«Ақ жол» Демократиялық партиясының
ресми сайты
Сайлауалды тұғырнамалар

Жақсы өмір баршаға бүгін қажет! (2004ж.)
 

ҚАДІРЛІ ОТАНДАСТАР! 
 
Елімізде кезекті сайлау науқаны жүріп жатыр. Көптеген партиялар ақыры Сізді де еске алды. Олар міндетті түрде Сізбен кездесіп, мол жақсылық жасаймыз деп уәдені үйіп-төгеді. Мұның бәрі 19-қыркүйекке дейін ғана созылмақ.

Әзірге бұл – құр уәде.

Елдің ой-пікірі тек сайлау алдында ғана емес, үнемі ескерілуі тиіс.

Өзіңізді толғандырып жүрген көп мәселеге жауапты осы тұғырнамамыздан таба аласыз деп сенеміз.

 

ЖЕТІСАУАЛБІРЖАУАП

Әрбір қазақстандықтың жақсы өмір сүруге, еліміздің күш-қуатына, әр азаматтың қабілеті мен ұмтылысына сәйкес өмір сүруіне құқы бар.

Биліктің міндеті – әр адамның жақсы өмір сүруіне жағдай жасау.

Біздің халық – дарынды халық. Қазақстанның табиғи байлығы орасан зор. Реформаның қиын-қыстау кезеңінде төзімділік көрсеткен Қазақстан халқы қазір де өз игілігі үшін тер төгіп еңбек етуде.

Неге көпшілік қиындық көріп, халқымыздың үштен бірі кедейшілікте отыр?

Неге экономиканың сандық көрсеткіштері өскенімен бай мен кедейдің арасындағы алшақтық азаймай, керісінше ұлғайып келеді?

Неге мұнай мен газ, мыс пен хром т.б табиғи байлықтарды сатудан түсетін пайда әділ бөлінбей, алпауыттар мен шенеуніктердің үркердей тобын ғана байытуы тиіс?

Неге сыбайлас жемқорлық ел қауіпсіздігі үшін қатерлі деңгейге жетіп, билік үшін қалыпты жайтқа айналуда?

Неге өз отбасын заңды табыспен асырап, жаңа жұмыс орындарын құрғысы келетін азаматтардың талпыныстары қанағатсыз билік пен оның жауапсыз өкілдерінің алдында шарасыз?

Неге заңдар орындалмайды?

Неге билік бұл мәселелерді шеше алмай отыр?

Міне, осы сұрақтарға жауап бере алатын және оларды келешекте шеше алатын мүмкіндігіне сенімді «АҚ ЖОЛ» партиясы сайлаушыларға қоғам өмірінің әлеуметтік, экономикалық, саяси негіздерін жақсарту бағытындағы нақтылы іс-шаралардан тұратын осы тұғырнаманы ұсынады.

Біздің мақсатымыз – ашық саяси жүйе құру, экономиканың бірыңғай шикізаттық бағытын өзгерту, қоғамдағы әлеуметтік алшақтық деңгейін екі есе азайту.

Үстіміздегі жылдың 19-қыркүйегінде өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауындағы біздің жеңісіміз бұл Тұғырнаманы жаңа Үкімет жұмысының бағдарламасына айналдырды.

 

 

ХАЛЫҚ БИЛІГІ

Билікті халыққашынайықызмет етуге мәжбүрлеудің жалғыз тәсілі – оның тағдырының халық еркіне тәуелділігі екеніне біз сенімдіміз. Басқа жағдайда ол сыбайластықпен тиімді күресе алмайды, ұлттық байлықты әділ бөліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік бере алмайды, мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алмайды.

 

Сондықтан саяси жүйені, яғни биліктің жаңаруы мен жұмыс істеу ережелерін, оның өзара байланысы мен қоғамға есеп беру тетіктерін одан әрі жетілдіру қажет.

"АҚ ЖОЛ" партиясы 2005 жылы атқарылуы тиіс төмендегідей іс-шараларды қамтитын Саяси реформалардың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі және оның келешекте қабылдануына қол жеткізеді, ол:

- Әкімдерді сайлау;

- Мемлекеттік басқару жүйесіндегі қаржы көздері мен өкілеттіктерін аймақтарға бере отырып мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру;

- Үкіметтің қызметі мен құрылымын бақылаудағы Парламент рөлі мен өкілеттілігін көтеру, Сенат депутаттарын азаматтардың тікелей сайлауын жүзеге асыру, Мәжіліс депутаттарының тең жартысын партиялық тізім бойынша сайлау;

- электронды дауыс беруді тоқтату, азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылмауына жауаптылықты арттыру және әділ саяси бәсекеге жағдай жасау;

- журналистерді қорғау, БАҚ нарығын монополиясыздандыру және қоғамдық телеарна құрумен қоса, сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығының толыққанды жүзеге асырылуына жағдай жасау;

- судьяларды сайлау, тәуелсіз әділсот жүйесін құру, алқа билерінің қылмыстық сот өндірісіне қатысуына қол жеткізу, "Адам құқықтары жөніндегі уәкілеттілік туралы" заң қабылдау.

Жоғарыда баяндалған шараларды іске асыру, яғни азаматтық қоғамды дамыту, саяси өмірді демократияландыру – сыбайлас жемқорлықты жоюдың алғышарттары болып табылады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресте барлық азаматтардың табысы мен меншігін (активін) жариялауын міндеттейтін, жоғары лауазымды адамдардың бизнес өкілдерімен хаттамасыз кездесуіне тыйым салуын көздейтін экономикалық және әкімшілік шаралар қабылданатын болады.

 

ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Отандық экономиканың тұрақтылығын нығайту мен бәсекелестік қабілетін көтеру арқылы сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында төмендегідей нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.

2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап ел аумағындағы қазба байлықтарды сатудан түсетін мемлекеттік табыстарды Қазақстан азаматтарына тікелей және теңдей етіп үлестірудің “АҚ ЖОЛ” партиясы дайындаған жүйесі енгізіледі, мұның басты ұстанымдары мына мәселелерге негізделеді:

- табиғи рента сипатындағы шикізат секторы кәсіпорындары салықтарының 75%-ы тоқсан сайын ел азаматтарының жеке шоттарына тікелей аударылады. Бұл түсімдердің жастарға арналған бөлігі олар кәмелетке толғанша жинақталатын болады;

- жоғарыда көрсетілген салықтардың 25%-ы келешек ұрпақ үшін тек қана жинақ қоры қызметін атқаруы тиіс Ұлттық Қорға түседі. Ұлттық Қордың активтерінің жартысы Қазақстанның инфрақұрылымы мен адам ресурстарын дамытуға жұмсалатын болады.

- мемлекеттік бюджетке шикізат секторы кәсіпорындарынан алынатын салықтардың тек қолданыстағыкапиталмен (негізгі құралдармен) және еңбекпен тікелей байланысты бөлігі ғана түседі.

Партия әзірлеген орта мерзімді салық-бюджет саясаты шеңберінде салық мөлшерін айтарлықтай төмендету және бәсекелестікті қорғауды күшейту, рұқсаттық жүйе (лицензиялар, сертификаттар және т.б.) мен тексеріс тәртібін жеңілдету арқылы инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалды түбегейлі жақсарту ісі қамтамасыз етіледі;

Шағын кәсіпкерлік мүддесін құқықтық қорғау қызметі – шағын кәсіпкерлік адвокатурасы құрылмақ, ал қаржы институттары арқылы бюджет қаржысынан осы секторға бөлінетін төмен пайызды ұзақ мерзімді несиелердің көлемі - 2005 жылы 10 млрд теңгеге көбейіп, 2008 жылы 50 млрд теңгеге ұлғаяды.

Бәсекелестікті күшейту және тұтынушыларға арналған бағаларды төмендету мақсатында табиғи монополияларды қайта құрылымдауды аяқтауды; экономиканың перспективалы секторларына, әсіресе, жоғары технологиялы өндірістерге бірлескен даму схемаларын (мемлекет + жеке кәсіпкерлік) енгізуді қамтитын белсенді мемлекеттік өнеркәсіп саясаты жүргізіле бастайды.

Қазақстандық нарық ахуалын ескере отырып, ДСҰ-ға (Дүниежүзілік сауда ұйымына) кірер алдында табиғи монополиялар қызметіне қатысты бірыңғай тарифтер мен ортақ ұстанымдарға келуі тиіс БЭК (Біртұтас экономикалық кеңістік) шеңберінде нақтылы кедендік одақ құру туралы қажетті шаралар қабылданады.

2005-тен 2008 жылға дейінгі кезеңде мамандарды кәсіби даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын қаржыландыру үш есе арттырылады, көлік жүйесін (автомобиль жолдары және теміржолдар, порттар және әуежайлар) дамытуды мемлекеттік қаржыландыру екі есе ұлғаяды, ұлттық ақпараттық инфрақұрылым құрылады. 

Табысы орта деңгейлі отбасыларға арналған нарықтық тұрғын жайдың қолжеткізілімдігін жақсарту мақсатында ұзақ мерзімді ипотекалық несие жүйесі жеңілдетіледі, жер телімдерін міндетті конкурс арқылы беру және құрылыс мекемелері арасындағы бәсекелестікті күшейту негізінде жаңа, арзан тұрғын жай ұсыну түбегейлі артады;

Мемлекеттік экономикалық ресурстарды басқаруды жақсарту мақсатында:

- сандық көрсеткіштерге емес, сапалы экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге жетудің тиімді жолдарын жасауға бағытталған бюджеттік жоспарлау жүйесі енгізілді;

- мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендерлік комиссияның құрамына кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестігі өкілдерін міндетті түрде қосу қамтамасыз етілді;

- халықаралық стандарттарға қол жеткізу жауапкершілігін арттыра отырып, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар жетекшілерін конкурспен жұмысқа алу арқылы ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға бақылау жүргізу күшейтіледі. 

"Жер қойнаулары және жер қойнауын пайдалану туралы" және "Мұнай туралы" заңдарға өзгертулер енгізіледі, ол:

- Жер қойнауын пайдалану үшін жасалатын жаңа келісім шарттардың ашықтығын; табиғи қорларды пайдаланатын компания иелері туралы ақпараттың ашықтығын; 

- офшорлық аймақтарға шикізат экспорттауға тыйым салуды қамтамасыз етеді

Бұрын жасалған шикізаттық келісім-шарттарға қатысты олардың құпиялылығын алып тастау туралы келіссөздер тез арада басталады. 

Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың жүзеге асырылуы экономикалық жүйенің негізі болып табылатын орта бизнестің қалыптасуын, бейшикізаттық экономика өсімінің алға шығуын және 2008 жылдың соңына дейін бір миллион жаңа заңды жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді.

 

ЖЕР ТАҒДЫРЫ

 

Ауылды қайта түлету мақсатында төмендегідей қадамдар негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:

Жер кодексіне және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу:

- ауыл шаруашылығы пайдаланысындағы жерлерді жалға алу (субаренда) институтын 2007 жылдың 1-қаңтарына дейін ұзарту;

- шет елдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, сонымен қатар шет елдік заңды тұлғаларға елдің шекаралық аудандарындағы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ғана жалға беру;

- ауыл шаруашылығы пайдаланысындағы жерлердің базалық құндары мен түзету коэффициенттерін анықтау мен белгілеудің жаңа әдістемесін әзірлеу;

- жерге орналастыру жұмыстарының құнын төмендетуді қамтамасыз ету;

2005-2008 жылдарға арналған  «Фермерлік шаруашылықтарды дамыту туралы» мемлекеттік бағдарлама қабылдау арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға бойынша мемлекеттік қолдау көрсету шараларын ірі компанияларға (латифундияларға) емес, керісінше ұсақ және орта фермерлік шаруашылықтарға бағыттау.

Бағдарламада шаруалардың жаңа техника мен технологияларға қол жеткізуін, несиелердің арзандатылуын және оны кепілдікпен қамтамасыз ету талаптарының азайтылуын, республиканың әрбір ауданында ауылдық несие серіктестіктерін, әрбір кентінде шағын кредиттік ұйымдардың құрылуын жүзеге асыру мәселелері қарастырылған.

2004-2010 жылдар аралығында «Ауылдық жерлерді дамытудың» Мемлекеттік бағдарламасы қайта қаралады, оны қаржыландыру көлемі үш есеге өседі. Бағдарлама шеңберіндегі көлік, байланыс коммуникациясын, газбен жабдықтауды, денсаулық сақтау және білім беруді дамытудың ішкі салалық бағдарламалары ауыл тұрғындарының өмірі мен әлеуметтік жағдайларын елеулі түрде жақсартады. Бұл өз кезегінде ауылдық өңірлерді телерадио таралымдарымен, пошта және телефон байланыстарымен, сондай-ақ сапалы ауыз су, газбен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

ҮМІТ ПЕН ЫНТЫМАҚ

Жоғарыда көрсетілген саяси және экономикалық шараларды жүзеге асыру бюджет кірісі мен қарастырылған мақсаттарға арналған әлеуметтік шығыстарды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда республикалық бюджет тапшылығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорында жинақталған тұрақты бөлім есебінен жабылады.

Ел асыраушысыболып табылатын еңбек адамының құқығын қорғау – әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағытына айналады. Еңбек қорғау саласында қатаң бақылау орнатылып, кәсіподақтардың рөлі мен жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейтіледі, барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысы жоғарылатылады.

Жүктілік кезең мен балалы болуға байланысты мемлекеттік жәрдемақы беру, әрбір жаңа туған нәрестенің есепшотына Ұлттық Қор қаржысының (инвестициялық табыстың) белгілі бір бөлігін аудару, декреттік демалыстағы әйелдер үшін бюджеттен он пайыздық төлем аудару мәселелері енгізілген “АҚ ЖОЛ” партиясы жасаған «Ана мен баланы қорғау»  кешенді бағдарламасы қабылданатын болады.

Мемлекеттің жастарға қатысты негізгі міндеті - сапалы білім алу, қазіргі заманғы білімдер және технологияларға қол жеткізу мен арзан, әрі сапалы пәтерге ие болу және оқу бітіргеннен кейін лайықты жұмысқа орналасу үшін барлығына бірдей бастапқы тең мүмкіндік туғызу. Біз оқушылар мен студенттер үшін қаладағы, қала маңындағы және қала аралық көліктерде тегін жол жүру тәртібін енгіземіз. Жас өскін буынды нашақорлық пен жезөкшеліктен, күш көрсету мен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін шын мәнінде жүзеге асырылатын тұтас шаралар кешені қабылданатын болады.

Біздің ардагерлеріміз жайлы өмір сүруге әбден лайықты. Біз зейнетақы мөлшерін екі есе көтеруді жақтаймыз. Бұл ретте алатын зейнетақыларға бюджетттік және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қосымша жас мөлшеріне қарай жәрдемақы енгізіледі, “Ардагерлер туралы” Заң коммуналдық қызмет төлемдеріне өтемақы қоса отырып мемлекеттік тапсырмаларды орындау жолында өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тіккендердің барлығын қамтитын болады.

Партия әзірлеген мүгедектерге “тосқауылсыз ортаны” жасау мәселесі қаралған “Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” Мемлекеттік бағдарлама қабылданады.

Сонымен қатар біздің партия әзірлеген қосымша тегін медициналық қызмет көрсету пакетін қамтитын “Экологиялық апат аймағында тұратын азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң қабылданады.

Сапалы білімсіз болашақ жоқ. Біз тегін орта білімді, мектептердің материалдық-техникалық және кадрлық тұрғыдан нығаюын нақтылы қамтамасыз етеміз, жоғары және арнаулы орта білім талаптары мен стандарттарын көтереміз. Білім саласын жыл сайын қаржыландыруды еуропалық стандартқа сай 2008 жылы ішкі өндіріс өнімінің кемінде 5%-ына жеткіземіз.

Халықтың денсаулығы – елдің байлығы. Біз кепілді көлем шегінде нақтылы тегін медициналық қызмет көрсетуді,  алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жеткізілімдік жүйесін қалпына келтіруді, 2006 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді ұсынамыз.

2005 жылы "АҚ ЖОЛ" партиясы жасаған “Мүғалімдердің, дәрігерлердің, ғылыми қызметкерлер мен өзге де қызметкерлердің азаматтық қызметі туралы” олардың еңбекақыларын екі есе көтере отырып ерекше мәртебесі мен әлеуметтік қорғау шараларын бекітуді қарастыратын Заң қабылданатын болады.

Азаматтардың әлеуметтік қорғауға алынбаған санаттары үшін әлеуметтік (муниципалдық) тұрғын үй ұсыну қарастырылады.

Ел азаматтарының шет елдерге кетуін (қоныс аударуын) тоқтату үшін барлық жағдай жасалады. Оралмандардың оралуын жеделтету мен жергілікті жерге сіңісуі үшін нақтылы шаралар қабылданады.

 

РУХ ПЕН ПАРАСАТ

Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдени мұрасын сақтау әрі дамыту жүгін мемлекет өз мойнына алады. Бұл саясат уақытша науқанға емес, үнемі жүргізілетін жүйелі негізге құрылады.

Мынадай шаралар қабылданады:

- мәдениет пен өнерді дамытудың кемінде 10 жылға арналған ұзақ мерзімдік бағдарлама.

- ғылымға бөлінетін бюджеттік шығындарды үш есеге көбейту;

- мемлекеттік тіл мен Қазақстан халықтары тілдерін дамыту және еркін оқып-үйрену, халықтар дәстүрін сақтау үшін нақты жағдай туғызу. Осы мақсатта ел бюджетінен жыл сайын кемінде бір миллиард теңге бөлінеді.

- ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық-мәдени орталықтардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету.

Бұл бағдарламаларға керек бюджеттік қаржы секвесторға жатпайтын болады.

 

ЕЛ МЕН ЖЕР ТАЗАЛЫҒЫ 

Қазақстандық экологиялық стандарттар Европалық Одақ нормаларына сәйкестендіріледі

Қоршаған ортаға ұдайы өндірістік қалдықтар тастайтын мекемелерге ластағаны үшін салынатын айыппұл оны тазарту құрылғыларын орнатуға кететін шығындардан айтарлықтай жоғары деңгейде бекітілетін болады.

Жер қойнауын пайдаланушылар үшін қоршаған ортаны сауықтыруға арналған жинақтық шоттардағы міндетті өтемақы қорын құру енгізіледі. Жер қойнауын есепсіз пайдалануды болдырмау және табиғатқа орны толмас шығын келтірмеу мақсатында олардың іс-әрекетіне қатаң мемлекеттік бақылау орнатылады.

Біз өзге елдердің Қазақстан аумағына ядролық қалдықтар алып келіп көмуіне және атом электрстанцияларын салуға тыйым салатын заң қабылдаймыз.

 

 

БІЗ ЖӘНЕ ӘЛЕМ 

Қазақстан азаматарын және еліміздің мүддесін қорғау, қорғаныс, саяси, экономикалық және т.б. мемлекет қауіпсіздігінің стратегиялары бұлжытпай орындалуы тиіс.

Халықаралық қатынастар саласында «АҚ ЖОЛ» партиясы ең алдымен ұлттық-мемлекеттік мүддені ұстанатын дербес сыртқы саясат жүргізуді көздейді.

Еліміздің сыртқы саяси доктринасын қайтадан ой елегінен өткізген жөн және де өркениетті таңдау мен айқын геосаяси бағыт оның негізі болуға тиіс.

Тарихи болашақ пен өз мемлекеттілігімізді нығайту тұрғысынан басым таңдау еуропалық құрылымдармен сатылы интеграциялануға беріледі. Оның ішінде алғашқы қадам - Еуропалық Кеңес құрамына кіру. Бұл – ТМД елдері ішіндегі едәуір дамыған мемлекеттердің таңдап алған бағыты.

Ресей, Орталық Азия елдері және Қытай тәрізді көрші мемлекеттермен, сондай-ақ Қазақстанның дәстүрлі сыртқы саяси серіктестерімен достық қарым-қатынастарды нығайта түсу аса маңызды.

Елімізден сырт жерлерде тұратын отандастарымызды қолдауды күшейту;

Халықаралық терроршылдықпен күрес ісінде ынтымақтастыққа ниет білдірген елдермен әріптестікті күшейту, заңсыз иммиграция ағынының алдын алу үшін шекараны нығайту;

Әлемдегі жетекші әскер күштерінің қазіргі заманғы тәжірибелерін ескере отырып ҚР Қарулы Күштерін реформалау;

2008 жылдың соңына дейін әскери қызметке келісім-шартпен алуды енгізе отырып, жоғары технологиялы қару-жарақтармен жабдықталған кәсіби әскерлердің негізін қалау.

Әскер қатарындағы және запастағы әскери қызметкерлердің жалақысы көтеру және бұрынғы жеңілдіктерін қалпына келтіру;

Қорғаныс қуатын нығайту – Қазақстанның саяси және экономикалық мүдделері мен ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету.

 

 ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

Халықты жақсы өмірмен қамтамасыз етуді көздеген осы және басқа да шаралар «АҚ ЖОЛ» партиясының бағдарламасында айқын көрсетілген.

Біз - Қазақстанға шыншылдыққа, жауапкершілікке және отансүйгіштікке негізделген жаңа саясаттың қажет ететіндігіне көзіміз жетті.

Біз - әрбір адам мен барша халықтың мүддесі үшін атқарылатын игі істерді қолдаймыз!

Біз - өз халқымызды тамаша әрі бақытты өмірге сүруге лайықты деп есептейміз!

Біз - таңдаулы топтың ғана емес, жалпы халықтың лайықты өмір сүруін қалаймыз!

Біз - осындай Қазақстанды құрғымыз келеді.

Біз - осыған жетудің жолын білеміз және міндетті түрде қол жеткіземіз!

Біз - мұның барлығын сіздермен бірлесіп жасаймыз!

 АҚЖОЛ, ҚАЗАҚСТАН!
 

 

Партия бағдарламасынан

 

            Қымбатты отандастар!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Тұрақты нарықтық экономика орнықтырылды, ауқымды әлеуметтік бағдарламалар іске асырылуда. Тиімді мемлекеттік институттар құрылды, азаматтық қоғам дамып келеді. Қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Егемен Қазақстан жаһандық дүниеде лайықты орнын алды.  

Жас мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның қалыптасуы мен дамуының куәсі әрі тікелей қатысушысы болуымыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді.

Сонымен бірге қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұр. Сондықтан Қазақстан атқарылған істермен мақтанып қана қоймай, қатардағы азаматтардың өмірін жақсарту жолында үнемі жұмыс істеп, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тірішілігінің барлық салаларында жаңа көзқарастар іздеуі қажет.  

Басқа сөзбен айтқанда, бізге жақсылыққа қарай тұрақты әрі қарышты өзгерістер қажет.

Бұл әрбір қазақстандыққа өз отбасының және өз елінің игілігі үшін өз қабілеті мен әлеуетін іске асыруына жаңа мүмкіндіктер ашатын өзгерістер!

Бұл бәрімізді және әрқайсымызды өз қадір-қасиетімізге жеткізетін өзгерістер!

Бұл пәрменді энергиямен қуаттандыратын және жаңа жетістіктерге өрлететін өзгерістер!

«АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы прогресшіл өзгерістердің қолдаушысы болды және солай болып қала береді, оларды іс жүзіне асыруға әрқашан дайын.

Біздің партиямыз ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі болып табылады. Ол қазақ қоғамын біртіндеп өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өзінің мақсаты етіп қойды.

Бұл қозғалыстың негізгі құндылығы – либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең құқықтылығы – біздің де ұстанған бағдарымыз осы.

«Дүниені өзгерткің келсе - өзіңнен баста» деген принципті басшылыққа алып, «АҚ ЖОЛ» партиясы өз қызметінің ұйымдық, кадрлық, идеологиялық, интеллектуалдық негізін түбегейлі жаңартуды жүзеге асырды және өз дамуының сапалық жаңа деңгейіне көтерілді.

Бүгін біздің партия бүкіл қоғам үшін кең ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі өзінің нақты іс-әрекеттерінің бағдарламасын ұсынады.

«АҚ ЖОЛ» партиясы қазақстандықтарға не ұсынады?

Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, бүгінгі таңда мемлекет алдында бірқатар маңызды және кейінге қалдыруға болмайтын міндеттер тұр, оларды жалпы қоғамның және әрбір қазақстандықтың мүддесі үшін шешу қажет деп есептейді.   

Бұл орайда жүрер жолымызды таңдау бір бағытта тұйықталып қалмай, оның балама нұсқалары болғаны өте маңызды. Таңдаудың жоқтығы – стагнацияға жол. Баламаны салыстырып, таразылау ғана шын мәнінде ең жақсы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Тек идеялар жарысы ғана жеке адамның дауысын есітуге және оның пікірін бағалауға мүмкіндік береді.

Біз үшін тек көпшіліктің позициясы ғана емес, әрбір адамның жеке пікірі де маңызды.

Бұл тұрақты дамуды және проблемаға сыни көзқарасты қамтамасыз етеді, даңғойлықтың және жайбарақаттықтың алдын алады, тек ағымдағы мәселелерді ғана шешуге емес, неғұрлым асқақ және өзекті мақсаттар қоюға көмектеседі.

Қазақстан қоғамының саяси мәдениеті өркениетті оппозицияны қалыптастыру үшін пісіп жетілді.

Біздің мақсатымыз билік партиясына оппозиция болу, бірақ қоғамды жікке бөлу емес, барлық дұрыс ойлайтын адамдарды біріктіру; қоғамның іргесін шайқалту емес, демократиялық конституциялық құрылысты нығайту;

«АҚ ЖОЛ» партиясы озбырлыққа, тәкаппарлыққа, жүгенсіздікке және шектен шығушылыққа әрдайым оппозиция болды және солай болып қала береді. Біз әрбір қарапайым қазақстандықтың жеке қадір-қасиетін,  құқықтары мен заңды мүдделерін барлық мемлекеттік органдар және кез келген деңгейдегі олардың басшылары тарапынан құрметтеуді талап етеміз.

Осы мақсаттардың бәрін Президент Н.Ә.Назарбаев жариялап, мемлекеттік органдардың оны орындауына қол жеткізіп келе жатқанын біз білеміз. «АҚ ЖОЛ» партиясы өзін-өзі даярлаған, өз елін сүйетін және өз Президентін бағалайтын, бірақ сыбайлас жемқорлықпен, селқос шенеуніктердің әділетсіздігімен және парламенттік мінберде бір партияның монополиясымен келіскісі келмейтін адамдар тарапынан Мемлекет басшысына жан-жақты көмек көрсететін болады. 

Біз Президентке өз дауысын естірткісі келетіндердің атынан және қызметі жөнінен емес, көзқарасы жөнінен патриот әрі мемлекетшіл адамдардың атынан жәрдемдесетін боламыз. 

«АҚ ЖОЛ» партиясы парламентаризмнің демократиялық институттары арқылы әрбір қазақстандықтың және әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру сапасын тұрақты және қарқынды арттыруға қол жеткізу үшін осы сайлауға түсіп отыр.

Біз Парламентке өтіп, алдағы бес жылда он басым міндетті шешу үшін жұмыс істейтін боламыз.

1. ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ, ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ

Халықтың табысын арттыру, барынша мүмкін болатын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мемлекеттің аса маңызды міндеті болып табылады.

Осыған байланысты біз мынаны ұсынамыз: 

 • Мемлекет ақы төлейтін қоғамдық жұмыстар практикасын кеңейту.

 • Жеке меншік кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі қызметін мемлекет тарапынан ынталандыруды қамтамасыз ету.

 • Жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру стандарттарын қазіргі заманғы экономика талаптарына жақындату жөніндегі қажетті шараларды қолдану.

 • Мемлекеттік жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітірушілерін мемлекет қатысатын кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруды мемлекетке заңнамалық тұрғыда міндеттеу.

 • Шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны еңбек нарығындағы жағдайға сәйкес келтіру, тиісті мамандықтар бойынша және қажетті көлемде, қазақстандық мамандардың даярлануына қарай бұл квоталарды қысқарта отырып, мемлекеттік міндетті гранттарды енгізу.

 • «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған» халыққа заңдық мәртебе беру, азаматтардың осы санатын мемлекеттік қорғау шараларын, олардың құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерін айқындау.

 Еңбек жағдайын жақсарту және кез келген меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлеріне әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында біз мыналарға қол жеткізуге ұмтыламыз:

 • Тұтыну себеті құнының өсуіне сәйкес ең төменгі жалақының көлемін жүйелі түрде арттыру.

 • Бюджет саласы қызметкерлерінің, мұғалімдерді, дәрігерлерді, ғылым және мәдениет қызметкерлерін қоса алғанда, нақты еңбек ақысын коммерциялық ұйымдардағы жалақы деңгейіне дейін жүйелі түрде арттыру. 

 • Шет ел капиталы қатыстырылатын ұйымдар мен кәсіпорындарда қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбек ақысын теңестіру.

 • Жұмыс берушілердің өздерінің жұмыскерлеріне қатысты әлеуметтік жауапкершілігін: 

 - жұмыс берушінің жұмыскерлерді оқытуға жұмсаған шығындарын мемлекет есебінен субсидиялауды енгізуді;

 - кәсіпорындардың қайырымдылыққа бағытталған шығыстарына салық салу кезінде шегерімге жатқызылатын нормаларды 3%-дан 10%-ға дейін ұлғайтуды қоса алғанда, мемлекет тарапынан ынталандыру.

 Әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында «АҚ ЖОЛ» партиясы мыналар қажет деп есептейді:

 • әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін халықаралық стандарттарға сәйкес өңірлік саралау арқылы ең төменгі күнкөріс деңгейі негізінде есептеу;

 • ең төменгі күнкөріс деңгейінің нақты шамасын ескере отырып, кедейліктің таралуының ауқымы мен тереңдігін айқындап, оны жою жөнінде нақты шаралар әзірлеу;

 • халықты әлеуметтік қорғау және оның тұрмысының жалпы деңгейін арттыру жүйесін одан әрі реформалаудың ұзақ мерзімдік бағдарламасын қабылдау;

 • елдің ішкі жалпы өнімінде (ІЖӨ) әлеуметтік төлемдерге шығыстар үлесін жыл сайын ұлғайту.

 • Жаңа туған балалар үшін жинақтау жүйесін (болашақ қоры) құру, ол үшін жаңа туған баланың жеке өз есебіне: 

 - мемлекеттің – республиканың ұлттық қорының инвестициялық кірісінің қаражаты есебінен;

 - жұмыс берушілердің – кәсіпорындар қызметкерлері балаларының жеке шотына олар 16 жасқа толғанға дейін ерікті аударымдары есебінен (бұл орайда жұмыс берушілердің тарапынан төлем жасауды мемлекеттік субсидиялауды қарастыру) қаражат аударуын көздеу.

 • атаулы әлеуметтік көмекті есептеген кезде, балаларына жәрдемақы алатындардың табысына есептелмеуге тиіс;

 • баланы күтіп-бағу жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны, ол үш жасқа толғанға дейін, ең төменгі жалақы мөлшерінде төлеу; 

 • республикалық бюджеттен жүктілігі және бала тууы бойынша және үш жасқа дейін баласын күтіп-бағу бойынша демалыста отырған әйелдердің жинақтаушы зейнетақылық шотына қаражат аудару;

 • көп балалы отбасылардың балаларының әрқайсысына ең төменгі күнкөріс мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы (ӘМЖ) белгілеу;

 • ана мен (әке мен) баланы қорғау жөнінде нормативтік құқықтық акт қабылдау;

 • мүгедектер, зейнеткерлер көп балалы аналар үшін көлік, тұрғын үй-коммуналдық, медициналық және өзге де қызметтердің құнын қамтитын тегін әлеуметтік топтаманы ұлғайту.

 • Мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету, ол үшін:

 - мүгедектерге арнап ашылған жұмыс орындарын мемлекеттік субсидиялауды енгізу;

 - мүгедектік мәртебесін алу және қайта куәландыру рәсімін оңтайландыру;

 - барлық топтағы мүгедектерге төлемдерді, нақты ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасынан бастап ұлғайту;

 - тиісті ауруларға дәрі сатып алу үшін әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақыға үстеме белгілеу;

 - мүмкіндігі шектеулі адамдарға олардың еркін жүріп-тұруы және қоғамға еркін кірігуі үшін жағдай жасау (пандустар, тұтқалар, лифттер, автобустар, вагондар және т.б.);

 - зейнеткерлік жасқа жеткен кезде төлемді таңдау практикасын жойып, зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да төлеу;

 - протездерді жөндеу және жасау жөніндегі кәсіпорындарды барлық облыс орталықтарында ашуды қамтамасыз етіп, оларды мемлекеттік субсидиялауды енгізу.

 • шығындардың жалпы сомасындағы тұрғын үй-коммуналдық қызметке шығындардың іс жүзінде қалыптасқан арақатынасын және ең төменгі тұтыну құнын негізге алып, атаулы тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу әдісін қайта қарау;

 • жасына қарай берілетін базалық жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейі нақты шамасының 60%-ы мөлшерінде белгілеу;

 • «Ардагерлер туралы» заң қабылдау.

 Жинақтаушы зейнетақы қорлары тарапынан халықтың еңбекпен жинаған қаражатына мұқият көзқарасты орнықтыру және олардың қызметінде тәртіп орнату, ол үшін:

 • әкімшілік шығыстар бабын және ЖЗҚ қызметкерлерінің еңбек ақы қорын тек қана инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырып, бұл мақсатқа зейнетақы жинақтарын пайдалануға тыйым салу;

 • ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықтың зейнетақы жинағының нақты жағдайына мониторинг жүргізу және оны болжау жауапкершілігін күшейту;

 • зейнетақы шотына белгілі бір арақатынаста ерікті жарналарға сайма-сай сома аудару жолымен ерікті зейнетақы жарналарына мемлекеттік ынталандыру енгізу;

 • жұмыс істейтін зейнеткерлердің жалақысынан 5% мөлшерінде табыс салығын ұстау мөлшерлемесін белгілеу;

 • азаматтық қызметшілердің, сондай-ақ жеке секторда жұмыс істейтін мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлерінің және басқа төмен ақы төленетін мамандардың жалақысын айтарлықтай арттыру. 

 Әркімнің лайықты және қауіпсіз жұмысқа мүмкіндігі болуға тиіс! Жұмыс істеп жүрген адам кедей болуға тиіс емес! 

 2. КӨПШІЛІККЕ ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙ

Табыс деңгейі әртүрлі адамдарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып табылады.

 

Біз мынаған қол жеткізуге ұмтыламыз:

 • халықтың күнкөрісі төмен топтары және жас отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын үй салуды қоса алғанда, нарықтық құнынан төмен бағамен сатылатын немесе жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй құрылысын ұлғайту; 

 • бала тууға байланысты ипотекалық кредитті мемлекеттік субсидиялауды енгізу: 

 - бірінші баланы туған кезде – кредит сомасының 30%-ы мөлшерінде;

 - екінші баланы туған кезде – кредит сомасының 50%-ы мөлшерінде;

 - үшінші баланы туған кезде – кредит сомасының 80%-ы мөлшерінде; 

 - төртінші баланы туған кезде – ипотекалық кредитті мемлекет толық жабуға тиіс.

 • құрылыс салушыларға элиталық тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлген кезде табыс деңгейі жоғары емес халық үшін сол деңгейде әлеуметтік тұрғын үй алаңын салу міндетін жүктеу;

 • құрылыс салушылардың дәрменсіздігіне байланысты ықтимал тәуекелдерді сақтандыру енгізуді қоса алғанда, үлестік құрылысқа қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді жүйесін жасау;

 • ипотекалық кредитпен тұрғын үй сатып алған азаматтардың құқықтары мен меншігін жосықсыз банктердің озбырлығынан қорғау;

 Тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында біз мыналар қажет деп есептейміз:

 • коммуналдық қызметке бағаны бекіту жөніндегі өкілеттікті тиісті мәслихаттарға беруді қоса алғанда, оны мемлекеттік реттеуді күшейту; 

 • тұрғын үй қорын басқару мен оған қызмет көрсету саласында демонополизациялау және нақты бәсекелестікті жасау жолымен коммуналдық қызмет көрсетудің сапасын арттыру;

 • азаматтардың тұрғын үйін күтіп-ұстау және коммуналдық қызметтер ақысын төлеу шығындарын, егер бұлар отбасының жиынтық табысының 10%-нан асып кеткен жағдайда, мемлекеттің өтем төлеу міндетін заңнамамен бекітуді қоса алғанда, тұрғын үй субсидиясы жүйесін оңтайландыру;

 • пәтерлердің меншік иелері кооперативі (ПМК) жұмысының барынша ашықтығын және тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайлардың меншік иелері мен жалдаушылары алдында олардан алынған ақша қаражатының жұмсалуы жөнінде әлсін-әлсін есеп беруін қамтамасыз ету.

 Әрбір қазақстандықтың баспанасы болуға тиіс! 

 

 3. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ ІЗГІЛІКТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру азаматтардың қазіргі заманғы, сапалы және ізгілікті медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз етумен және денсаулық сақтау жүйесімен тікелей байланысты.

 

Біз бұл салада мыналар қажет деп есептейміз: 

 • мемлекеттің халыққа медициналық қызмет көрсету жүйесін дамытуға арналған шығыстарын дамыған шет елдер деңгейіне дейін ұлғайту;

 • мемлекеттік және жеке меншік медициналық мекемелерде; қалалық және ауылдық медициналық мекемелерде медициналық көмек көрсету сапасын теңестіру;

 • профилактиканы және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді қоса алғанда, мемлекет кепілдік берген қазіргі заманғы медициналық стандарттарды және тегін медициналық көмек көлемін ұлғайту;

 • міндетті медициналық сақтандыру жүйесін, сондай-ақ жиынтық табысы орташадан төмен отбасылар үшін медициналық сақтандыру көлемін мемлекеттік субсидиялау жүйесін енгізу;

 • жеке кәсіпкерлер тарапынан қызметкерлерді ерікті медициналық сақтандыру көлеміне мемлекеттік субсидия енгізу;

 • медициналық қызмет көрсетудің қазіргі заманғы стандарттарына қол жеткізу мақсатында кез келген меншік нысанындағы медициналық мекемелерге мемлекеттің толық қаржылай және техникалық көмек көрсетуі;

 • медициналық мекемелер желісін, әсіресе ауылдық жерлерде, кеңейту;

 • медициналық мекемелердің және медициналық қызметкерлердің жосықсыз медициналық көмегі және пациенттерге ізгілікті емес көзқарасы үшін тікелей жауапкершілігін күшейту;

 • медициналық қызметкерлердің табысын коммерциялық сектордағы жалақы деңгейіне дейін кезең-кезеңмен көтеру;

 • дәрігерлерді және басқа медициналық қызметкерлерді даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың сапасын жақсарту;

 • сырқаттану және жарақат алу профилактикасы жүйесін дамыту.

 

Адамдардың өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты қамқорлығы және басты жауапкершілігі! 

4. ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Қазіргі заманғы әлемде білім беру мен ғылым елдің және әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы болып табылады. 

Азаматтардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында біз мыналарға қол жеткізуге ұмтыламыз:

 • мемлекеттің білім беру жүйесін дамытуға арналған шығыстарын дамыған шет елдер деңгейіне дейін ұлғайту;

 • білім беру стандарттарын кәсіби (салалық) стандарттар талаптарына жақындату, бизнес бірлестіктерін стандарттарды әзірлеуге, білім беру мекемелерін аккредиттеуге және емтихандар өткізуге тарту;

 • білім берудің қазіргі заманғы стандарттарына қол жеткізу мақсатында барлық деңгейдегі және кез келген меншік нысанындағы білім беру мекемелеріне мемлекет тарапынан толық қаржылай, әдістемелік және техникалық көмек көрсету;

 • білім берудің барлық деңгейі үшін оқу бағдарламаларының, оқулықтардың және оқу құралдарының сапасын жақсарту;

 • мектепке дейінгі балалар мекемелері желісін қалпына келтіру мен дамыту және оларда екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды жүз пайыз қамтуды қамтамасыз ету;

 • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар мен жеткіншектерді күтіп-бағуды, оқытуды, тәрбиелеуді және кәсіби даярлауды қамтамасыз ететін мекемелер желісін нығайту және дамыту;

 • орта білім беру мекемелерінің желісін, әсіресе ауылдық жерлерде ұлғайту;

 • бірыңғай ұлттық тестілеу (БҰТ) жүйесін, оны жүргізу және қорытындысын шығару процесінде қоғамдық бақылауды енгізе отырып жетілдіру;

 • абитуриенттің өзінің таңдауы бойынша БҰТ-тің орнына оқуға түсу емтиханын таңдау құқығын енгізу;

 • мемлекеттік жоғары оқу орындарында кемінде - 80% студенттің тегін және коммерциялық оқу орындарында 40% студенттің мемлекеттік гранттар есебінен оқуын қамтамасыз ету;

 • жоғары оқу орындарына ауыл жастары өкілдерінің түсуі үшін квотаны көбейту;

 • оқитын жастар арасындағы студенттер санатының мәртебесін, құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін барынша ашып көрсететін «Студенттер туралы» заң қабылдау;

 • барлық деңгейдегі және кез келген меншік нысанындағы білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларын ұлғайту;

 • педагогтарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру сапасын жақсарту;

Елдің басты байлығы – мұнай да, металл да емес, біздің адамдарымыз, біздің тәжірибелі мамандарымыз және дарынды жастарымыз!

5. ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӨНДІРІСТІК ЭКОНОМИКАНЫ ҚҰРУ, БИЗНЕСКЕ ҚЫСЫМДЫ ТӨМЕНДЕТУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІККЕ БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТ БЕРУ

«АҚ ЖОЛ» партиясы әрдайым Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономиканы құрудың, жеке меншікті, ең алдымен, шағын және орта бизнесті барынша қолдауды табанды түрде жақтап келеді.

Осы стратегиялық міндеттерді ойдағыдай іске асыру үшін мынадай шаралар кешенін жүзеге асыру қажет: 

 • индустрияландыру бағдарламасы жобаларының іс жүзіне асырылуына, оларға салынған мемлекеттік қаражаттың тиімділігіне және іске қосылған кәсіпорындардың шын мәнінде жұмыс істеуіне қол жеткізу; Үдемелі индустрияландыру және даму бағдарламасы (ҮИЖДБ) жобаларының қызметіне олар іске қосылғаннан кейін 3-5 жыл бойы қоғамдық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;

 • ҮИЖДБ жобаларын құрауда міндетті болып табылатын ғылымды көп қажет ететін, технологиялық, экологиялық және энергияны үнемдеу критерийлеріне сай инновацияларды енгізу. 

 • Қазақстанның транзиттік әлеуетін, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасының экономикалық басымдығын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, оның іске асырылуы мен салаға қызмет көрсетуге байланыстының бәрін – жол құрылысынан бастап жанар-жағар май материалдарымен жабдықтауға дейін және халықаралық тасымалдаудың орындалуына дейін дамытуды қамтамасыз ету.

 • «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу тиімділігін, оның барлық буындарының бөлінген қаражатты нақты кәсіпорындарға жеткізуін қоғамдық бақылауға алу.

 • жеке меншік бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық даму институттарының (Қазақстанның даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қоры, Ұлттық инновациялық қор және т.б.) қызметіне парламенттік мониторинг жүргізу, олардың кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету;

 • жеке меншік бизнестің сауда-делдалдық саладан экономиканың нақты саласына қарай бет бұруын ынталандыруға жағдай жасау;

 • Бәсекелестікті күшейту және тұтынушылар үшін бағаны төмендету мақсатында табиғи монополияның бірқатар секторларына демонополизациялау практикасын енгізу.

Жеке кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігін ынталандыру және республиканың экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту үдерісінде оның мүмкіндіктерін ұлғайту үшін біз мынаны ұсынамыз: 

 • кәсіпорын құрылған кезден бастап үш жыл бойы шағын және орта бизнесті ҚҚС-дан және КТС-дан босату;

 • салық әкімшілігін жүргізу мен есептілікті оңтайландыру, шотқа тыйым салудан бас тарту (шығыс операцияларын тоқтату);

 • жеке кәсіпкерлердің салық есептілігі мемлекеттік бюджетке тікелей залал келтірмесе, мұндай есептілік бойынша айыппұлды жою;

 • салық есептілігі бойынша талап қою кезеңінің өтіп кету мерзімін және өткен кезең үшін салықтық тексеруді бес жылдан үш жылға дейін қысқарту;

 • ҚР Қылмыстық кодексінен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастау;

 • лауазымды адамның қызмет бабын пайдаланып заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату;

 • басым салалар үшін ҚҚС-ның салалық ставкасын 0%-дан (ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу) 6%-ға дейін (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау) енгізу;

 • квазимемлекеттік сектордың экономикаға араласуын азайту, экономиканың бәсекелестік секторында мемлекет қатысатын рентабельді емес кәсіпорындарды жою немесе жекешелендіру;

 • тиісті рәсімдердің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдардың назарын делдалдарға емес, белгілі бір тауарлар мен қызметтерді тікелей өндірушілерге аударуды қоса алғанда, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру;

 • республиканың ішкі нарығында отандық өндірушілердің басымдығын қамтамасыз ету және шетелдік компаниялар тарапынан жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу;

 • Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде қазақстандық өнімдердің протекционизмі және оларды қолдау саясатын қамтамасыз ету;

 • отандық өнімдердің экспортын және қазақстандық кәсіпкерлердің шет елдердегі қызметін ынталандыру және оларды қолдау тетіктерін ұлғайту;

 • экономикалық салада ұлттық мүдделерді қорғап қалу: Қазақстанның табиғи, экономикалық және әлеуметтік ресурстары ең алдымен қазақстандықтардың өзінің мүддесіне қызмет істеуге тиіс. Бұл: кәсіпорындарда (шетелдік инвесторларды қоса алғанда) басымдықпен жұмысқа орналастыру, сол кәсіпорында деңгейлес шетелдік мамандардың жалақысынан төмен болмайтын лайықты жалақы, негізсіз қысқарту мен жұмыстан шығарудан мемлекет тарапынан қорғау; біздің елде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың тендерінде қазақстандық өнім мен қазақстандық кәсіпорындардың басымдығы және т.б.

 

Мемлекет өзі табыс тауып, бюджетке салық төлеп жүргендерді және басқаларға жұмыс бергендерді қолдауға міндетті!

6. ТЕК ІРІ ҚАЛАЛАРҒА ҒАНА ЕМЕС, ӨҢІРЛЕР МЕН АУЫЛДАРҒА ДА – ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР

Республика халқының жартысына жуығы ауылда тұрады. Сондықтан ауыл және басқа да ауылдық елді мекендер тұрғындарының тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасалмайынша Қазақстанның ойдағыдай дамуы мүмкін емес.
            Біз мынаны қажет деп есептейміз:

 • барлық селолар мен ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымдарын: жолдарды, ауыз суды, моншаны, жылуды, электр энергиясын, байланысты, мектепті, аурухананы, спорт және мәдениет залдарын және секцияларды қалпына келтіруді және дамытуды қамтамасыз ету;

 • халықаралық тәжірибеге сәйкес қызметі қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына нұқсан келтіретін өнеркәсіптік компанияларға жергілікті тұрғындарды материалдық және әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз етуді міндеттеу;

 • экологиялық жағдайы қолайсыз ауылдық аудандарды қолдау бағдарламасын әзірлеу және іске асыру;

 • ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұрған орта мектептерге, фельдшерлік-акушерлік пункттерге және мәдениет мекемелеріне материалдық-техникалық қолдау көрсету және олар жоқ елді мекендерде оларды құру;

 • ауылдық елді мекендерді аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын қазіргі автомобиль жолдарын реконструкциялау және жаңа жолдар салу;

 • ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін пайдалану және жеке меншік бизнесті ынталандыру;

 • мамандардың, әсіресе жас мамандардың ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу үшін келуін тұрғын үй сатып алатын көтермелеу жәрдемақысын және жалақысына үстеме беру арқылы ынталандыру; 

 Ұлттық экономиканың аграрлық секторын қарышты дамыту мақсатында біз мыналарға қол жеткіземіз: 

 • ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігі мәселделері жөнінде «ҚазАгро» ходингінің қызметіне парламенттік мониторинг; оның ауыл шаруашылығындағы оңды өзгерістерге және агроөнеркәсіптік кешенде жаңа секторлардың пайда болуына нақты үлесіне бақылау жүргізу; 

 • ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізу ісімен айналысатын ауыл тұрғындарына басымдық беріп, тек қана Қазақстан азаматтарына беруді қамтамасыз ету;

 • пайдаланылмай жатқан жерлердің проблемаларын заңнамалық тұрғыдан шешу, олардың тиімсіз пайдаланылуының критерийлерін анықтау, оларды алып қою және ауыл шаруашылығы айналымына қайтару;

 • анықтау дегеніміз, жерді ауылшаруашылығын пайдаланушы басқа адамға 3 жылдан астам уақыт бойы қосалқы жалға беру оны тиімсіз пайдалану критерийлерінің бірі болып табылады;

 • ауылдық елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге, оның ішінде жер, мал, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар, тұқым, тыңайтқыштар және т.б. сатып алу үшін арнайы жеңілдетілген кредиттер беру;

 • жергілікті шаруашылықтарға оңтайлы жағдайда қызмет көрсететін машина-трактор станциялары желісін құру;

 • сумен жабдықтау жүйесінің жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялауды және жаңа құрылғылар салуды қоса алғанда, жергілікті шаруашылықтарды суармалы желімен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолдану;

 • ауыл шаруашылығына мемлекеттік субсидиялар бөлуді, олардың мөлшерін ұлғайтуды және тиісті бюджет қаражатын делдалдарға емес, тікелей фермерлер мен шаруаларға беруді қамтамасыз ету;

 • ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жанар-жағар май материалдарына тұрақты және оңтайлы баға белгілеу;

 • ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін әділ бағамен мемлекеттік сатып алу көлемін ұлғайту;

 • ауылдық жерлерде тұтыну кооперациясы жүйесін дамытуға жәрдемдесу.

 

Ауыл және агроөнеркәсіптік кешен – біздің басты адами және экономикалық ресурсымыз! 


7. БИЛІКТІҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ АШЫҚТЫҒЫ ЖӘНЕ ЕСЕП БЕРУІ

Қазіргі заманғы мемлекеттің ойдағыдай дамуының негізгі жағдайы азаматтардың мемлекетті басқаруға демократиялық қатысуы болып табылады:

Біз мынаған ұмтыламыз:

 • өкілді билікті одан әрі дамыту, Парламенттің және барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарымен өзара қарым-қатынаста мәслихаттардың өкілеттігін ұлғайту; атқарушы биліктердің қызметін парламенттік тексеру институтын енгізу;

 • парламенттік оппозициядағы партиялардың мәртебесін, мүдделерін және өкілеттігін заңнамалық тұрғыда қорғау;

 • парламенттік оппозициядағы партиялардың бюджеттің шығыс бөлігіне әлеуметтік бағдарламаға арналған шығыстарды үкіметтің келісімінсіз бюджеттің 1%-ы мөлшерінде түзету енгізу құқығын заңнамалық тұрғыда бекіту;

 • орталық атқарушы органдар әзірлеген заң жобаларына және басқа да нормативтік актілерге парламенттік оппозициядағы партиялар тарапынан міндетті түрде алдын ала сараптама жасауды олар Парламентке және Үкіметке ресми енгізілгенге дейін немесе ҚР Әділет министрлігінде тіркелгенге дейін енгізу;

 • «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды және Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды қолдаудың 2012 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және қабылдау;

 • елді мекендерде (қалаларды қоса алғанда) әкімдерді тікелей олардың тұрғындарының сайлауын кезең-кезеңмен енгізу; 

 • мәслихаттар депутаттарының қосымша 50%-ын саяси партиялар тізімі бойынша сайлау есебінен облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарының санын екі есе ұлғайту;

 • ПМК (пәтерлердің меншік иелерінің кооперативі), жергілікті қоғамдастықтың жиындары мен жиналыстары және т.б. арқылы қоғамдық аумақтық өзін-өзі басқару институттарын дамыту жөнінде қажетті шаралар қолдану; 

 • жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін қажетті ұйымдық және экономикалық ресурстар беру;

 • кез келген дәрежедегі мемлекеттік қызметшінің өзінің отандастарына сайлаушылар және салық төлеушілер ретінде құрметпен қарауы. Мемлекеттік органдар халыққа қалтқысыз қызмет етеді, керісінше емес.

 • біздің азаматтарымыздың, олардың құқықтарын және мүдделерін, мемлекеттік органдардың өз елінде ғана емес, шет елде жүрген кезінде де Қазақстан Республикасының беделімен шынайы қорғауды қамтамасыз ету; 

 • барлық деңгейдегі әкімдер жанынан биліктің өкілді тармағының Тәртіптік комиссиясын қалыптастыру.

Министрлер мен әкімдер қарапайым адамдарға қызмет етуге тиіс!

8. ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ САЛАСЫН ДАМЫТУ


Қоғам алдында тұрған аса күрделі міндеттерді шешудің кепілі біздің рухани дүниеміз, тарихи дәстүріміз және мәдени мұрамыз болып табылады.

«АҚ ЖОЛ» партиясы мыналарды қажет деп есептейді:

 • ұлттық мәдени мұраны сақтау мен көбейтуді, мәдениет пен өнерді дамытудың нысаналы бағдарламаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;

 • рухани саланы «қалдықты» қаржыландыру принципін еңсеру, мәдениетті, өнерді, халық шығармашылығын дамытуға бюджеттік шығыстарды ұлғайту;

 • Қазақстанның басқа этностарының тілдік және этномәдени өзіндік ерекшелігін құрметтей отырып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру және қолданылу аясын кеңейту; 

 • мәдени-бұхаралық іс-шаралар репертуарларында қазақстандық авторлардың шығармалары қамтылуын ұлғайту;

 • мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуы мен іс жүзіндегі нәтижелілігіне кепілдік беру;

 • 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90%-ының мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу;

 • жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, қазақ тіліне және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу;

 • географиялық объектілердің, жаңа көшелер мен мекемелердің атауларында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмысты жалғастыру;

 • отандастарымызды тарихи отанына қайтару жөніндегі көші-қон саясатын күшейту, бұл орайда экономиканың қажетсінуіне, өндіргіш күштердің орналастырылу сипатына және Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес қоныстандыруға ынталандырудың теңдестірілген көзқарасын қамтамасыз ету;

 • Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту.

 • Қазақстан халқының дәстүрлі діндерін қолдау, қоғамның рухани саласын жат секталардың және ағымдардың ықпалынан қорғау.

9. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ СОТ-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімсіздігі, сот және құқық қорғау органдарына сенімсіздік қоғамды толғандыратын және билікке реніш туғызатын негізгі проблемалардың бірі болып қалып отыр. 

Бұл проблемаларды шешу үшін біз мыналарға қол жеткізетін боламыз:

 • кез келген қазақстандықты билік иелері және оларға жақын жүргендер тарапынан жасалатын ауыр алым-салымдардан және мәжбүрлеп алудан, жеке бизнеске және өзге де меншікке қол сұғушылықтан қорғау;

 • Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының өздеріне бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілігі туралы, БАҚ-та және т.б. теріс жарияланым пайда болған жағдайда әрбір мемлекеттік қызметшінің өз абыройы мен қадір-қасиетін сот тәртібімен қорғау міндеттілігі туралы талаптарының мүлтіксіз орындалуы;

 • азаматтардың барлық даулары мен келіспеушіліктерін билік органдары өкілдерінің әділ, жария және ашық қарауын қамтамасыз ету;

 • қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау және оған төзімсіздік ахуалын қалыптастыру жөнінде шара қолдану;

 • декларациялаудың ашықтығы мен бюрократтық емес сипатын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың кірістерін де, шығыстарын да жалпыға бірдей декларациялауды енгізу; 

 • сыбайлас жемқорлықпен әшкереленгендердің жүріп-тұру, шет елге шығу, белгілі бір кезеңде меншікті және кәсіпорындарды иелену және басқару құқығын заңнамалық тұрғыда шектеу;

 • соттың шынайы тәуелсіздігі, судьялардың жұмыстан тыс уақыты мен зейнеткерлікке шыққан кезін қоса алғанда, жоғары дәрежеде әлеуметтік қорғалуы мен жеке қауіпсіздігі;

 • барлық ашық сот отырыстарының Интернет бойынша on-line режимінде тұрақты трансляциясын орнату; 

 • қылмыстық заңнаманы барынша ізгілендіру: азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қатер төндірумен байланысты емес қылмыстар бойынша материалдық нұқсанның орнын толтыруға ерекше назар аудару орынды әрі ізгілікті;

 • бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың санын 3-5 жыл мерзімде кезең-кезеңмен екі есе, яғни кемінде 50% азайту;

 • дауларды соттардың ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік беретін медиация және төрелік арқылы қараудың соттан тыс рәсімін дамытуға барлық жағдайды жасау. Соттан тыс қаралатын мәселелер көлемінің аз болуына байланысты қаралған және ойдағыдай шешілген даулар бойынша медиаторлар мен төрешілер қызметін мемлекеттік субсидиялауды енгізу.

10. ӘРКІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ, ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМГЕ СЕНІМДІ ТОСҚАУЫЛ; ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Жаһандану, елдер мен өңірлер арасында өзара тәуелділікті тереңдету, қауіпсіздіктің, халықаралық терроризм қатерінің жаңа қыр көрсетулерінің пайда болуы мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін, ұлттық мүддені ескеретін сыртқы саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін құрылымдарға талаптарды күшейту қажеттігін туғызып отыр. 

Осы міндеттерді орындау үшін біз мыналарға қол жеткізетін боламыз:

 • барлық азаматтарды экстремизм мен терроризмнен қорғау жөнінде шара қолдану, мемлекеттің қоғамды үрейлендіретін әрекеттерге ойдағыдай қарсы тұра алатын және елдің кез келген нүктесінде терроризмді басатын қабілетіне қазақстандықтардың сенімді болуын қамтамасыз ету; 

 • құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеру, олардың жоғары абыройы мен материалдық жағдайын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасын олардың кәсібіне қатысты болмай қоймайтын тәуекелден әлеуметтік қорғау;

 • экстремистік сипаттағы құқық бұзушылығы, деструктивтік насихат жүргізгені және мұндай әрекетке жастарды тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту;

 • терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралармен қатар жеке адамның азаматтық құқықтары мен бостандығын сақтауға кепілдік;

 • қазақ халқының және қазақстандықтардың дәстүрлі нанымына тән емес экстремистік діни ағымдардың қызметін заңнамалық тұрғыда шектеу және іс жүзінде олардың жолын кесу;

 • елдегі тұрмыс деңгейін арттыру, неғұрлым өзекті әлеуметтік проблемаларды: жұмыссыздықты, арзан тұрғын үйдің жеткіліксіздігін, адал емес шенеуніктердің сыбайлас жемқорлығын және жүгенсіздігін, ауыл жастарының өмірлік перспективасының жоқтығын шешу жөнінде батыл шаралар қолдану;

 • күнкөрісі төмен отбасыларды барынша әлеуметтік қолдауды жолға қою, әлеуметтік мемлекет және әлеуметтік әділеттілік принципін іске асыру арқылы өте байлар мен өте кедейлер арасындағы табыс деңгейінің алшақтығын азайту жөнінде шұғыл шаралар қолдану. 

Біз қарқынды ішкі дамуды біздің ұлттық мүддемізді қорғауға және экономиканың өсуіне септігін тигізетін достық ниеттегі және ашық сыртқы саясатпен ұштастыру қажет екендігіне сенімдіміз. 

Мемлекет басшысының Қазақстанның Дүние жүзілік сауда ұйымына кіруінің маңызды кезеңінде Кеден одағын және Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жөніндегі бастамасын ойдағыдай іске асыруды біз дәл осы тұрғыда қарастырамыз.

Бұл орайда, ДСҰ-ға кіру – жалаң мақсат емес, қарапайым қазақстандықтардың дүние жүзіндегі ең жақсы тауарлар мен қызметтерге еркін қол жеткізуін қамтамасыз етудің және біздің отандастарымызды өмір сапасының озық стандарттарына қауыштырудың бірден-бір тәсілі.

Қазақстанның әрбір үйіне, әрбір қазақстандық отбасына татулық, тыныштық және қауіпсіздік! 

Құрметті достар!

Біз сайлаушыларға берген уәдемізді табанды түрде орындауға ниет етіп отырмыз.

2012 жылы Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясының құрылғанына 10 жыл толады. Бұл қарапайым жол болған жоқ, біз осы жолдан өтіп, саяси кемелдендік және еліміз бен халқымыз үшін өз миссиямызды одан әрі алып жүруге дайынбыз. 

Біз қиын тағдырды бастан өткізген партиямыз. Біздің ол туралы тура айтуға батылымыз жетеді.

Біз биікке шарықтауды да, құлдырауды да, жеңісті де жеңілісті де, одақтасуды да, жікке бөлінуді де бастан өткіздік.

Бірақ біз солардың бәріне төтеп бердік! Біз шынықтық, қуатты әрі икемді, қырағы әрі тәжірибелі бола түстік. 

Біздің басты асуымыз және басты жеңістеріміз - әлі алда. 

Біз қазіргі әлеуметтік, саяси және экономикалық проблемалардың сындарлы шешілуіне нақты іс-әрекетімізбен жәрдемдесуге дайынбыз. 

ЕҚЫҰ-ны басқарған кезде Президент Назарбаев төрт «Т» – траст (сенім), трансперенси (ашықтық, адалдық), традишн (дәстүр) және толерэнс (төзімділік, тілектестік) тұжырымдамасын жария етті. 

Адамдар мен халыққа қызмет ету үшін бұдан жақсы ұранды ойлап таба алмайсың. 

Біз сайлауға түсеміз, өйткені біздің еліміз бен халқымыздың алдында жарқын болашақ бар екеніне сенеміз. 

Біз қарапайым қазақстандықтарға адал қызмет ету үшін сайлауға түсеміз.

Біз қазақ халқының дәстүрі мен демократиялық құндылықтарды тоғыстыру үшін сайлауға түсеміз. 

Біз сайлауға түсеміз, өйткені отандастарымызды шын жүректен сүйеміз және әрбір үйге, әрбір қазақстандық отбасына татулық пен ізгілік тілейміз. 

Сондықтан біз өзіміздің бағдарламамызда бесінші «Т»-ны – трансформейшн - өзгерістерді қалыптастырдық.

Себебі, оны өзгертпей, өмірді жақсарту мүмкін емес. 

Себебі, «жақсарту» сөзінің мәнінің өзі – жақсы өмір сүру үшін өзгерістер жасау. 

Ал өзгерістер – бұл қашанда балама, бұл сенде не бар және не болғанын қалайсың, осы аралықтағы таңдау. 

«АҚ ЖОЛ» партиясы барды бағалай отырып, бірақ одан да зор жақсылықтарға ұмтылуды ұсынады. 

Біз алға өрлететін өзгерістерді күтпейміз, алға өрлеу үшін біз оларды ұсынамыз.
            Және біз барлық қазақстандықтарды бұл таңдауды бізбен бірге жасауға шақырамыз.

АҚ ЖОЛ, ҚАЗАҚСТАН!