«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты

Партия бағдарламасынан

 

ҚАДІРЛІ ОТАНДАСТАР! 
 
Елімізде кезекті сайлау науқаны жүріп жатыр. Көптеген партиялар ақыры Сізді де еске алды. Олар міндетті түрде Сізбен кездесіп, мол жақсылық жасаймыз деп уәдені үйіп-төгеді. Мұның бәрі 19-қыркүйекке дейін ғана созылмақ.

Әзірге бұл – құр уәде.

Елдің ой-пікірі тек сайлау алдында ғана емес, үнемі ескерілуі тиіс.

Өзіңізді толғандырып жүрген көп мәселеге жауапты осы тұғырнамамыздан таба аласыз деп сенеміз.

 

ЖЕТІСАУАЛБІРЖАУАП

Әрбір қазақстандықтың жақсы өмір сүруге, еліміздің күш-қуатына, әр азаматтың қабілеті мен ұмтылысына сәйкес өмір сүруіне құқы бар.

Биліктің міндеті – әр адамның жақсы өмір сүруіне жағдай жасау.

Біздің халық – дарынды халық. Қазақстанның табиғи байлығы орасан зор. Реформаның қиын-қыстау кезеңінде төзімділік көрсеткен Қазақстан халқы қазір де өз игілігі үшін тер төгіп еңбек етуде.

Неге көпшілік қиындық көріп, халқымыздың үштен бірі кедейшілікте отыр?

Неге экономиканың сандық көрсеткіштері өскенімен бай мен кедейдің арасындағы алшақтық азаймай, керісінше ұлғайып келеді?

Неге мұнай мен газ, мыс пен хром т.б табиғи байлықтарды сатудан түсетін пайда әділ бөлінбей, алпауыттар мен шенеуніктердің үркердей тобын ғана байытуы тиіс?

Неге сыбайлас жемқорлық ел қауіпсіздігі үшін қатерлі деңгейге жетіп, билік үшін қалыпты жайтқа айналуда?

Неге өз отбасын заңды табыспен асырап, жаңа жұмыс орындарын құрғысы келетін азаматтардың талпыныстары қанағатсыз билік пен оның жауапсыз өкілдерінің алдында шарасыз?

Неге заңдар орындалмайды?

Неге билік бұл мәселелерді шеше алмай отыр?

Міне, осы сұрақтарға жауап бере алатын және оларды келешекте шеше алатын мүмкіндігіне сенімді «АҚ ЖОЛ» партиясы сайлаушыларға қоғам өмірінің әлеуметтік, экономикалық, саяси негіздерін жақсарту бағытындағы нақтылы іс-шаралардан тұратын осы тұғырнаманы ұсынады.

Біздің мақсатымыз – ашық саяси жүйе құру, экономиканың бірыңғай шикізаттық бағытын өзгерту, қоғамдағы әлеуметтік алшақтық деңгейін екі есе азайту.

Үстіміздегі жылдың 19-қыркүйегінде өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауындағы біздің жеңісіміз бұл Тұғырнаманы жаңа Үкімет жұмысының бағдарламасына айналдырды.

 

 

ХАЛЫҚ БИЛІГІ

Билікті халыққашынайықызмет етуге мәжбүрлеудің жалғыз тәсілі – оның тағдырының халық еркіне тәуелділігі екеніне біз сенімдіміз. Басқа жағдайда ол сыбайластықпен тиімді күресе алмайды, ұлттық байлықты әділ бөліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік бере алмайды, мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алмайды.

 

Сондықтан саяси жүйені, яғни биліктің жаңаруы мен жұмыс істеу ережелерін, оның өзара байланысы мен қоғамға есеп беру тетіктерін одан әрі жетілдіру қажет.

"АҚ ЖОЛ" партиясы 2005 жылы атқарылуы тиіс төмендегідей іс-шараларды қамтитын Саяси реформалардың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі және оның келешекте қабылдануына қол жеткізеді, ол:

- Әкімдерді сайлау;

- Мемлекеттік басқару жүйесіндегі қаржы көздері мен өкілеттіктерін аймақтарға бере отырып мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру;

- Үкіметтің қызметі мен құрылымын бақылаудағы Парламент рөлі мен өкілеттілігін көтеру, Сенат депутаттарын азаматтардың тікелей сайлауын жүзеге асыру, Мәжіліс депутаттарының тең жартысын партиялық тізім бойынша сайлау;

- электронды дауыс беруді тоқтату, азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылмауына жауаптылықты арттыру және әділ саяси бәсекеге жағдай жасау;

- журналистерді қорғау, БАҚ нарығын монополиясыздандыру және қоғамдық телеарна құрумен қоса, сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығының толыққанды жүзеге асырылуына жағдай жасау;

- судьяларды сайлау, тәуелсіз әділсот жүйесін құру, алқа билерінің қылмыстық сот өндірісіне қатысуына қол жеткізу, "Адам құқықтары жөніндегі уәкілеттілік туралы" заң қабылдау.

Жоғарыда баяндалған шараларды іске асыру, яғни азаматтық қоғамды дамыту, саяси өмірді демократияландыру – сыбайлас жемқорлықты жоюдың алғышарттары болып табылады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресте барлық азаматтардың табысы мен меншігін (активін) жариялауын міндеттейтін, жоғары лауазымды адамдардың бизнес өкілдерімен хаттамасыз кездесуіне тыйым салуын көздейтін экономикалық және әкімшілік шаралар қабылданатын болады.

 

ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Отандық экономиканың тұрақтылығын нығайту мен бәсекелестік қабілетін көтеру арқылы сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында төмендегідей нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.

2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап ел аумағындағы қазба байлықтарды сатудан түсетін мемлекеттік табыстарды Қазақстан азаматтарына тікелей және теңдей етіп үлестірудің “АҚ ЖОЛ” партиясы дайындаған жүйесі енгізіледі, мұның басты ұстанымдары мына мәселелерге негізделеді:

- табиғи рента сипатындағы шикізат секторы кәсіпорындары салықтарының 75%-ы тоқсан сайын ел азаматтарының жеке шоттарына тікелей аударылады. Бұл түсімдердің жастарға арналған бөлігі олар кәмелетке толғанша жинақталатын болады;

- жоғарыда көрсетілген салықтардың 25%-ы келешек ұрпақ үшін тек қана жинақ қоры қызметін атқаруы тиіс Ұлттық Қорға түседі. Ұлттық Қордың активтерінің жартысы Қазақстанның инфрақұрылымы мен адам ресурстарын дамытуға жұмсалатын болады.

- мемлекеттік бюджетке шикізат секторы кәсіпорындарынан алынатын салықтардың тек қолданыстағыкапиталмен (негізгі құралдармен) және еңбекпен тікелей байланысты бөлігі ғана түседі.

Партия әзірлеген орта мерзімді салық-бюджет саясаты шеңберінде салық мөлшерін айтарлықтай төмендету және бәсекелестікті қорғауды күшейту, рұқсаттық жүйе (лицензиялар, сертификаттар және т.б.) мен тексеріс тәртібін жеңілдету арқылы инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалды түбегейлі жақсарту ісі қамтамасыз етіледі;

Шағын кәсіпкерлік мүддесін құқықтық қорғау қызметі – шағын кәсіпкерлік адвокатурасы құрылмақ, ал қаржы институттары арқылы бюджет қаржысынан осы секторға бөлінетін төмен пайызды ұзақ мерзімді несиелердің көлемі - 2005 жылы 10 млрд теңгеге көбейіп, 2008 жылы 50 млрд теңгеге ұлғаяды.

Бәсекелестікті күшейту және тұтынушыларға арналған бағаларды төмендету мақсатында табиғи монополияларды қайта құрылымдауды аяқтауды; экономиканың перспективалы секторларына, әсіресе, жоғары технологиялы өндірістерге бірлескен даму схемаларын (мемлекет + жеке кәсіпкерлік) енгізуді қамтитын белсенді мемлекеттік өнеркәсіп саясаты жүргізіле бастайды.

Қазақстандық нарық ахуалын ескере отырып, ДСҰ-ға (Дүниежүзілік сауда ұйымына) кірер алдында табиғи монополиялар қызметіне қатысты бірыңғай тарифтер мен ортақ ұстанымдарға келуі тиіс БЭК (Біртұтас экономикалық кеңістік) шеңберінде нақтылы кедендік одақ құру туралы қажетті шаралар қабылданады.

2005-тен 2008 жылға дейінгі кезеңде мамандарды кәсіби даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын қаржыландыру үш есе арттырылады, көлік жүйесін (автомобиль жолдары және теміржолдар, порттар және әуежайлар) дамытуды мемлекеттік қаржыландыру екі есе ұлғаяды, ұлттық ақпараттық инфрақұрылым құрылады. 

Табысы орта деңгейлі отбасыларға арналған нарықтық тұрғын жайдың қолжеткізілімдігін жақсарту мақсатында ұзақ мерзімді ипотекалық несие жүйесі жеңілдетіледі, жер телімдерін міндетті конкурс арқылы беру және құрылыс мекемелері арасындағы бәсекелестікті күшейту негізінде жаңа, арзан тұрғын жай ұсыну түбегейлі артады;

Мемлекеттік экономикалық ресурстарды басқаруды жақсарту мақсатында:

- сандық көрсеткіштерге емес, сапалы экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге жетудің тиімді жолдарын жасауға бағытталған бюджеттік жоспарлау жүйесі енгізілді;

- мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендерлік комиссияның құрамына кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестігі өкілдерін міндетті түрде қосу қамтамасыз етілді;

- халықаралық стандарттарға қол жеткізу жауапкершілігін арттыра отырып, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар жетекшілерін конкурспен жұмысқа алу арқылы ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға бақылау жүргізу күшейтіледі. 

"Жер қойнаулары және жер қойнауын пайдалану туралы" және "Мұнай туралы" заңдарға өзгертулер енгізіледі, ол:

- Жер қойнауын пайдалану үшін жасалатын жаңа келісім шарттардың ашықтығын; табиғи қорларды пайдаланатын компания иелері туралы ақпараттың ашықтығын; 

- офшорлық аймақтарға шикізат экспорттауға тыйым салуды қамтамасыз етеді

Бұрын жасалған шикізаттық келісім-шарттарға қатысты олардың құпиялылығын алып тастау туралы келіссөздер тез арада басталады. 

Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың жүзеге асырылуы экономикалық жүйенің негізі болып табылатын орта бизнестің қалыптасуын, бейшикізаттық экономика өсімінің алға шығуын және 2008 жылдың соңына дейін бір миллион жаңа заңды жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді.

 

ЖЕР ТАҒДЫРЫ

 

Ауылды қайта түлету мақсатында төмендегідей қадамдар негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:

Жер кодексіне және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу:

- ауыл шаруашылығы пайдаланысындағы жерлерді жалға алу (субаренда) институтын 2007 жылдың 1-қаңтарына дейін ұзарту;

- шет елдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, сонымен қатар шет елдік заңды тұлғаларға елдің шекаралық аудандарындағы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ғана жалға беру;

- ауыл шаруашылығы пайдаланысындағы жерлердің базалық құндары мен түзету коэффициенттерін анықтау мен белгілеудің жаңа әдістемесін әзірлеу;

- жерге орналастыру жұмыстарының құнын төмендетуді қамтамасыз ету;

2005-2008 жылдарға арналған  «Фермерлік шаруашылықтарды дамыту туралы» мемлекеттік бағдарлама қабылдау арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға бойынша мемлекеттік қолдау көрсету шараларын ірі компанияларға (латифундияларға) емес, керісінше ұсақ және орта фермерлік шаруашылықтарға бағыттау.

Бағдарламада шаруалардың жаңа техника мен технологияларға қол жеткізуін, несиелердің арзандатылуын және оны кепілдікпен қамтамасыз ету талаптарының азайтылуын, республиканың әрбір ауданында ауылдық несие серіктестіктерін, әрбір кентінде шағын кредиттік ұйымдардың құрылуын жүзеге асыру мәселелері қарастырылған.

2004-2010 жылдар аралығында «Ауылдық жерлерді дамытудың» Мемлекеттік бағдарламасы қайта қаралады, оны қаржыландыру көлемі үш есеге өседі. Бағдарлама шеңберіндегі көлік, байланыс коммуникациясын, газбен жабдықтауды, денсаулық сақтау және білім беруді дамытудың ішкі салалық бағдарламалары ауыл тұрғындарының өмірі мен әлеуметтік жағдайларын елеулі түрде жақсартады. Бұл өз кезегінде ауылдық өңірлерді телерадио таралымдарымен, пошта және телефон байланыстарымен, сондай-ақ сапалы ауыз су, газбен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

ҮМІТ ПЕН ЫНТЫМАҚ

Жоғарыда көрсетілген саяси және экономикалық шараларды жүзеге асыру бюджет кірісі мен қарастырылған мақсаттарға арналған әлеуметтік шығыстарды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда республикалық бюджет тапшылығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорында жинақталған тұрақты бөлім есебінен жабылады.

Ел асыраушысыболып табылатын еңбек адамының құқығын қорғау – әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағытына айналады. Еңбек қорғау саласында қатаң бақылау орнатылып, кәсіподақтардың рөлі мен жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейтіледі, барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысы жоғарылатылады.

Жүктілік кезең мен балалы болуға байланысты мемлекеттік жәрдемақы беру, әрбір жаңа туған нәрестенің есепшотына Ұлттық Қор қаржысының (инвестициялық табыстың) белгілі бір бөлігін аудару, декреттік демалыстағы әйелдер үшін бюджеттен он пайыздық төлем аудару мәселелері енгізілген “АҚ ЖОЛ” партиясы жасаған «Ана мен баланы қорғау»  кешенді бағдарламасы қабылданатын болады.

Мемлекеттің жастарға қатысты негізгі міндеті - сапалы білім алу, қазіргі заманғы білімдер және технологияларға қол жеткізу мен арзан, әрі сапалы пәтерге ие болу және оқу бітіргеннен кейін лайықты жұмысқа орналасу үшін барлығына бірдей бастапқы тең мүмкіндік туғызу. Біз оқушылар мен студенттер үшін қаладағы, қала маңындағы және қала аралық көліктерде тегін жол жүру тәртібін енгіземіз. Жас өскін буынды нашақорлық пен жезөкшеліктен, күш көрсету мен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін шын мәнінде жүзеге асырылатын тұтас шаралар кешені қабылданатын болады.

Біздің ардагерлеріміз жайлы өмір сүруге әбден лайықты. Біз зейнетақы мөлшерін екі есе көтеруді жақтаймыз. Бұл ретте алатын зейнетақыларға бюджетттік және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қосымша жас мөлшеріне қарай жәрдемақы енгізіледі, “Ардагерлер туралы” Заң коммуналдық қызмет төлемдеріне өтемақы қоса отырып мемлекеттік тапсырмаларды орындау жолында өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тіккендердің барлығын қамтитын болады.

Партия әзірлеген мүгедектерге “тосқауылсыз ортаны” жасау мәселесі қаралған “Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” Мемлекеттік бағдарлама қабылданады.

Сонымен қатар біздің партия әзірлеген қосымша тегін медициналық қызмет көрсету пакетін қамтитын “Экологиялық апат аймағында тұратын азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң қабылданады.

Сапалы білімсіз болашақ жоқ. Біз тегін орта білімді, мектептердің материалдық-техникалық және кадрлық тұрғыдан нығаюын нақтылы қамтамасыз етеміз, жоғары және арнаулы орта білім талаптары мен стандарттарын көтереміз. Білім саласын жыл сайын қаржыландыруды еуропалық стандартқа сай 2008 жылы ішкі өндіріс өнімінің кемінде 5%-ына жеткіземіз.

Халықтың денсаулығы – елдің байлығы. Біз кепілді көлем шегінде нақтылы тегін медициналық қызмет көрсетуді,  алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жеткізілімдік жүйесін қалпына келтіруді, 2006 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді ұсынамыз.

2005 жылы "АҚ ЖОЛ" партиясы жасаған “Мүғалімдердің, дәрігерлердің, ғылыми қызметкерлер мен өзге де қызметкерлердің азаматтық қызметі туралы” олардың еңбекақыларын екі есе көтере отырып ерекше мәртебесі мен әлеуметтік қорғау шараларын бекітуді қарастыратын Заң қабылданатын болады.

Азаматтардың әлеуметтік қорғауға алынбаған санаттары үшін әлеуметтік (муниципалдық) тұрғын үй ұсыну қарастырылады.

Ел азаматтарының шет елдерге кетуін (қоныс аударуын) тоқтату үшін барлық жағдай жасалады. Оралмандардың оралуын жеделтету мен жергілікті жерге сіңісуі үшін нақтылы шаралар қабылданады.

 

РУХ ПЕН ПАРАСАТ

Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдени мұрасын сақтау әрі дамыту жүгін мемлекет өз мойнына алады. Бұл саясат уақытша науқанға емес, үнемі жүргізілетін жүйелі негізге құрылады.

Мынадай шаралар қабылданады:

- мәдениет пен өнерді дамытудың кемінде 10 жылға арналған ұзақ мерзімдік бағдарлама.

- ғылымға бөлінетін бюджеттік шығындарды үш есеге көбейту;

- мемлекеттік тіл мен Қазақстан халықтары тілдерін дамыту және еркін оқып-үйрену, халықтар дәстүрін сақтау үшін нақты жағдай туғызу. Осы мақсатта ел бюджетінен жыл сайын кемінде бір миллиард теңге бөлінеді.

- ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық-мәдени орталықтардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету.

Бұл бағдарламаларға керек бюджеттік қаржы секвесторға жатпайтын болады.

 

ЕЛ МЕН ЖЕР ТАЗАЛЫҒЫ 

Қазақстандық экологиялық стандарттар Европалық Одақ нормаларына сәйкестендіріледі

Қоршаған ортаға ұдайы өндірістік қалдықтар тастайтын мекемелерге ластағаны үшін салынатын айыппұл оны тазарту құрылғыларын орнатуға кететін шығындардан айтарлықтай жоғары деңгейде бекітілетін болады.

Жер қойнауын пайдаланушылар үшін қоршаған ортаны сауықтыруға арналған жинақтық шоттардағы міндетті өтемақы қорын құру енгізіледі. Жер қойнауын есепсіз пайдалануды болдырмау және табиғатқа орны толмас шығын келтірмеу мақсатында олардың іс-әрекетіне қатаң мемлекеттік бақылау орнатылады.

Біз өзге елдердің Қазақстан аумағына ядролық қалдықтар алып келіп көмуіне және атом электрстанцияларын салуға тыйым салатын заң қабылдаймыз.

 

 

БІЗ ЖӘНЕ ӘЛЕМ 

Қазақстан азаматарын және еліміздің мүддесін қорғау, қорғаныс, саяси, экономикалық және т.б. мемлекет қауіпсіздігінің стратегиялары бұлжытпай орындалуы тиіс.

Халықаралық қатынастар саласында «АҚ ЖОЛ» партиясы ең алдымен ұлттық-мемлекеттік мүддені ұстанатын дербес сыртқы саясат жүргізуді көздейді.

Еліміздің сыртқы саяси доктринасын қайтадан ой елегінен өткізген жөн және де өркениетті таңдау мен айқын геосаяси бағыт оның негізі болуға тиіс.

Тарихи болашақ пен өз мемлекеттілігімізді нығайту тұрғысынан басым таңдау еуропалық құрылымдармен сатылы интеграциялануға беріледі. Оның ішінде алғашқы қадам - Еуропалық Кеңес құрамына кіру. Бұл – ТМД елдері ішіндегі едәуір дамыған мемлекеттердің таңдап алған бағыты.

Ресей, Орталық Азия елдері және Қытай тәрізді көрші мемлекеттермен, сондай-ақ Қазақстанның дәстүрлі сыртқы саяси серіктестерімен достық қарым-қатынастарды нығайта түсу аса маңызды.

Елімізден сырт жерлерде тұратын отандастарымызды қолдауды күшейту;

Халықаралық терроршылдықпен күрес ісінде ынтымақтастыққа ниет білдірген елдермен әріптестікті күшейту, заңсыз иммиграция ағынының алдын алу үшін шекараны нығайту;

Әлемдегі жетекші әскер күштерінің қазіргі заманғы тәжірибелерін ескере отырып ҚР Қарулы Күштерін реформалау;

2008 жылдың соңына дейін әскери қызметке келісім-шартпен алуды енгізе отырып, жоғары технологиялы қару-жарақтармен жабдықталған кәсіби әскерлердің негізін қалау.

Әскер қатарындағы және запастағы әскери қызметкерлердің жалақысы көтеру және бұрынғы жеңілдіктерін қалпына келтіру;

Қорғаныс қуатын нығайту – Қазақстанның саяси және экономикалық мүдделері мен ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету.

 

 ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

Халықты жақсы өмірмен қамтамасыз етуді көздеген осы және басқа да шаралар «АҚ ЖОЛ» партиясының бағдарламасында айқын көрсетілген.

Біз - Қазақстанға шыншылдыққа, жауапкершілікке және отансүйгіштікке негізделген жаңа саясаттың қажет ететіндігіне көзіміз жетті.

Біз - әрбір адам мен барша халықтың мүддесі үшін атқарылатын игі істерді қолдаймыз!

Біз - өз халқымызды тамаша әрі бақытты өмірге сүруге лайықты деп есептейміз!

Біз - таңдаулы топтың ғана емес, жалпы халықтың лайықты өмір сүруін қалаймыз!

Біз - осындай Қазақстанды құрғымыз келеді.

Біз - осыған жетудің жолын білеміз және міндетті түрде қол жеткіземіз!

Біз - мұның барлығын сіздермен бірлесіп жасаймыз!

 АҚЖОЛ, ҚАЗАҚСТАН!