31
Мамыр

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Халықаралық ғылыми онлайн-конференция өтті

31 мамыр 2021 жыл, «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

         «Ақ жол» Демократиялық партиясы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесе 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаш және ашаршылық қасіреті: себептері мен салдарлары» Халықаралық ғылыми онлайн-конференция өткізді.

         Конференцияға «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, Алаш және ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан мемлекеттерінің тарихшы ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

         - Өздеріңіз білетіндей, «Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысының идеялық мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша үнемі жұмыстар жүргізеді. Жыл сайын ғылыми зерттеу жұмыстарының конкурстары, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, жарияланымдар жарық көреді. Бүгінгі конференцияны Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арнап, тың деректермен пікір алмасу арқылы Алаш тарихын зерделуге тағы бір қадам жасап отырмыз, – деді А.Перуашев.

         Іс-шарада «Әулие Ата өңіріндегі ашаршылық» (құрастырушы Т.Байқұлов), «Сұлтанбек Қожанұлы: таңдамалы шығармалары және архив құжаттары» (құрастырушы Амантай Шәріп, Хазіретәлі Тұрсын) кітаптарының таныстырылымы өтті.

                Конференцияда Владимир Сергийчук, Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті әлем украиндары кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессоры «1932-1933 жылдардағы Ашаршылықты зерттеуге қатысты жаңа көзқарастар» (Украина, Киев қ.);

Наталья Аблажей, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы. «1930 жж. басындағы ашаршылықтың Қазақстанға тигізген эмиграциялық зардаптары» (Ресей Федерациясы,  Новосибирск қ.);

Жумагул Байдилдеев,  И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тарихи мирас» журналының бас редакторы «Қазақстандағы ашаршылық: қырғыз халқының бауырластық көмегі». (Қырғыз Республикасы,  Бішкек қ.);

Дихан Қамзабекулы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессоры «Жүсіпбек Аймауытов және аштық қасіреті» (Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.);

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессоры «Ақмола өңіріндегі 1921-1922 жж. ашаршылық және оны зерттеудің жаңа бағыттары» (Қазақстан, Алматы қ.);

Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Этномәдени зерттеулер» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессоры «1921-1922 жж. Солтүстік Қазақстандағы ашаршылық» (Қазақстан, Петропавл қ.)

Аққали Ахмет,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессоры «Архив құжаттарындағы ашаршылық жайы» (Қазақстан, Атырау қ.) тақырыбында баяндамаларын оқыды.