«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Баспасөз жарияланымдар

29 қараша 2018

Бізде бабаларымыздың генетикалық күші бар - Азат Перуашев – «Егемен Қазақстан» газеті

28.11.2018.

«Егемен Қазақстан» газеті

Автор: Азат ПЕРУАШЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты

Ұлттық ұстанымы бар адам үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы нағыз жаңалық болды.

             

Ұлттық ұстанымы бар адам үшін Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы нағыз жаңалық болды.

Замандастарымыздың ғана емес, аға ұрпақтың да ұғымында өзіміздің ұлттық тарихымызды тек қайғылы жағынан есте сақтап, оны қазақ халқының бастан кешкен бітпейтін қасіреті мен трагедиялық оқиғалары деп қабылдап жүр.

Бұл қайғы-қасірет қазақтың басына түскен шарасыз тағдыры дегендей пікір қалыптастырды.

Расында, мұндай көзқарасқа түрткі болған тарихи оқиғалар да жеткілікті: геноцидтік сипатқа ие болған алапат ашаршылық, жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан-шұбырынды заманы,

30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының азаттық жолында құрбан болуы, Желтоқсан оқиғасы және 80-ші жылдардағы қазақ жастарын қудалау....

Мұндай толассыз қасіреттің мәнін ұғынған адам бәрінен бұрын халықтың аман қалуын ойлайды. Мүмкін, сол себептен болар, біз әлі күнге дейін ұлттық тарихымызды бітіспейтін күрес деп түсінеміз, ал ұлттық ұстанымды – тығырықтан, бітпейтін апаттардан құтылудың бір жолы деп қабылдаймыз. Прогресс, жаңа технологиялар, ашық дүниемен қатынасу – бұлардың бәрін азап шегудің тарихи концепциясы аясында кейінге шегеріп, ығыстырып тастадық.

Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи позитивизм немесе тарихты жағымды жағынан тану тұрғысынан өткеннің жаңа беймәлім тұсын көрсетіп берді.

Мен және менің көптеген әріптестерім үшін мұндай көзқарас – тосыннан көтерілген маңызды бастама. Бiрақ Елбасымыз әрбір сөзді мысалдармен дәлелдеп, нақты деректерге сүйене отырып, толық ашылмаған дүниелерді ғылыми тұрғыдан зерттеуге шақырып отыр.

Бір қарағанда, мақаладағы кейбiр нәрселер бұрыннан белгiлi сияқты, бірақ оларды кәсіби тарихшылар емес, Нұрсұлтан Әбішұлы ғана бiр жүйеге біріктіріп, осындай бағытта қарастыруды ұсынды. Мәселен, атқа мiну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы баршамызға әбден танымал, көзіміз де қолымыз да үйренген, бұрыннан келе жатқан тұрмыстың бір элементі. Бүгінде шаруашылықта жылқыларды пайдалану кейде тіпті бейне бір ескірген архаизмге ұқсайды.

Дегенмен, шын мәнінде Елбасымыз көрсеткендей, XIX ғасырда бу қозғалтқышын енгізгенге, яғни өнеркәсіп революциясына дейiн ең дамыған елдерде ауыл шаруашылығында да, тұрмыста да, өндірісте де бас өндірістік күш болған – дәл сол жылқы еді. Егер жылқыларды пайдалану сан мыңдаған жылдарға ұласса, ендеше оны ауыстырған электр және іштен жанатын қозғалтқыштың дәуірі бір-екі ғасыр ғана үстемдік құрды. Тарихи тұрғыдан алғанда, адамзаттың бұрынғы шаруашылық өмірінің кемінде 90%-ы аттың күші басым қолданылғанын көрсетті.

Біле білсеңіз, атқа міну мәдениеті секілді жылқыны алғаш қолға үйрету біздің елімізден бастау алған, оған ұйытқы болған – арғы аталарымыз. 

Оның үстіне, әскери іс-қимылдарда аттарды пайдалану, атты әскерлерді құру сол кездегі технологияның дамуына қатты әсер етті. Мысалы, қару-жарақ, сауыт-сайман, берен, қалқан жасау үшін темір қаңылтырларды, шыбық, сымдарды өндіруді меңгеру қажет болды. Бұл машық-дағдыларды да әлемде тұңғыш болып біздің ежелгі ата-бабаларымыз игерген.

Елiмiзде көне металлургияның дүниежүзілік орталықтарының бірі орналасқанын және де Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстанда көне балқыту пештері табылып, олардың зерттелгенін

мектепте оқып жүрген кезден бастап жақсы бiлемiз. Алайда, біз сол кездегі заман үшін бұл таңғажайып құбылыс ретінде теңдесі жоқ, санада жарылыс тудырған технологиялық инновация болған деп еш ойламаған екенбіз.

Бұл жерде тек металдың өзін ғана шығару туралы сөз болып тұрған жоқ, содан бірегей бұйымдарды да өндірген: тек қару-жарақ, сауыт-саймандармен шектелмей, арғы аталарымыз ат әбзелдерін (жүген, ер-тоқым, үзеңгіні қоса алғанда), тұрмыстық құралдарды, зергерлік бұйымдарды жасады.

Ғылыми дамуды зерттеуші Линн Уайттың айтуынша, үзеңгіні шығару – өз кезінде адамзаттың тағдырына автокөлік немесе ұшақ шығарған техникалық революциямен бірдей ықпал еткен жаңалық еді.

Айтпақшы, зергерлік бұйымдар туралы айтсам – тек қана утилитарлық заттарға ғана шырғаланып қалмай, қазақ халқы әдет-ғұрыптық мағынаға толы жоғары өнерге де назар аударып, шеберліктерін паш еткен. Қазақстан территориясында б.з.д. V-VI ғасырларда жасалған зергерлік бұйымдардың деңгейіне өзге елдер жүздеген жылдар өткеннен кейін ғана қол жеткізді. Ал өнердің өркендеуі – этностың рухани дамуының көрсеткіші мен материалдық көрінісі емес пе?!

Қалалық инфрақұрылымның деңгейі, ол – бір бөлек әңгіме. Көшпелі өркениеттермен қатар арғықазақтар (яғни кейінгі заманда қазақ халқын құрастырған түрік тайпалары) көптеген дамыған қалашықтар және кәдімгі қалаларды салған. Қала құрылысы жаппай орын алған және сол кездегі заман үшін ерекше қолайлы, ыңғайлы болған. 90-жылдардың басында мен өзімнің аға досым әрі тарихшы Қуандық Қақылбаевпен бірге АН-24-те жайбарақат Алматыдан Талдықорғанға ұштық. Сонда, жоғары биіктіктен ол маған жиырмадан астам ескі қаланың орнын көрсеткен болатын. Сол бір ғана маршруттың бойынан осынша көнерген қала жұрнағына куә болдым!

Балалық шағымыздан бері Тараз, Қойлық, Отырар, Сауран, Сығанақ сынды ежелгi қалаларді білеміз. Астана маңында орналасқан Бозоқ қаласының табылғанына да көп болған жоқ. Бұл қалалардан мыңдаған жылдар  бойы Ұлы Жібек жолы өтті, Батыс пен Шығыс  түйісті, дүнетаным, мәдениет пен технологиялар өзара байланысқа түсті. Дәл біздің қазақтың ата-бабалары өз заманының ең озық дүниелері құйылып, қорытылып шыққан бұл өркениет ошағының ұстаушысы, кепілгері мен қамқоршысы болған.

Сол кезде ата-аналарымызбен немесе сыныптастарымызбен бірге қираған көне қалалардың орнына барып, аралап көрдік, ежелгі ыдыстын сынықтарын қолмен ұстап, жебелердің ұштарын тердік. Сонда көне су арналарының, кәріз жүйесінің, моншалардың iздерiн өз көзімізбен көрдік. Ал неге түрік қалаларының инфрақұрылымын сол дәуірдегі еуропалық қалалардың жағдайымен салыстырып көруді ойламадық? Еуропада су құбыры мен моншаның өзі сирек кездесетін, ал кәріз жүйесі тіптен орындалмас арман еді оларға.

Мақаланы қайта айтып берудің еш мәні жоқ, бірақ алған әсеріме сүйенсем, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің назарын аударған, ал біз бұрын көзге ілмей, мән бермеген дүниеге қайта қарап, пайымдауға тура келді. Және бұл өткенді саралау, салыстыру ұлттық рух пен абыройымызды асқақтатты. Сөйтсе, біздің тарих тек қанды шайқаспен келген жеңістерімен ғана емес, ашықтығымен, ақыл-парасатының, ой-өрісінің биіктігімен, жалпы адамзаттық цивилизацияның қарыштауына ықпал еткен жаңалықтарымен, шаруашылық салты және тұрмыс сапасымен де даңқты екенін түсіндік.

Мен ойлаймын, аталмыш құжаттың түпкілікті мәні – тарихта емес, оның замандастарымыз бен болашақ ұрпаққа қалай әсер етіп, қандай серпіліс берерінде болып тұр. Қазiргi есіктері әлемге айқара ашық жаһандану заманында қазақ жастары, кеңінен алсақ – барша қазақстандықтар бөтен біреуге жалтақтамай, батыл түрде әрекет етіп, өсіп-өне алады. Себебі, олардың бойында – тарих пен өркениетті дүниені өзгерткен ата-бабалардың генетикалық күші бар, қаны тулап жатыр.

Өскелең ұрпақ өзінің түп тамырына, табиғи болмысына күмән келтірмей, икемдiлігіне, жаңалық ашуға қабілетті екеніне сенімді болып, бұрын соңды ешкiм ойлап таппағанды жасауға қауқарлы екеніне шүбә келтірмеуі қажет. Керісінше, новаторлық, яғни жаңашылдыққа деген бейімділік, батылдық пен көшбасшылық олардың ұлттық кодында бар. Бұл – Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырған аманаты.

Бұрын ұлттық ұстанымы бар адамдардың атына айтылған ксенофобия, негативизм, қазақтың трагедиясына зарлаушысы деген сынды жиі еститінмін. Алайда Президенттің мақаласы күн тәртібіндегі ұлттық тақырыпты түбегейлі өзгертеді: бұдан былай ұлттық мүддені көздеушілер, менің түсінігімде – прогресшіл, жасампаз, ашықтыққа жаны құштар және инновацияға қабілетті тұлға екенін дәлелдейді.

«Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде ғажап түрде негізделіп, айшықталған тарихи позитивизим – Қазақстанның келешек ұрпағы үшін берік діңгек, олардың жарқын жеңістері мен жаңалықтарына жол көрсететін Темірқазығы!

Дереккөз: https://egemen.kz

 


Видео

29 қараша 2018
28.11.2018. Берік Дүйсембинов. «Ақ жол» фракциясы қазақ елінің адамзат өркениетіне қосқан үлесін зерделеуге арналған жыл сайынғы жалпыұлттық байқауын ұйымдастыруды ұсынды

Жаңалықтар мұрағаты

2011

2012

2013

2014

2015

2016

янв

фев

мар

апр

май

июн

июл

авг

сен

окт

ноя

дек

Пн

Вт

Ср

Чт

Пт

Сб

Вс