкерлері кесірінен борышқа белшесінен батса да екінші деңгейдегі банктер оларға ешқандай қарсылық білдіре алмайды.

Біздің фракция, түптеп келгенде, қаржы секторына төнген қауіп-қатерлерді әуел бастан анықтап, оған жол бермеуге қабілетті «дәлелді пайымдаулар» дегенді енгізуге қарсылық білдірмейді.

Дегенмен, банктік бизнестің табиғатын ескеру қажет. Бұл жерде нақты қаржылық жай-күйі емес, іскерлік беделі мен тұтынушылардың сенімі басты рөл атқарады.

Консерватизмнің нарықтың осы секторының айрықша бір сипаты болуы да кездейсоқтық емес. Мұнда кез-келген тың, жаңашылдықтарға аса сыни көзқараспен қарайды.

Іс жүзінде Ұлттық Банктің екінші деңгейдегі банктердің іс-әрекеттері мен лицензияларын кез-келген шектеулері дереу банктен салымдарын қайтарып алу, депозиттердің кейін шегерілуі, инвесторлар арасында үрей тудыру, тіпті жағдайы тұрақты банк банкротқа ұшырауы мүмкін және кем дегенде бұл жекеменшік банк пен банк жүйесіне де елеулі экономикалық залал келтіруі әбден ықтимал.

Өкінішке орай, біздің ел мұндай да тәжірибені бастан кешірген.

Ұлттық Банк осы тәуекелдерді түсінеді ме, оның қызметкерлері және басшылығы жасаған іс-әрекеттері үшін толық және дербес жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын ба? Міне, мәселе – осында.

Менің әріптестерімнің осындай талап-арыздарына жауап беру барысында құрметті Данияр Талғатұлы Ұлттық банк қызметкерлері кез келген мемлекеттік қызметкер сияқты қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Бірақ кез-келген мемлекеттік қызметкердің жекеменшік банктің жұмысын тоқтатып, қаржы нарығында үрей туғыздыру қолынан келмейді.

Егер біз осындай мүмкіндікті беріп отырсақ, онда жауапкершілік те «ортақ» болмауы керек, нақты жекелеген тұлға өз басымен жауап беруге әзір болуы керек. Егер «дәлелді пайымдауларды» жауапкершілікпен шектемесек, онда ертеңгі күні ол тек оң жағынан ғана емес, теріс пиғылды ниетпен де қолданылуы мүмкін емес пе?! Мәселен, пайдакүнемдік мақсатта кінәратсыз, бірқалыпты жұмыс істеп тұрған «сау» банктерге қарсы пайдаланылуы мүмкін.

«Ақ жол» фракциясы мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзара бағыныштылық тұрғысынан емес, адал әрі сенімді серіктестік деп қарастыратын, кәсіпкерліктің мүддесін қорғайтын партия ретінде келтірілген шығынды өтеу міндеттемесін тек төлемге қабілетсіздік жағдайында яғни банкротқа ұшыраған сәтте ғана емес, тұрақты ұйымның шенеуніктері мұндай залалды негізсіз келтірген жағдайда да ағымдағы тәртіпте шығынын өтеп беруді екінші деңгейдегі банктер талап етуі керек деп есептейді.

Біздің әріптестеріміз айтып өткен тағы бір талқыланған дүниелердің бірі - Ұлттық Банктің тәуекелдерді басқару жүйесін бағалауға, жасалған ережелердің және ақпараттық қауіпсіздікті бағалауға байланысты мәселелер бойынша міндетті түрде жүзеге асырылатын «бөгде ақпарат аудиті» жаңа құралының енгізілуі.

Біз мұндай айрықша тексерістерді бірең-сараң аудиторлық компаниялар ғана жүргізе алатынын түсінуіміз керек, өйткені бүгінгі таңда Қазақстанның нарығында жоғары білікті IT-қауіпсіздік саласындағы мамандар тапшы. Тиісінше, мұндай аудитті жүргізу – банктік көрсетілетін қызмет түрлерінің өзіндік құнын жоғарылатып, сәйкесінше бағасын арттырады.

Бір сөзбен айтқанда, банктердің өзі емес, банктік қызметтерді тұтынушылар –  кәсіпкерлер мен қатардағы азаматтар өз қалтасынан төлейтін болады. Мұндай жүктеменің ауқымын түсіну үшін есеп-қисап қажет, бірақ оны біз әзірге көріп тұрған жоқпыз.

Құрметті Данияр Талғатұлы дәл осы жерде «мұндай шығындарды несиелердің құнына аударуға жол берілмейді» деп мәлімдеді.

Демек, онда шығындарды аударудың мұндай түріне тыйым салу керек. Себебі бұл мүмкін емес қой, кез-келген жағдайда өнімнің өзіндік құны оның бағасына әсер етеді, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома.

Тұтастай алғанда, «Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының «қаржы секторын қайта құру» және Ұлттық Банктің бақылау және қадағалау функцияларын күшейту қажеттілігі туралы тікелей нұсқауын ескере отырып, аталған заң жобасын қолдайды.

Сонымен бірге, сұратылып отырған өкілеттіктердің бұрын-соңды болмағанын атап өту қажет деп есептейміз. Нарықтық экономиканың орталық банктерінің халықаралық тәжірибесінде ешқандай жерде мұндай өкілеттіктер болған емес.

Негізінде, біз халықаралық банктік тәжірибенің шеңберінен осыдан бір жыл бұрын Ұлттық банктің бастамасымен стресстік активтерді басқару бойынша банктік ұйымдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат берілген кезден бастап шыққан болатынбыз. Сол сәтте біздің фракция, жайлап айтқанда, мұндай шешімдердің бірмәнді емес екенін нұсқаған еді.

Соған қарамастан, банк секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, құрметті Данияр Талғатұлы, сіздің берген уәделеріңізге осы жолы да сенім білдіруге дайынбыз. Өйткені, оны банктердің өздері мүшелік ететін Қаржыгерлер қауымдастығының өзі қолдап отыр.

Алайда, менің және әріптестерімнің сақтандыру мақсатында алдын-ала ескертіп, хабарлап отырған мәлімдемемізге құлақ асуыңызды сұрауға мәжбүрмін.

Реттеушіге бұрын-соңды болмаған өкілеттік бере отырып, біз ақыр аяғында кері, қарама-қайшы әсерге тап болмайық. Яғни, әлсіз банктерді жақсартудың орнына – еш кінәратсыз жұмыс істеп тұрған қаржылық институттарға «соққы» болып тимесін.

Ұлттық Банк бұл жерде Президенттің берген тапсырмаларын желеу етіп, оның атын жамылмай, өздері ұсынып отырған тетіктер үшін өз жауапкершілігін нақты сезініп, күллі қаржы секторының тұрақтылығына күмән тудыруы мүмкін, соның ішінде несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін жоғарылату түрінде кездесетін шығындарды немесе негізсіз санкциялардан келетін қауіп-қатерлерді қоса алғанда, өз міндеттемелерін анық белгілеп алуы тиіс.

Назарларыңызға рахмет!


Видео

23 шілде 2018
"Хабар - 24". 20. 07. 2018 г. Было ли нарушение? Выступление Азата Перуашева, депутата Мажилиса Парламента РК на IV Съезде участников СЭЗ

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс