10
Қыркүйек

Ерейментау өңірінде Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналған қазақша күрестен республикалық жарыс өтті

7-8 қыркүйек 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

Ерейментау өңірінде Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналған қазақша күрестен республикалық жарыс өтті.Қазақша күрестен өткен V дәстүрлі мемориалдық түрнир Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген жүзден астам жасөспірім палуандардың басын қосты.

Турнир аталмыш іс-шараның басты ұйымдастырушысы – Перуаш Кәрімұлының немересі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің құттықтау сөзімен ашылды.

Депутат спортшыларға үлкен жеңістер мен толағай табыстар тіледі, ал көрермендерге – әдемі күресті тамашалап, оң әсерге бөленулеріне ниеттес екенін білдірді. Сондай-ақ, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар Р. Ғазизов (26 кг дейін, Ерейментау), Ә. Әлмағамбетов (29 кг дейін, Ерейментау), Ә. Жағалбайұлы (32 кг дейін, Ерейментау), Р. Ерғали (38 кг дейін, Ерейментау), И. Қазыкенов (42 кг дейін, Екібастұз), Р. Қайыркен (46 кг дейін, Екібастұз), А. Әли (50 кг дейін, Баянауыл), Н. Қабылбек (55 кг дейін, Қоянды), Ж. Сағитов (60 кг дейін, Ерейментау). Түйе палуандар арасында 26 адам бақ сынап, жеңісті қанжығасына астаналық Айбат Сейтен алды. Күмісті ерейментаулық Бекбол Нұрланұлы иеленсе, қоланы  нұрсұлтандық Олжас Шенкеев алды.  Әрбір жүлдегерге медаль, диплом, естелік сыйлықтар және ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Жарыс патриоттық-тәрбиелік рухта тағылымды да, тартымды өтті.