«Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қытай БАҚ-дағы жарияланымдары туралы нотасын қолдап, Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің басшылығына және Қытайдың Қазақстандағы елшісіне тиісті өтініштерін жолдады

» Баспасөз релиздері » «Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қытай БАҚ-дағы жарияланымдары туралы нотасын қолдап, Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің басшылығына және Қытайдың Қазақстандағы елшісіне тиісті өтініштерін жолдады

15.04.2020, 11:13

15 сәуір 2020 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қытай БАҚ-дағы жарияланымдары туралы нотасын қолдап, сондай-ақ Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің басшылығына және Қытайдың Қазақстандағы елшісіне тиісті өтініштерін жолдады.

ҚКП ОК Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Сун Тао мен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мырзаға жолданған ресми хатта «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Қытай БАҚ-дағы жақында жасалған арандатушылық жарияланымдарына наразылығын білдіреді және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің осыған байланысты нотасына қосылады», – деп жазылған.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, көрші елде Қазақстан Республикасының территориясы мен тәуелсіздігіне көз алартатын жарияланымдар көбейіп барады. Осы жылдың 28 наурызында Қытайдың танымал WeChat  әлеуметтік желісінде «Қазақстан Қытайға қашан оралады?» деген мақала; 8 сәуірде осы елдің ең ірі www.sohu.com  интернет-платформасының сайтында «Неліктен Қазақстан Қытайға оралуға ұмтылады?» деген мақала жарияланған.

“Біз мұндай ақылға сыймайтын сөздерді қорлау деп қабылдаймыз. «Ақ жол» Демократиялық партиясы мен еліміздің миллиондаған азаматтары үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігінен қымбат құндылық жоқ. 

Осы басылымдардағы кержақ пікірлер қос халықтың арасындағы тату көршілік пен сенімге орасан зиянын тигізеді деп есептейміз.

Екі елдің мемлекеттері мен саяси партияларының міндеті, керісінше, бір-біріміздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тең диалог пен ынтымақтастықты дамыту деп санаймыз- деп атап өтті А.Перуашев.