«Ақ жол»: Семей қаласына ерекше мәртебе беру керек

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол»: Семей қаласына ерекше мәртебе беру керек

18.12.2019, 14:10

18 желтоқсан 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясы Қазақ руханиятының ошағы, Абайдың елі – Семей қаласына ерекше мәртебе беру керек деп санайды. Бұл туралы фракция төрағасы Азат Перуашев бүгін Мәжіліс отырысында ҚР Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Келесі жылы Президент бастамасымен халқымыздың абызы, заманауи  қазақ тілінің құрастырушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтіледі.

Осыған орай, бүгінде Семей өңірінде бірқатар шаралар қолға алынды. Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, гүлденуіне күш жұмсалуда.

«Әрине, халық та Семей қаласының өсуіне, өркендеуіне қуануда. Өйткені, Семей қаласының географиялық орны, экономикалық деңгейі, саяси мұрасы оған әбден лайық. «Алаш Орда» Қазақ ұлттық автономиясының астанасы болған, солтүстік шекараның бойында орналасқан, бүгінде үш жүз отыз мыңдай халқы бар, облыс орталығы емес қалалардың арасындағы ең үлкен елді мекен, автотехника, ұн, цемент, көмір, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп т.б. тауарлар шығаратын ірі өндірістері орналасқан Семей қаласы Абайдың мерей тойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеуі керек» – деді Азат Перуашев.

Толық мәтін төменде келтірілген.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Баршамызға белгілі, келесі жылы Президент бастамасымен   халқымыздың абызы, заманауи  қазақ тілінің құрастырушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтіледі.

Ғасырлардың тоғысында ұлтымызды оятушы да, ұялтушы да – Ұлы Абай! Оның тек ұлттық әдебиетке ғана емес, сонымен бірге халқымыздың дамуына, ағартушылыққа, өркениетіне еткен әсері ерекше.

Алаш көсемдері Абайды өздерінің рухани ұстазы есептегені де құпия емес. Абай бүтіндей бір ұлттың санасына төңкеріс жасап, оны сол кездегі прогресшіл әлемнің деңгейіне шығаруға тырысты. Алаштың ұстанымдарының да негізін Абайдан іздеу керек.

Алаш қайраткерлерінің бірі – Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазып, бүкіл әлемге Абай феноменін таныстырды.

Әлихан Бөкейхан түрмеден былай деп жазған: «Қамауға аларда бас-аяғымды қалдырмай тінтіп шығып соңынан, қолымдағы портфелімді алғандарына қатты абыржып қалдым: оның ішінде Абайдың баспаханаға аударып, өткізейін деген қолжазбасы болатын. Түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да, маған бәрі бір, тек «Абайым» сақталса екен дегеннен басқа ойыма ешнәрсе кірген жоқ…».

Міржақып Дулатұлы «Ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай» деген.

Бір сөзбен айтқанда, Абайды ұлықтау, Абайды насихаттау, қарапайым халық арасында Абайдың сөзін таратып, таныстыру, түсіндіру о баста Алаштың еңбегі еді.

Ал, бүгінгі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын лайықты деңгейінде өткізуге берген тапсырмасы Мемлекет басшысы ретінде оның ең алғашқы және маңызды шешімдерінің бірі. Президент «Семейдің әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар» деп, оның ерекше маңызын құптады.

Осыған орай, бүгінгі күні Абай жері –  Семей өңірінде бірқатар шаралар қолға алынды. Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, гүлденуіне күш жұмсалуда.

Әрине, халық та Семей қаласының өсуіне, өркендеуіне қуануда. Өйткені, Семей қаласының географиялық орны, экономикалық деңгейі, саяси мұрасы оған әбден лайық. «Алаш Орда» Қазақ ұлттық автономиясының астанасы болған, солтүстік шекараның бойында орналасқан, бүгінде үш жүз отыз мыңдай халқы бар, облыс орталығы емес қалалардың арасындағы ең үлкен елді мекен,  автотехника, ұн, цемент, көмір, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп т.б. тауарлар шығаратын ірі өндірістері орналасқан Семей қаласы Абайдың мерей тойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеуі керек.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен түрік елдерінің алтын бесігі – ежелгі Түркістан қаласы – облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаһарына республикалық дәреже берілді. Бұл тарихи шешім Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайта нығайтуға жол ашты. Ал, Шымкент өз мәртебесін түсірмей, еліміздің бетке ұстар қалалардың бірі ретінде ары қарай дамуда.

 Осы орайда, кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан, Абай  рухының ордасы – Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймыз.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-ші бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны бір миллион адамнан асатын елді мекендер, немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы – дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан, оған ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары   

Жауап