“Ақ жол” партиясының төрағасы Азат Перушев Маңғыстау облысында іссапарда болды

» Аймақ - жаңалықтары » Маңғыстау облысы » "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перушев Маңғыстау облысында іссапарда болды

04.10.2020, 11:55


https://t.me/peruash/373

Өткен аптада Маңғыстау облысында іссапарда болдым. Жалау Мыңбайұлының ескерткішінің жанында Қазақ Республикасының 100 жылдығына арналған шарадан соң медицина қызметкерлері мен азаматтық белсенділермен кездесіп, пандемиямен күрес кезіндегі адамдарға араша түскен ерліктері үшін алғыс айттым. Медицина қызметкерлеріне тиесілі төлемақының кешіктіріліп жатқаны жайлы мәселе көтерілді.
Кәсіпкерлермен шағын және орта бизнестің проблемалары, оның ішінде кеме жасау және Каспий жағалауын игеру, Үстірттегі туристік маршруттар жайын сөз еттік. Кейбір даулы мәселелерді (жер телімдерін бөлу, туристік нысандарды дамыту, кемежасауды реттеу, теңіздегі құтқару және су асты қызметтері) заңға өзгерістер ұсыну және тиісті мекемелермен келісімдер жүргізу жөнінде келістік.
Облыстағы 150 орындық стационары бар онкологиялық диспансерде болып, емделушілермен әңгімелестім. Бас дәрігердің айтуынша, басқа аймақтармен салыстырғанда мұнда емдеу шаралары да, дәрі-дәрмек те үзілген емес. Естеріңізге сала кетейін, біздің фракция онкоауруларды емдеу мен дәрімен қамтамасыз етуді тоқтатпауды талап етіп Денсауминистрлігіне сауал жолдаған болатын. Бұл жөнінде бізге бірқатар облыстар дабыл қағып, қарағандылық журналист Ирина Московка денсауминистрлігі мен СК-Фармацияны сотқа да берген. Маңғыстаулық онкостационардың емделушілері бас дәрігердің айтқанын растады, дегенмен, маусым-шілде айларында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі болғанын да айта кетті.
BI-групп жылдам технологиямен салып жатқан жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысында болдым. Облыстың және
Жаңа Өзеннің басшыларымен жергілікті жерлерді дамытуда инвесторлармен жұмыс мәселесін, 2021 жылдан бастап ДСҰ-ның талаптарына сәйкес қазба байлықтары жөніндегі Кодексте тоқтатылатын жұмыспен қамту және офсеттік саясат нормаларын талқыладық. Бірнеше кәсіпкерлерден даулы сот шешімдері және бизнесмендерді соттауға қатысты прокуратура органдарына жазған арыз-шағымдарын қабылдап алдым.
Қасиетті жұмада Бекет атаның кесенесінде болып, оның ұрпақтары көрсеткен әулиенің Құраны мен жеке қолжазбаларына қол тигізу құрметіне ие болдым.