«Ақ жол» балалардың жазғы демалыс лагерлерінің жұмыс істеуі үшін эпидемиялық қауіпсіздіктің бірыңғай талаптарын әзірлеуді талап етеді

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол» балалардың жазғы демалыс лагерлерінің жұмыс істеуі үшін эпидемиялық қауіпсіздіктің бірыңғай талаптарын әзірлеуді талап етеді

02.06.2021, 16:37

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

 «Ақ жол» демократиялық партиясына демалыс саласындағы шағын және орта бизнес өкілдері мектеп жасындағы балаларға арналған қала сыртындағы, жазғы, сауықтыру лагерлерін уақтылы ашу туралы өтініш білдіруде.

Жергілікті білім беру және денсаулық сақтау органдарына жолданған сұрақтар көбінесе жауапсыз қалады, ал балалардың жазғы демалысы басталып кетті.

2020 жылы елде коронавирустық пандемияға байланысты сауықтыру науқаны бірнеше рет кейінге қалдырылды. Нәтижесінде лагерьлер жабық күйінде қалды.

Экономиканың осы секторындағы шағын орта бизнес осымен екінші жыл қала сыртындағы демалыс пен балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлардың туындауын шыдамдылықпен күтуде.

Ашылу күнінің белгісіздігі сала кәсіпорындарының негізсіз шығындарын тудырады. Балалар лагерлері инфрақұрылымның қажетті профилактикалық жағдайын үнемі ұстап тұруға, уақытша қызметкерлерге жалақы төлеуге, коммуналдық шығындарды көтеруге мәжбүр.

Сондай-ақ, балалар лагерлеріне мемлекет тарапынан демеуқаржы бөлінбейтінін ескеру қажет, олар жазғы кезеңде – маусымнан қыркүйекке дейін үш ай жұмыс істеу үшін ғана өз кешендерін жыл бойы бірқалыпты режимде ұстауды өздері қамтамасыз етеді.

Пандемияның жалғасып жатқаны бәрімізге белгілі. Өкінішке орай балалар да вирусты жұқтыруы мүмкін, біз бұл маңызды мәселе екенін түсінеміз, жазғы демалыс аурудың өршуіне себеп болмауы керек екенін түсінеміз. Сондықтан бизнесті балаларды да, өз қызметкерлерін де қорғау үшін нақты стандарттар мен талаптарға бағыттауды сұраймыз.

Балалар толыққанды демалыс алуы тиіс, өйткені екінші жыл қатарынан демалыстан, балалық шақтың қызығынан айырылып отыр. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігі басты талап болуы тиіс.

Ұйымдастырылған жазғы лагерьлер балалар демалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шомылу мен тау жорықтарын қоса алғанда, барлық іс-шараларға тек арнайы бөлінген орындарда кепілдік беруге арналған.

Балаларға арналған жазғы мекемелерді уақтылы ашу мақсатында пандемия кезеңінде бос уақытты өткізу мекемелерінің қызметкерлерін толық вакцинациялау бойынша бірыңғай өлшемдер мен талаптарды қысқа мерзімде реттеу қажет. Сондай-ақ бизнестің осы түрін мемлекет тарапынан да қолдау артық болмайды.

Мысалы, Ресейде ағымдағы 2021 жылы 545 балалар лагері ашылуда, Үкімет деңгейінде балалар туризмін қолдау бойынша бағдарламалар әзірленді.  

Осылайша, балалар туристік кэшбэк бағдарламасы іске қосылды, онда ата-аналар бүкіл ел бойынша балалар лагерьлеріне жолдамалар сатып ала алады және бес күн ішінде төлем карточкасына жолдама құнынан 50% ақшалай қаражатты автоматты түрде қайтара алады. Нәтижесінде жолдамаларға сұранысты арттырады және демалыс орындарын балалар контингентімен толтырады, ал бұл сала бізде ақсаңдап тұр деп айтуға болады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, құрметті Ералы Лұқпанұлы, «Ақ жол» депутаттық фракциясы аталған мәселеге назар аудару қажет деп санайды және балаларға арналған жазғы сауықтыру мекемелерінің жұмысын уақтылы қайта бастау мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ балалар жазғы демалыс лагерлерін ашу және олардың жұмыс істеуі үшін эпидемиялық қауіпсіздіктің бірыңғай критерийлері мен талаптарын әзірлеуді сұрайды. 

 Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары