А.Перуашевтің Е.Біртановқа қатысты сотқа кепілхат жіберуіне байланысты мәлімдемесі

» Сөйлеген сөздер » А.Перуашевтің Е.Біртановқа қатысты сотқа кепілхат жіберуіне байланысты мәлімдемесі

06.11.2020, 16:04

https://t.me/peruash/457

Сотқа Елжан Біртановқа байланысты өзімнің кепілхатымды жолдадым. Журналистерден сұрақтар көп болып жатқандықтан, бұл қадамды түсіндіре кетейін.

  1. Елжанды және оның отбасын бұрыннан жақсы білемін. Бұл – өте зиялы, білімді және лайықты дәрігерлер әулеті. Елжанның өзі жұмысын жедел жәрдем бригадасында, бір сөзбен айтқанда өз мамандығын төменнен бастаған. Оны ақылды, салмақты, жауапкершілігі бар адам ретінде білемін. Оның әкесі марқұм Амантай аға дәрігер және қоғам қайраткері болып, көп жылдар бойы маған ағалық көрсеткен адам. Елжан жұбайымен 5 баланы өсіріп отыр. Шынымен де, олар өте жақсы ата-ана.
  2. Дегенмен, Елжан Амантайұлы Денсаулық сақтау министрі болған соң жеке қарым-қатынасымыз бізге осы саладағы проблемаларды ашық және өткір талқылауға кедергі болған жоқ. Өз басым Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын құрылымдарды ашық болмағандығы, сылбырлығы және жүйенің мәселелерін нақты шеше алмағандары үшін дұрыс сынадым деп ойлаймын. Менің денсаулық саласындағы жағдайға қатаң баға бергенімді ресми сөздерім мен әлеуметтік желідегі жеке жазбалардан көруге болады.
  3. Елжан Амантайұлы да ойын бүкпелемей, өз тәсілдерін «ашық түрде» әрдайым саналы және жоғары кәсіби деңгейде қорғағанын мойындау керек. Мен мұндай дауларды жұмыс барысындағы қалыпты жағдай деп санаймын, өйткені ол да, мен де мемлекеттік мүдделерді, кәсіби міндеттерді жеке қарым-қатынасымызбен шатастырған жоқпыз. Елжан Амантайұлында министр ретінде заңда көрсетілгендей, өз ұстанымын қорғайтын және оны жүзеге асыратын барлық құқықтар мен мүмкіндіктер болды.
  4. Мен өз өтінішімде оған тағылған айыптарға тоқтамауды жөн санадым, сот бұл іске әділ және бейтарап қарайды деп сенемін. Соған қарамастан, оның адами және азаматтық қасиеттерін ескере отырып, барлық процедуралық іс-шараларға отбасынан, оның ішінде кішкентай балалардан оқшауланбай қатыса алады деп сенемін. Елжанның сот төрелігінен қашпайтынына сенімдімін, сондықтан сотқа осындай өтініш жібердім.
  5. Пандемия Денсаулық сақтау жүйесінде көптеген қателіктерді анықтады, олар үшін кез-келген жағдайда мекеме басшысы жауап береді. Бірақ бұл жерде аталған қателіктердің жылдар бойы жиналып қалғандығын, ал, Е.Біртановтың өзінің қателесуі қай жерде болғандығын анықтау қажет болады. Дегенмен, мемлекетке қаржылық залал келтіруде айтылған күдікке байланысты Елжан Амантайұлы өз жұмысында пайдакүнемдікке емес, кәсіби борышын әрдайым басшылыққа алғандығына сенімдімін.