«Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары Жаңаөзен қаласына іссапармен барды

» Баспасөз релиздері » «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары Жаңаөзен қаласына іссапармен барды

05.10.2021, 17:43

5 қазан 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы

 «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары Жаңбырбай Матаев, Гүлмайса Шаңбаева жұмыс сапарымен Жаңаөзен қаласына барды.

Сапар аясында депутаттар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров, қалалық мәслихат хатшысы Темір Мусаевтармен кездесті.

Кездесуге «Ақ жол» партиясының Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаттары Бердібек Есенжанов пен Мақсат Мұқаш және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қаладағы шешімін табуды қажет ететін мәселелер талқыланды. Сондай-ақ алдағы жұмыс жоспары таныстырылды.  

«Үкімет отырысында Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қаралды. Маңғыстау облысы даму әлеуеті жоғары өңір екені белгілі. Негізгі капиталға инвестиция 2 есе ұлғайып, 2025 жылы 1,2 трлн теңгені құрамақ. яғни, өңір экономикасы 32%-ға өспек», – деді қала басшысы Мақсат Ибағаров.

Мұнан соң ақжолдықтар Жаңаөзен қаласындағы көпбейінді қалалық аурухана ұжымымен кездесті.

Жиында індетпен күресіп, қиын сәтте халықтың денсаулығына араша түскен аурухананың медбикелері мен кіші қызметкерлерін партия атынан «Жанқиярлық күрес үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Медициналық мекеме қызметкерлері еңбектерін елеу мақсатында “Еңбек ардагері” марапатына ұсынылу және жалдамалы қызметтік үйлеріне байланысты өзекті мәселелерін көтерді.   Жиын соңында, ақ халатты абзал жандар халық қалаулыларына ризашылықтарын білдіріп, тілектерін жаудырды.