«Ақ жол» Қазақстанның басты байлығы, астық және оны өндеу саласын қолдауды талап етті

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол» Қазақстанның басты байлығы, астық және оны өндеу саласын қолдауды талап етті

03.02.2021, 13:18

Қазақстан Республикасының

Сауда және интеграция министрі

Б. Т. Сұлтановқа

Құрметті Бақыт Тұрлыханұлы!

«Ақ жол» партиясына Қазақстан астықты қайта өңдеушілер одағы бастаған ұн өндіру саласының көптеген кәсіпкерлері қол қойған  Сауда және интеграция министрлігінің ұн өнімін биржалық тауарлардың қатарына қосқан шешіміне байланысты үндеу хаты келіп түсті.

Хатта Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес бірінші сортты бидай ұнын биржалық тауарлар тізіміне енгізілгені баяндалған.

Еліміздің басты байлықтарының бірі Ұн өндіру саласы кәсіпкерлерінің шағымына жүгінсек, ұн экспортының мәселелері сонау 2000 жылдан бастау алады екен. Ең алғашқы болып Қазақстаннан еліне кіретін ұнға 18 пайыз қосымша құн салығын енгізіп, яғни, біздің ұнның сатылуына тосқауыл қойып,  оның орнына біздің жоғарғы сапалы бидайды сатып алып, қайта өңдеуді қолға алған Тәжікстан еді.

Егер статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылы біз  Тәжікстанға 450 000 – 500 000 т дейін ұн және 200 000 т бидай жөнелтсек, 2012 жылы
50 000 т ғана ұн мен, керісінше, млн. тонна бидай жөнелтіппіз.

Біздің ұнды үлкен көлемде сатып алушы екінші көршіміз Өзбекстан да  осы жолға түсіп, өз кәсіпкерлерін  және қайта өңдеушілерін қолдау мақсатында акциз, баж, кіріске құн салығын көтеріп, ақыр аяғында өз бидайымыздан өндірілген ұнды бізге арзан бағамен сатып отыр.

Бүгінде отандық ұн өндірушілерінің қолында қалған ірі сауда нарығы – ол Ауғанстан мемлекеті. Бұл нарық үшін бәсекелестік талас жүруде. Сол себепті Өзбекстан арқылы біздің ұнды тасымалдау қиыншылықтарға ұшырауда.

Егер бірінші сортты ұн биржалық тауарлардың қатарына енетін болса, оның үстіне бұл салаға қолдау мен преференцияның жоқ екенін және осы жылдың қаңтарынан бастап бір сәтте елдің ішінде бидайды тасу тарифінің көтерілуі мен өзбек елі арқылы өнім тасудың шектелуін ескерсек, онда Қазақстан үшін соңғы ірі ұн нарығы болып отырған Ауған экспорты да жабылатынына күмән жоқ.

Орташа есеп бойынша, біздің ұнды биржа арқылы саудалау оның өзіндік құнының 500 тоннаға шаққанда 1000 АҚШ долларына қымбаттауына әкеп соғады. Бұл фактор ауған нарығында біздің ұн өндірушілерге кері әсер етіп, өзбек және тәжік бәсекелестерінің пайдасына шешілуі мүмкін.

Бұл туралы біздің Сауда және интеграция министрлігі не ойлап отыр?

Елімізде  ұн тартатын 1 300 диірменнің бүгінде 270-і ғана жұмыс істеп жатыр, ал қалғандары Өзбекстан мен Тәжікстанға барып орнығуда. Бүгінде Қазақстан ірі ұн экспортеры дәрежесінен шикізат көзіне айналу қаупінің алдында тұр.

 Отандық ұн өндірушілер және осы саланың сарапшылары бірінші сортты ұнды биржалық тауар тізімінен алып тастауды талап етуде. Өйткені:

1) бірінші сортты ұн – әр компанияның бренді болып табылады, яғни, сатып алушы өзінің сенімді тауар берушіден жай ғана ұнды емес,  тексерілген өнімді сатып алады;

2) ұнның сақталу мерзімі 3-5 ай ғана, яғни, биржалық саудаға сәйкес келмейді;

3) ауған сатып алушыларының биржалық саудаларға қатысатын техникалық мүмкіндіктері болмағандықтан, биржалық сауданың шым-шытырығына бас қатырмай, өзбек ұнын сатып алуға жол ашып беруіміз болып табылады.

4) Қазақстанның бірқатар ұн өндіретін кәсіпорындарының бірінші сортты ұны басқа елдерде өндірушілердің ұнынан сапасы жағынан әлдеқайда жоғары және қымбат тұрады. Сондықтан сауда объектісі ретінде ұн сортына қарай стандартты және біржақты белгілер бойынша биржалық тауарларға жатпайды.

5) әлемдік тәжірибеде ұн биржада сатылмайды және биржалық тауар болып есептелмейді.   

2017 жылы Қазақстанның Ұн өндірушілер саласын қолдау мақсатында «Ақ жол» партиясы жолдаған депутаттық сауалында бүгін туындап отырған мәселелер көтеріліп, өкінішке орай, қолдау таппаған болатын.

Құрметті Бақыт Тұрлыханұлы! Жоғарыда айтылғандарды және ұлттық мүддені ескере отырып:

  1. бірінші сортты бидай ұнын биржалық тауарлар тізімінен алып тастауды;
  2. ұн өндіру саласын қолдаудың стратегиялық бағдарламасын әзірлеуді және  өндірушілерді қорғаудың жүйелі шараларын қабылдауды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясыныңдепутаттары