«Ақ жолдың» депутаттық сауалдарынан кейін Нұр-Сұлтан қаласының шетінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады

» Баспасөз релиздері » «Ақ жолдың» депутаттық сауалдарынан кейін Нұр-Сұлтан қаласының шетінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады

18.01.2021, 15:08

18 қаңтар 2021 жыл, Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» депутаттық сауалдарынан кейін Нұр-Сұлтан қаласының шетінде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгіновтің Instagram парқшасына сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлады (https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/okrainah-nur-sultana-postroyat-4-fizkulturno-ozdorovitelnyih-425819/).

Айта кетейік, 2020 жылдың 24 қарашасында Берік Дүйсембинов «Ақ жол» фракциясының атынан қолжетімді спорт кешендерін салу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.

Сауалда урбанизация көптеген әлеуметтік проблемаларды тудыратыны, халық тығыз орналасқан агломерациялар мен инфрақұрылымы жеткілікті дамымаған жаңа ауылдар пайда болатыны атап өтілді. Мәселен, елорданың айналасында 25-тен 80 мыңға дейін халқы бар көптеген ауылдар пайда болды.

Енді осындай ауылдардың жастары арасында қылмыс жасаудың өсуі алаңдатарлық жағдайға айналуда. «Ақжолдықтардың» пікірінше, мұның себептерінің бірі – ауылдарда жастарға арналған спорт залдарының немесе бос уақыт өткізетін орталықтардың болмауы.

«Неліктен үкімет миллиардтаған долларлық ЛРТ типіндегі «сыбайлас жемқорлық ескерткіштерін», құны 30 ауруханаға немесе мектепке тең шаңғы трамплинін, қалалардағы сәнді спорт сарайларын салуға мүмкіндік бере алады да, ұлттық спорт түрлерін жандандыру үшін шағын, қол жетімді спорт залдарын немесе жабық ат спорты алаңдарын салу мүмкіндігін қарастырмайды?», – деп «Ақ жол» депутаттары сұраған болатын.

Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттары үкіметке агломерацияларды және облыс орталықтарын қоршап тұрған ірі елді мекендерді дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды және әрбір ауылды халық санына сәйкес қолжетімді мәдениет және спорт объектілерімен қамтамасыз етуді ұсынды.

«Ақ жол» партиясы мен оның парламенттік фракциясы елорда маңында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу туралы шешімді құптайды, осындай шаралар басқа да аймақтарда қабылдануы қажеттігін еске салады.