Октябрь ауданына Әлиханның есімі беріледі – “adyrna.kz”

» Баспасөз жарияланымдар » Октябрь ауданына Әлиханның есімі беріледі - "adyrna.kz"

30.10.2019, 16:54

https://adyrna.kz/post/25580

 «Ақ жол» партиясы Қарағандыда «Алаш қозғалысы: бүгінгі және келешекке көзқарас» атты ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Ақ жол» партиясының Қарағанды және Ақмола облыстық филиалдарының төрағалары Ермек Әбілдин, Бақыт Смағұл,  тарих ғылымының кандидаттары, профессорлар, партия мүшелері қатысты.  

Конференциядағы баяндама негізінде, қатысушылардың пікір ұсыныстарын ескере отырып, Қарағанды өңірінде «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің есімін ұлықтау, рухани мұрасын зерделеу, насихаттау, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардан саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени, ағартушылық аспектілер қамтылған кешенді шаралар бағдарламасын жасақтауды, жүзеге асыруды талап етілуі жарияланды.

Бұл кешенді шара Қарағанды өңірінде жаңадан мәдени-рухани нысандардың пайда болуына, сөйтіп өңірдің туристік, экономикалық, мәдени-рухани әлеуетінің артуына алып келмек.

Осы жобаның бастамасы ретінде келесі шараларды жүзеге асыру қажет деген шешім қабылданды:

1) Биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласының Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан есімін беруді қажет деп санаймыз. Бұл ұлт көсемінің еңбегін елеудегі тарихи әділдіктің бір көрінісі болмақ.

2) Қарағанды қаласы − Алаш қайраткерлерінің бір шоғыры шыққан киелі өңір. Келесі жылы Алаш идеясы қазақ автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы оқиғаға орайластырып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға, Әлімхан Ермековке, Жақып Ақпаевқа Қарағанды қаласында ескерткіштер орнату.

3) Әлихан Бөкейханның өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында оның туған жері, қайраткерлік ғұмыр жол жалғасқан тарихи орындарда қамтитын «Әлихан және Әлімханның жолы» тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастыру.

4) Әлихан Бөкейханның өмірі мен қайраткерлік қызметін кеңінен насихаттау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан 2020 жылы арнайы бұрыш ашу және жақын арада Алаш көсемдеріне арнайы мұражай ашуды қамтамасыз ету.

5) Алаш көсемі Әлихан Нұрмағамбетұлы Бөкейханның есімін өскелең ұрпақ жадында мәңгіге қалдыру мақсатында орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында «Әлихан тағылымы» атты тарихи – танымдық шаралар өткізу.

6) Алаш қайраткерлері идеясын жан-жақты насихаттау мен зерделеуге ерекше үлес қосқан журналистер мен тарихшылар арасында «Алаш ақиқаты» атты шығармашылық байқауын ұйымдастыру. 

7) Қарағанды политехникалық университке Әлімхан Ермековтың атын беру ұсынылды.