Перуашев: Біздің мақсатымыз – еліміздегі әрбір отбасына жету! – “abai.kz”

» Баспасөз жарияланымдар » Перуашев: Біздің мақсатымыз - еліміздегі әрбір отбасына жету! - "abai.kz"

20.07.2020, 18:18

https://abai.kz/post/117099

Қазір ел ішінде індет өршіп тұрғаны белгілі. Әлеуметтік желілерде Үкімет қабылдап жатқан шараларға қатысты сыни пікірлер де көп. Шешілмей тұрған түйткілді мәселелер де аз емес. Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы ахуал жайлы күнделікті ақпараттардан естіп, көріп жүрсіздер. Ал өңірлер ше? Шалғай жатқан аймақтардағы ағайынның жағдайы қалай?

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жуырда, Арқалықтағы ағайынның арыз-тілегін тыңдап келіпті. Сол сапардан аз-кем ақпарат жазғанды жөн көрдік.

Сапар Қостанай облысының Арқалық өңіріне жасалған. Неге Арқалық?

«Егер Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары немесе облыс орталықтары үнемі қоғам назарында болса, ал шалғай жатқан ауылдарда адамдар әділетсіздікпен, қайғымен бетпе-бет келіп, ешкімге керексіз қалғандай. Біздің басты міндетіміз – ондағы азаматтардың әрбіріне жету, олар жалғыз емес екенін және олардың мұқтаждықтарын тыңдайтынымызды жеткізу», – дейді Перуашев.

Арқалық және оның маңындағы ауылшаруашылық аймақтар – Қазақстанда шалғай жатқан өңір болып саналады. Арқалық қаласы өңірдегі теміржол магистралынан алыс орналасқан. Автокөлікпен облыс орталығына жету үшін құрылысы аяқталмаған (жөнделіп жатқан), шаң тозаң және шоқалақ жолмен жүргенде 7 сағатқа жуық уақыт қажет. Осындай географиялық жағдайына қарамастан, бұл аймақ мемлекеттік органдар назарынан үнемі тыс қалады.

Іс-сапары барысында Азат Перуашев жергілікті аурухана жұмысымен, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, қауіпті індетпен бетпе-бет келген дәрігерлермен сөйлесіп, көкейкесті мәселелерін тыңдаған.

«Ақ жол» партиясы Арқалық дәрігерлеріне көмек берді


Өңірдегі дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігі ауысқаннан кейін дәрі жетіспеушілігі тоқтағанын айтыпты. Өңірде Covid-19 індетін жұқтырғандардың да саны азайып келеді екен. Тек медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғану құралдары мен жоғары қуатты жасанды демалу аппараттарына мұқтаж бар көрінеді.

Азат Перуашевтың айтуынша, дәл Арқалық өңіріне сапарлап баруға осы жағдайлар себеп болған. Арқалық ауруханасы басшылығының сұрауы бойынша «Ақ жол» Демократиялық партиясының жетекшісі ондағы дәрігерлер мен медқызметкерлерге жеке қорғану құралдарын (қорғану костюмдері, маскалар мен қолғаптар), сондай-ақ, тиісті дәрежедегі үш жасанды демалу аппараттарының құжаттарын тапсырыпты. Ол аппараттар 27 шілде күні жеткізіледі деп жоспарланып отыр екен.

Бүкіл Арқалықта жалғыз ғана рентген аппараты бар

Азат Перуашев, сондай-ақ, ауруханаға келушілермен сөйлескен. Олар ауруханаға жатқызу кезіндегі бюрократиялық кедергілерді айтып, шағымданған. Міндетті түрдегі сараптамалардан өту, оның ішінде рентгеннен өтудегі проблемалар сөз болған.

Тұрғындардың айтуынша, ауруханада жалғыз рентген аппараты жұмыс істейді. Ал оған бірнеше күн бұрын кезекке жазылады екен. Ауылдардан өкпе қабынуы деген күдікпен келген қарт кісілер кезекке жазылу үшін рентген кабинетін іздеуге мәжбүр. Сосын кезекке жазылып, кезегі келгенде Арқалыққа қайта келуі тиіс. Олардың ауылдан Арқалыққа барып-келуі үшін кемі 2-3 мың теңгелері тағы жұмсалады.

«Қазір елімізде өкпе қабынуы өршіп тұр. Адамдар тезірек сауығып кету үшін тезірек ауруханаға жатқызылуы тиіс. Жаңағыдай бюрократиялық кедергілерден соң қарт кісілер қолдарын бірақ сілтеп, үндемей, үйлеріне қайтып кетуге мәжбүр. Ауруханаға жатып емделгеннен, үйде амалдаған оңайырақ. Ал төзімі жетіп, ауруханаларға жатқандар – мемлекеттік медициналық көмек барлық қажеттілікті қамтьымайтынын айтады. Кейбір дәрі-дәрмекті өздері сатып алады екен. Зейнеткерлердің зейнетақысы онсыз да басқа тұрмыстық шығындарына жетпейді. Бұл жақта орта жастағы науқастардың да саны аз емес», – дейді Перуашев.

Заңға өзгерту енгізу керек!

Ал Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев қазір екінші рентген аппаратын қосқалы жатқанын айтыпты. Енді ауруханаға жатқызу және ГОБМП көлемі бойынша мәселелер жергілікті дәрігерлер құзырында емес көрінеді.

Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Ержанов облыс орталығынан 200-300 шақырым алыс жерлерде орналасқан медициналық мекемелер үшін мемлекеттік сатып алу заңдарына өзгерістер енгіз қажет дейді.

«Жабдықтың кішкентай ғана бөлшегін шұғыл ауыстыру үшін бізге көп құжаттар толтыру керек. Сосын оларды облысқа жіберіп, келісімін күтеміз. Барып-келудің өзіне 15-16 сағат кетеді. Одан облыстың келісімі мен олар енгізген түзетулерді күту үшін кем дегенде 1 апта уақыт кетеді. Осы кезде жаңағы жабдықтардың жұмысы тоқтап тұрады. Дәрігерлік сараптамалар, операциялар тоқтатылады, жұмыс кестесі бұзылады. Сондықтан да, қажетті түсініктемелер керек.  Мысалы, кейбір ауруханалар өздері шеше алатын қаражат сомалары бойынша нақты анықтама түсініктер керек», – дейді Бас дәрігер.

Депутат Азат Перуашев, аталған мәселелерді, оның ішінде, мемлекет және әлеуметтік  медициналық сақтандыру тарапынан қамтамсыз етілетін дәрілер тізімін ұлғайту жөнінде Үкімет пен Денсаулық сақтау министрілігіне жеткізіп, мәселе етіп көтеруге уәде берген.

Тұрғындардың жанайқайы

Онан соң, Азат Тұрлыбекұлы пандемия мен өкпе қабынуынан қайтыс болғандардың туыстарымен жолыққан. Кездесуге келгендер дәрігерлердің олардың туыстарына қарамағанын айтып, дәрілердің, ИВЛ аппараттарының жоқтығын, шұғыл емдеу шараларының созылуын, мәйітханалар жұмысының ретсіздігін айтқан.

Жиынға келгендер: «Шындықты айтыңыз, шындықты», деп ашына сөйлеп, «Сізге өтірік айтады, қайтыс болған адамның сүйегін айқай-шумен аламыз», – деп дәрігерлерге өкпелерін жеткізді.

Аурухананың бас медбикесі Айгүл Мұқанбетжанова көзіне жас алса да, жауап берді:

«Бұл шындыққа жатпайды. Біз қолымыздан келгенін жасаудамыз. Әрбір адамның өмірі үшін арпалыстық, өз туғандарымыздай жанымыз ашыды. Әрбір адамның өлімі бізге де ауыр тиеді.  Мәйітханаға қайтыс болғандардың сүйегін таза апарамыз, ол жерде қан да бар, иіс те шығады, өйткені мәйітхана», – дейді Айгүл ханым.

Перуашев: Бұл – тұтастай емдеу жүйесіндегі қателік!

Дәрігерлердің айтуынша, ашына сөйлеп, арыз айтқан тұрғынның туысының ауруы асқынып, ауруханаға кеш жеткізілген. Өкпесінің 50 пайызы асқынып, полиоргандық жетіспеушілікке шалдыққан. Жедел реабилитациялық шаралар қабылданғанымен, туыстары жеткенше қайтыс

«Әрбір қаза біздің ортақ қайғымыз. Қазір індет өршіп тұр. Қаза болғандар да аз емес. Бұл – бір оқиғадағы ғана қателік емес, бұл – тұтастай емдеу жүйесіндегі қателіктер. Мен дәрігер емеспін.  Сондықтан ешқандай ақыл айтып, кеңес бере алмаймын. Бірақ, экономика мен статистиканы жақсы білемін. Осы тұрғыдан алғанда, коронавирус пен өкпе ауруларының бір мезгілде өршуі мен оның құрбандарының осындай үлкен көлемде болуы, осы дерттердің бір-бірімен тығыз байланыста және олардың жалпы табиғаты бірдей екенін көрсетеді.

Осы індеттің емін бүкіл әлем іздеп жатыр. Бұл бәріміздің ортақ қайғымыз. Бұл сөздер сіздерді жұбатпайтынын білемін, сіздермен қазір бүкіл ел, тіпті, бүкіл адамзат бірге дер едім. Ерте ме, кеш пе шешімі табылады. Ал қазір ауырғандарды ауруханада төсек орнымен, дәрі-дәрмекпен, меджабдықтармен толықтай қамтуымыз керек. Оларды кабинет-кабинеттерге жүгіртіп қоюды тоқтату керек.

Менің көргенім маған қатты әсер етті. Сіздер өздеріңіздің отбасыларыңызды, жақындарыңызды ысырып қойып азаматтық ерлік жасап жатырсыздар. Осының бәрі басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін. Бүгін айтылған ауыр сөздер кімнің болмасын жүрегін жаралайды, дегенмен сіздердің ерліктеріңізді ел бағалап отыр», – дейді Азат Перуашев.

Сонымен бірге, Азат Перуашев медқызметкерлерді айтылған сынға түсінікпен қарауын сұрады.

«Мен өтініштерді тексеруді сұрадым. Түсініңіздер, мұндай жағдайда кім болмасын шектен шығып кетуі мүмкін. Мұны адами тұрғыдан түсінуге болады, адамдардың қайғысына және олардың сезімдеріне түсіністікпен қарайық. Тексерулер барлық сұрақтарға жауап береді деп үміттенемін. Сіздерге темірдей жүйке, төзім мен түсіністік тілеймін. Сабыр етейік», – деді Перуашев.

Қайырымдылық акциясы

Осыдан соң, «Ақ жол» фракциясының басшысы Арқалықта қайырымдылық акциясын өткізіпті.

Жергілікті дүкеннен 30 қап ұн, қант, өсімдік майы т.б. күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік тауарларын сатып алып, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үлестірген. Көмекке мұжтаж отбасылардың тізімін партияның жергілікті филиалы әзірлеген екен.

Кездесу барысында тұрғындар Үкіметтен берілетін 42 500 теңгелік жәрдемақыны алу мүмкіндігінің жоқтығын айтып, шағымданған.

Мысалы, Арқалық тұрғыны Күлрайхан Молдабекованың күйеуі Астана базарында сауда жасап, жұмыс істеген. Жұмыс беруші ресми еңбекақы төлемей, тек, күніне 2-3 мың теңге төлеп тұрған. ТЖ  енгізілген соң, ол табыс көзінен айырылған. Енді соны ресми дәлелдей алмаған.

Тағы бір жағдай, көпбалалы ана Тайшина Мирамгүлді «АСП» алудан айырған. Себебін өзі де білмейді. Айтуынша, табысы үшін сияқты (жұмысқа орналасқан), бірақ, жалақысының аздығы соншалықты, одан да жұмыстан шығып, балаларға арналған АСП алғанның жеңілдігін айтады.

Ал ауылдағылардың кейбірі тіпті, жәрдемақы алуға құқылары барын, қалай өтініш беру керегін де білмейтін көрінеді. Осыған байланысты депутат әкімдік өкілінен мұқтаж отбасылардың тізімін  сұрап білген. Әңгіме барысында мәслихат хатшысы Гүлбану Ертаева көптеген жерлестерінің қиын жағдайын жақсы білетінін жеткізді.

Әйелі бір апта бұрын қайтыс болған, алты баламен жалғыз қалған Серік Бажанов депутатқа жағдайын айтып, баспана сұраған.

«Мен Арқалықта жұмыс істеймін. Үлкен балаларым студент, ал кішкентай төрт баламды өздерін жалғыз қалдыру қорқынышты. Қалаға көшейін деп едім, сол жерден қандай болса да баспана табылса», – дейді Серік Бажанов.

«Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «5-10-20» бағдарламасын іске қосып жатыр. Көптеген өңірлерде әкімдіктер бұрынғы бағдарлама бойынша да азаматтарға алғашқы жарна үшін сертификаттар беруде. Осындай жағдай үшін қандай болмасын бір қадам жасау қажет шығар. Мен бұл мәселені банк төрайымы Ләззат Ибрагимовамен талқылайын»,- деді депутат.

Азат Перуашев: Барлық бала бір телефонмен оқып жатыр

Мәжіліс депутаты көпбалалы отбасыларды аралаған кезде бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталған.

Мысалы,  Жұлдыз Ермурадова күйеуімен 5 жыл бұрын үйлері өртеніп кетіп, содан бері үй жалдап тұрады екен. Күйеуін жұмыста өндіріс төмендеген соң, карантин алдында өзінің өтініші бойынша арыз жаздырып, жұмыстан кетуге мәжбүрлеген. Сондықтан да жәрдемақы алуға үміті болмаған. Жұлдыздың өзі үйде отырып табыс табады. Тұрақты табыстың жоқтығына қарамастан 4 балаға қашықтықтан сабақ оқу үшін бір телефон сатып алған.

Жұлдыз мектеп мұғалімдеріне, жалпы кестемен емес, үйдегі жалғыз телефонға байланысты жеке   шұғылдануға келіскеніне рахметін айтыпты. Бір мәселе – мұндай жеке сабақтар түн батқанға дейін созылады екен.

Мұндай проблема туралы Гүлфайрус Бралина да айтқан. Ал әйелі қайтыс болған Серік Бажанов  аз ғана жалақысына қарамастан несие алып, мектепте оқитын балаларының бәріне телефон алып берген.

«Осы тұста, осыдан бір ғасыр бұрын британ инженері Джон Уилдорф Уорделдің: «Қазақтар өзінің табиғатында қандай сезімтал халық десеңші, балаларын сондай жақсы көреді, …білімге деген  құлшыныстары зор» («В казахских степях», с.366) деген сөздері еріксіз еске түседі», – дейді депутат.

Азат Перуашев «Ақ жол» филиалына осы отбасыларды компьютер немесе телефондармен (интернеттің болуына қарай) қамтамасыз етуді тапсырды.

Арқалыққа жасаған сапары барысында партия төрағасы өңірдегі өндірістік нысандарға да ат басын бұрған екен. Арқалық ТЭЦ  реконструкциясы жұмыстарының барысымен танысқан. Осы жұмыстарға облыс басшылығы 8 миллиардтан астам қаражат бөлген. Жұмыс карантиндік шектеулерге қарамастан келесі жылы аяқтау жоспарланған. Арқалық ТЭЦ-ін мазуттан Шұбаркөл көміріне ауыстыру көзделген. Ол шығындарды едәуір төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін дамыту үшін резервтік қуаттылығын арттырады-мыс.

Сонан соң, «Торғай Ет» ет өңдеу кешеніне және өңірдегі дәріханаларға барған. Арқалық қаласының әкімі өңірдегі дәрі жетіспеушілігін мойындап сөйлеп, проблемалардың барын айтқан.

«Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің мәселені «толықтай шешу» туралы есептеріне қайшы келсе де, құрметке лайық шындық. Барлық дәріханалардың алды ұзын-сонар кезекке толы. Кіре берістерінде: «Парацетомол, Лидокоин, Цефазолин, Аскорбиновая кислота ЖОҚ» деген жазулар жазылған. Дәрілердің кейбір атаулары сызылып, кейбіреулері бұрынғылардың үстінен жаңадан жазылған», – дейді депутат.

Азат Перуашев қаланың әр жеріндегі 3 дәріханада кезекте тұрып, тұтынушылар мен сатушылармен сөйлескен.

Дәріханашылар «СК-Фармацияның» мемлекеттік мекемелерді жеткізу туралы мәлімдемесіне наразы.

«Бізге өзіміздің Қазақстанның азаматтары ғой келетін. Неліктен оларға дәрі жетпейді? Олардың кінәсі не? Біз дәрі-дәрмек беруді сұрамаймыз, біз оларды «СК-Фармаксиядан» сатып алуға дайынбыз. Қазір нарықты толықтыру керек, дүрбелеңді төмендету керек. Мемлекеттен дәрі-дәрмек алу үшін адам ауруханаға баруы керек, оның ауруханаға дереу қабылдауы өте қиын. Бірақ, олар емделуі керек. Содан соң олар бізге келеді, ал біз көмектесе алмаймыз. Егер аймақтық ұйымда дәрі-дәрмек болып, біз оны сатып тауыссақ, олардың орнын толықтыруға кемінде төрт күн қажет. Адамдар кейде екі-үш күнде қайтыс болып кетіп жатыр.

Халық бағаның қымбаттағанына қарамай дәрілерді сатып алуда. Әкесін, анасын құтқару үшін несие алғандар да бар.

Арқалық сынды кішкентай қалада біреудің қиындығын өз пайдамызға жарата алмаймыз. Бәріміз бір-бірімізге туыспыз, көршіміз, сыныптаспыз.

Қазір бағаның тұрақталғаны жақсы болды. «СК-Фармация» үстеме бағамен басқаларға сатты деген сыбыс бар. Одан да жеке дәріханаларға ресми бергені жақсы еді», – дейді дәріханашылар.

«Бізге өзіміздің Қазақстанның азаматтары ғой келетін. Неліктен оларға дәрі жетпейді? Олардың кінәсі не? Біз дәрі-дәрмек беруді сұрамаймыз, біз оларды «СК-Фармаксиядан» сатып алуға дайынбыз. Қазір нарықты толықтыру керек, дүрбелеңді төмендету керек. Мемлекеттен дәрі-дәрмек алу үшін адам ауруханаға баруы керек, оның ауруханаға дереу қабылдауы өте қиын. Бірақ, олар емделуі керек. Содан соң олар бізге келеді, ал біз көмектесе алмаймыз. Егер аймақтық ұйымда дәрі-дәрмек болып, біз оны сатып тауыссақ, олардың орнын толықтыруға кемінде төрт күн қажет. Адамдар кейде екі-үш күнде қайтыс болып кетіп жатыр.

Халық бағаның қымбаттағанына қарамай дәрілерді сатып алуда. Әкесін, анасын құтқару үшін несие алғандар да бар.

Арқалық сынды кішкентай қалада біреудің қиындығын өз пайдамызға жарата алмаймыз. Бәріміз бір-бірімізге туыспыз, көршіміз, сыныптаспыз.

Қазір бағаның тұрақталғаны жақсы болды. «СК-Фармация» үстеме бағамен басқаларға сатты деген сыбыс бар. Одан да жеке дәріханаларға ресми бергені жақсы еді», – дейді дәріханашылар.