«Ақ жол» Демократиялық партиясы «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы «Алаш» қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді

» Баспасөз релиздері » «Ақ жол» Демократиялық партиясы «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы «Алаш» қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді

25.08.2020, 18:16

25 тамыз 2020 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді.

Конференцияға партия төрағасы Азат Перуашев, “Алаш” мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференцияда Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Еркін Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов, ресейлік тарихшы, профессор Виктор Козодой, белгілі ғалым-профессорлар Дәметкен Сүлейменова, Ғарифолла Әнес, Аққали Ахмет, Жәмбек Сәбит, Думанғазы Арғынғазин және басқа да алаштанушылар баяндама жасап, Алаш ұлттық автономиясы мен биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған Қазақ автономды республикасының тарихи алғышарттары, олардың заманауи мемлекеттілік қалыптастыру жолындағы қызметі және қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы жан-жақты талқыланды. Талқылау барысында сөз сөйлегендер бұл атаулы датаның ел тарихындағы алатын орны, жекелеген қайраткерлердің сіңірген еңбегі және оларды ел жадында сақтау мәселелері жөнінде қызу пікір алмасты.
Ғалымдар мен “Ақ жол” депутаттарының пікірінше, 1920 жылы Қазақ автономиялық Республикасының құрылуы – Кеңес үкіметінің “сыйлығы”, немесе “қайырымдылығы” емес. Керісінше, біраз жылдар бойы өз елінің азаттығы үшін күрескен Алаш арыстары большевиктік билікті қазақ халқының мүддесімен санасуға мәжбүр етті. Яғни, Қазақ Республикасының пайда болғанының басты себебі – Алаш көсемдері жариялаған қазақ елінің қайсарлығы,өр рухы, ұлттық ұстанымдары.
Осындай көзқарасты тіпті отандық емес Ресей профессоры Виктор Козодой жария етті.
Осылай, “Алаш” автономиясы мен Қазақ КАСР еліміздің Тәуелсіздігіне жол салды деуге толық негіз бар деп, шешті конференцияға қатысушылар.
Бүгінгі жиынға қатысқандар Белоруссияда болып жатқан оқиғаларға назар аударып, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін ерекше бағалау мен қолдауға шақырды.
Конференцияға жиналған қауым барлық ұсыныстарды ескере отырып, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды белес болып саналатын Қазақ Республикасының құрылуы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси жағдайларды тереңірек зерттей түсу қажет деген ұйғарымға келді.
Конференцияда жасалған ғылыми баяндамалар жеке жинақ түрінде жарық көретін болады.