20
Тамыз

Азат Перуашев аймақтардағы кездесулерде түскен кейбір мәселелер бойынша қорытынды жасады

https://t.me/peruash/2528

Алдыңғы бір жазбамда уәде еткендей, аймақтардағы кездесулерде маған түскен кейбір мәселелер бойынша қорытынды жасауға тырысайын.
15 тамызда Ақтауда өткен кездесуде көтерілген сұрақтардың бірі - мұнайшылардың табысындағы сәйкессіздік.
Жазда Маңғыстау облысында мердігерлік және мұнай сервистік компаниялар қызметкерлері бастаған бірнеше ереуілдер өткені көпшілікке белгілі. Осыған байланысты «Капремсервис» ЖШС директоры Замир Теміртасов «ҚазМұнайГаз» АҚ кәсіпорындары мен жеке мердігерлік және сервистік компаниялар қызметкерлерінің жалақысындағы екі-үш есе айырмашылықтың мысалдарын келтірген болатын.
Нақтылай кетсек, ҚМГ жүйесінде бұрғылаушы 500 мың теңге, ал бұрғылаушының көмекшісі 350 мың теңге жалақы алады, сервистік компанияларда – жалақы мөлшері тиісінше 210 мың теңге және 180 мың теңге; ал шебер болса 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін алады, ал мердігерлерде 320 мың теңге жалақыны қанағат тұтады.
Жұмыстың сипаты мен көлемі бірдей бола тұра орын алған бұл сәйкессіздік адамдардың наразылығын тудырады. Кейбір мәліметтер бойынша, осы сәйкессіздіктің себебінен Өзен, Солтүстік Бозашы және т.б. кен орындарында әлеуметтік шиеленіс орын алады.
Осыған байланысты З.Теміртасов ҚМГ жүйесіндегі тапсырыс берушілерді мердігерлік және жөндеу жұмыстарының бағаларын корпоративішілік деңгейге дейін арттыруды міндеттеуді ұсынды.
Осыған байланысты мен мұнай сервисі саласындағы әріптестеріме а.ж. 3 тамызда «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаевпен кездескенімді хабарладым, онда ереуілдер тақырыбын талқылаған болатынбыз. Алик Серікұлы наразылықтың басты себебі жалақының сәйкессіздігінде екенін атап өтті. Сонымен қатар, тапсырыс беруші ретінде ұлттық компанияның мердігер ұйымның қаржылық саясатына араласуға құқығы жоқ. Тендерде жеңіске жету үшін көптеген мердігерлер өтінім сомасын барынша қысқартады; сонымен бірге, олар технологиялық процестерде үнемдей алмайтындықтан, көбінесе шығындарды жалақы қорының есебінен қысқартатыны түсінікті.
Осыған байланысты ҚМГ мердігерлерге қызметкерлердің жалақысын ұлттық компаниямен салыстырмалы деңгейде белгілеу мүмкіндігін пысықтауда. Алайда бұл үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатып алу ережелеріне тиісті өзгерістер енгізу қажет.
Сонымен қатар, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының депутаттары ағымдағы жылдың мамыр айында Мәжіліс қабылдаған «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар туралы» заң жобасын талқылауға және қабылдауға белсене қатысқан болатын.
Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сатқалиевпен біз аталған заңға кірмеген кейбір сәттер ҰӘҚ сатып алу қағидаларының жаңа редакциясын одан әрі дайындау барысында біздің қатысуымызбен пысықталатын болады деп уағдаластық. Осы мақсатта біз бұған дейін Қордың жауапты қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізіп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендігі туралы ресми жауап алдық.
Сондықтан еңбек ұжымдары көтеріп отырған еңбекақы төлеудің диспропорциясы мәселелерін осы Ережелерді пысықтау арқылы шешуге нақты мүмкіндік бар екенін жеткізгім келеді. Бұл туралы мен З.Теміртасовқа және оның кездесуге қатысқан әріптестеріне хабарладым, сондай-ақ осындай норманың редакциясына олардың өз көзқарасын ұсынуларын сұрадым.