«Ақ жол»: Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Әбілдаев ветеринариялық ахуалды жақсарту мәселерін көтерді

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол»: Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Әбілдаев ветеринариялық ахуалды жақсарту мәселерін көтерді

17.03.2021, 12:21

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

Қазақ халқы бір-бірімен кездесіп, амандасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деп сұрауы тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі.

Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ішіндегі жетекші салалардың бірі болса, ветерания оның ең өзекті жүйесі болып табылады.

Ұлы физиолог И. П. Павловтың сөзі бар: «Медицина адамды емдейді, ал, ветеринария адамзатты емдейді». Яғни, ветеринария жан-жануар мен адам арасындағы қалқан тәрізді қызмет атқарушы үлкен бір жүйе.

Колхоз, совхоз тарап жекешелендіру басталғанда ветеренария саласына көңіл бөлінбей, нәтижесінде ауру көбейді. Ал, қазір вакциналар салынып, малға ем жасалуда. Бірақ, әлі де кемшіліктер аз емес.

Ветеринария жүйесіндегі тоқырау, ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің зардап шегуі мен табысынан қағылуы, мал шаруашылығы саласының инвестциялық тартымдылығының төмендеуі, бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы сияқты  жағымсыз салдарға әкеліп соғады.

Сондықтан, «Ақ жол» партиясының мүшелері, ветеринария жүйесінің дамуы және келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін, орын алған мәселелерді тілге тиек ете отырып, өз ұсыныстарымызды алға тартамыз.

1. Вакциналар жөнінде. Фермерлер мемлекет сатып алған вакциналарды қолдануға мәжбүр. 2020 жылы нодульдік дерматиттің таралуына байланысты, әр түрлі вакциналау жүрді. Нәтижесінде мал қырылған фактілер аз емес.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, аурудың алдын алу үшін, вакциналау міндетті шара (Бразилия және мал шаруашылығы біршама дамыған басқа да елдер). Бірақ, мемлекет вакцинаны сатып алмайды, екпе препаратына сертификат береді.

Онымен қоса, мемлекет бруцеллез сияқты аса қауіпті ауруларды диагностика жасау үшін, жылына миллиардтаған қаражат бөледі. Жергілікті бюджеттен санитарлық союды компенсациялау үшін қаншама қаражат жаратады. Бірақ, бұл мәселені шешіп отырған жоқ. Оның орнына, осы қаражатты бруцеллез ауруына қарсы міндетті вакцинациялауға жұмсаған жағдайда, 2-3 жылда бұл індеттен толық құтылуға болады.

Ұсыныс. Мемлекеттің рөлі, өнімді сертификаттау. Ал, бизнесте таңдау болуы керек.  Ресми ветеринарлар тарапынан міндетті бақылауда, мемлекет беретін вакциналардың орнына, сертификатталған вакциналарды пайдалануға рұқсат беру және бруцеллез ауруына қарсы міндетті вакцинациялау жасау.

2. Орталықтандырылған сатып алу. Мал шаруашылығы ақпарттық жүйесінде тіркеуге алынатын мемлекеттік биркаларға қатысты.

Ереже бойынша, төл туылғаннан кейін, бір апта ішінде ол тіркелуі тиіс. Ал, тіркелмеген жағдайда, мал шаруашылығы ақпарттық жүйесінде  деректердің бұрмалануына, фермерлерге негізсіз айыппұл салуға, мемлекеттік қолдаудан қағылу жағдайына әкеп соғады.

Мысалы, төл жөніндегі мәліметті, мал шаруашылығы ақпарттық жүйесі базасына, үш айдан кешіктірмей енгізу мүмкін емес. Өйткені биркалар ең жылдам дегенде жаз айларында ғана келіп түседі. Жануарларды сәйкестендіруде – бирка (таңба) алу ұзақ поцесс.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарларды сәйкестендіру ережесі және мал шаруашылығы ақпараттық базасына деректерді енгізу ережесінің талаптарына қарамастан, мемлекеттік сатып алу жүйесіне сілтеп, биркалармен уақтылы қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін дер кезінде іске асырмайды.

Ұсыныс. Мемлекеттік өндіруші зауыттармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі МЖӘ) механизмі бойынша келісім шарттар жасауға мүмкіндік беру. Оның салдарынан, биркалар бағасы төмендейді, жеткізушілер ұзақ мерзімді келісім шартпен қамтамасыз етіледі, шаруалар биркаларға дер кезінде қол жеткізеді және ұйымдастырылған шаруа қожалықтары биркаларды өз бетінше сатып ала алады.

3. Мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі.  Аталмыш жүйе 10 жыл бұрын әзірленген, бүгінде мұндай формат заман талабына сай емес,ескіріп тоқырауға түскен.

Бұрыс деректерден бөлек, жүйе алақол пайдаланушылардың айла-әрекеттеріне ұрынып отыр. Демек, алаяқтық пен бюджеттік қаражатты оңды-солды етудің қаупі жоғары.  Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджеттік қаражатты жұмсап, бұл проблеманы өздігінен шешуге тырысып жатыр. Алайда әлі күнге нәтиже байқалмайды.

Блокчейін сияқты заманауи технологиялар бар. Онда мал иесі электронды өтінім жібереді, ал ветеринар келіп түскен өтінімді жай ғана тіркеп қояды. Осылайша операцияның цифрлық ізі белгіленеді. Бұл қате енгізу мен алаяқтықтан қорғанудың жолы.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқаруында мұндай технологиялар енгізіліп жатқан жоқ, жүйе дамымаған. Яғни, мемлекеттік органның мал шаруашылығы ақпараттық жүйесімен жұмысындағы монополиясын жою қажет. Бүгінде басқа салаларда сәтті практикаларды байқап отырмыз.

Тіптіеgov.kz-тің өзі мемлекеттік қызметтердің бірыңғай оператор болуды тоқтатты.  «Енді, еgov.kz мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде көрсету бойынша монополиялық терезе болмайды. Демек, мемлекеттік қызметтер барлық платформаларда, тіпті «Каспий» қосымшасында да көрсетіледі!» – деді өткен жылдың аяғында Б. Мусин.

Ұсыныс. Мал шаруашылығын дамытуда МЖӘ механизмі бойынша жеке операторлармен жұмыс істеп, көпарналылық(бірнеше оператормен жұмыс) әдістемесін енгізу қажет. Мұндай үдеріс клиентке жұмыс істеуді бағдарлап, жүйелер арасындағы бәсекелестікті қарқынды дамытуға бастамашы болады. Расталмаған деректер мәселесі жойылып, қағаз жүзіндегі құжат айналымы доғарады.  

4. Материалдық-техникалық жабдықтау. Мемлекеттік ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар. Соның ішінде зертханалар жағдайы көңіл көншітпейді.

Мәліметтер бойынша, мемлекеттік зертханалар талдауының дәйексіздігіне қатысты шағымдар бар. Мысалы: талдау жүргізіліп, мал қанында, инфекциялар анықталады, ал тәуелсіз зертханадан анализді қайта тапсырғанда теріс нәтиже шығады. Кәсіпорын уақытын сарп етіп, ресурстарын жоғалтады, табысынан қағылады. Тіпті реактивтер табылмай, реагенттердің жарамдылық мерзімі талапқа сай келмейтіндігі анықталған.

Оған қоса, жеке зертханаларға аса қауіпті ауру түрлеріне талдау жүргізуге тыйым салынған. Мұндай шешім нарықты тарылтып, бәсекелестікті тұншықтырады.

Талдау жүргізуде қаражат үнемдеуге болмайды. Ветеринариялық зертханалар салу үшін, соңғы рет инвестиция 2010-2013 жылдары салынған.

Ұсыныс. Талдау жүргізуді бәсекелік ортаға шығару. Бұл талдау құнын төмендетіп, сапаны арттыруға жол ашады.  

5. Маман тапшылығы. Қазіргі таңда осы салада маман тапшы. Білікті ветеринарлардың болмауы сала дамуын кенжелетуде. Оның бір себебі – мемлекеттік ветеринар дәрігерлердің еңбек ақысының (орташа айлық ақысы – 70 мың теңге) төмендігінде. Қаражаттың аздығы білікті мамандардың тапшылығына, жастардың осы мамандыққа баруға ынтаның болмауына әкеп соғады. Көп жағдайда 1 мал дәрігері бірнеше ауыл округіне қызмет көрсетеді.

Ұсыныс. Жоғарғы оқу орындарында ветеринар мамандарына гранттар санын арттырып, маманның айлық ақысын көтеру.

6. Малдың жүріп-тұруын қадағалау жүйесі. ЕЭК-тің малдың жүріп-тұруын қадағалау жүйесіне көзқарасы маңызды. Одақ тарапынан Қазақстанға Сәйкестендіру нөмірлері эмиссияларын ұлт деңгейінде орталықтандыру ұсынылуда. Ары қарай нөмірлер ұлттық жүйелерде тіркеледі. Мұндай тәсіл Қазақстанды тәуелді етіп, оның цифрлық егемендігіне нұқсан келтіреді.

Ұсыныс. Сәйкестендіру нөмірлері эмиссиясын құқықты ұлттық жүйелердің құзырына қалдыру қажет.

Онымен қоса, саладағы осындай мүшкіл жағдайға қарамастан Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарияға қажетті көңіл бөлмей отыр.

Ветеринариялық бақылау және қадағау комитетінің төрағасы және екі орынбасары қызмет орындары жарты жылдан бері бос. Ветеринария жөніндегі салалық вице-министр тағайындалмаған.

Мал шаруашылығы өнімін экспорттау үшін жаңа нарықтарды ашу бойынша жұмыс істеліп жатқан жоқ. Ал, бұған дейін жұмыс істеп келген нарықтар жабылуда.

Ветеринариялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс тоқтап, ағымдағы мәселелер қордаланып қалған. Айта берсек, кемшіліктер аз емес. 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Халықтың денсаулығын адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау. Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын жұқпалы және экзотикалық аурулардан қорғау ветерания саласының міндеті.

Ал, жүйе ақсап тұрғанда, ауыл шаруашылығы саласы шаш етектен шығынға батып қана қоймай, ауру адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді. «Ауру – астан» деп бекер айтылмаған. Ішіп отырған азық-түлігіңіз, сүтіңіз, етіңіз таза болса, ауру да болмайды.

Сондықтан да,  осы саланы жетілдіруге байланысты ұсыныстарымызды алға тарта отырып, қолдауыңызды сұраймыз.

 Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары