04
Қараша

Кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды тоқтату керек – «Ақ жол» депутаттары - "baq.kz"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ жол» кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етті. Тиісті депутаттық сауалды партия депутаттары атынан Мәжіліс отырысында фракция депутаты Кеңес Абсатиров жолдады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының атына кәсіпкерлерден бизнес нысандарын қолданыстағы заң нормаларына және мемлекет басшысы жариялаған мораторийге қарамастан қылмыстық қудалау шараларына жаппай тартудың жаңа зиянды тәсілдерін қолдану туралы хабарлары келіп түсуде.ҚР Салық кодексіне сәйкес (18, 19, 138-баптар) салықтық тексеруді тек салық органдары ғана жүзеге асырады. Алайда қаржы министрлігінің экономикалық тергеу департаменті осы талаптарды айналып өтіп, мемлекеттік сатып алу нысандарындағы нақты немесе жалған залалдарды анықтау мақсатында «маманы» тартылады, - деді ол. 

Ол атағандай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне осындай «мамандардың» анықтамалары тіркелгеннен кейін кәсіпкерге және оның контрагенттеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу тағайындалады. 

Қосымша құн салығы және корпоративтік табыс салығы бойынша тексерулер жүргізу туралы қаулы шығарылады. Іске салық органдарының қызметкерлері кірісіп,  шағын және орта бизнес үшін салық бойынша бұзылған сома қоса есептеледі.Яғни, істі қозғауға салықтық тексеру органы емес, керісінше, салықтық тексеру тағайындаған бөгде адамның анықтамасы немесе қорытындысы негіз болып табылады.Бұл заң қағидаларын тікелей бұзушылық болып табылады. Өйткені ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 79, 80-баптарына сәйкес «сарапшыларды»  немесе мамандарды тарту қылмыстық іс жүргізу барысында ғана мүмкін, бірақ істі қозғау үшін емес.

Абсатировтың айтуынша, бізде уәкілетті органды тексеру керісінше, іс қозғалғаннан кейін ғана жүргізіледі, бұл Салық кодексін де, қылмыстық-процессуалдық кодекстің де тікелей бұзады. 

Мұндай тәсілдер жаппай орын алуда, одан Шымкент қаласының, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды және басқа да облыстардың кәсіпкерлері зардап шегіп жатыр. Пандемия салдарынан 9 ай бойы бизнестің тоқтауы жағдайында экономикалық тергеу департаментінің мұндай теріс әрекеттері тікелей мағынада бизнеске қиындық туғызуда. Бұл ретте осы департамент қозғаған істер бойынша салық органдары кәсіпкерден Салық кодексінің 264, 403-баптарында көзделмеген құжаттарды талап етіп, жүздеген миллион теңге қоса есептеліп, кәсіпкерлерді күдіктілерге айналдырып, олардың көп жылдар бойғы еңбегі мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруде. Экономикалық департаменттің мұндай теріс әрекеттерін Қаржы министрлігінің апелляциялық инстанциясына немесе сотқа шағымдану нәтиже  бермей тұр.Осының бәрі мемлекеттің экономиканы қалпына келтіру және ШОБ-ті қолдау жөнінде жұмсалған күш-жігерге зиян кетіруде, - деді ол.