07
Сәуір

Мәжіліс отырысында Жер қатыныстары бойынша заңының жобасы талқылау барысында “Ақ жол” фракциясы атынан Берік Дүйсенбиновтің сөйлеген сөзі

Құрметті Төраға!
Құрметті әріптестер!

Қазақ үшін жер дауы – ежелден ең маңызды мәселе екені белгілі. Тәуелсіздіктен бергі халықтың ең қатты толқуы да осы жер мәселесі төңірегінде болып, дау мораторий жариялаумен басылған болатын.

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев өзі бастамашы болып, Парламент Мәжілісіне енгізген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруалар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдау ғасырдан аса уақыт ішінде дауға айналып келген түйткілді мәселенің шешімі болып табылады.

Тарихымыздан белгілі, ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары бастап, 12 мыңнан астам қазақ азаматы қол қойған «Қарқаралы петициясында» көтерген 10 мәселенің ең маңыздысы – Жер мәселесі еді. Өйткені, жер – қай ұлттың болмасын, егемендігін таңбалап тұратын ұлттық құндылығы және еншілесі ортақ болмайтын байлықтың зоры.
«Елдіктің кепілі – Жер. Ол – тәуелсіз мемлекеттің және сол ұлттың Басқұжаты. Ары. Намысы. Бары. Байлығы. Бөлінбейтін еншісі» деген ұранды алға тартып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан осы мәселеге белсенді атсалысқаны баршамызға аян.
2016 жылы жер дауы көтерілген кезде  «Ақ жол» партиясы да ресми пікірін білдіріп, жерді шетелдіктерге сатпау ғана емес, оны шетел азаматтары мен компанияларына жалға да бермеу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұстанымды партиямыздың Саяси Бағдарламасына да енгіздік.

Өкінішке орай, біздің бұл ресми ұсынысымыз белгісіз себептермен Үкімет комиссиясының қорытынды хаттамасына енбей қалды. Тіпті көбі біздің пікірімізді түсінбей, осы сайлау алдында өткен теледебаттарда басқа партияның өкілдері сұрақ қойған кезде партия Төрағасы нақтылап түсіндіруге мәжбүр болды.
Ал биылғы жылдың 20 қаңтарында «Ақ жол» партиясы Үкіметке Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керектігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.

Осы орайда «Ақ жол» фракциясы осы Заң жобасында тұжырымдамалы сұрақтарға анық және тағдыр шешуші жауап берілді деп санайды. Аталмыш құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ шетелдік  қатысуы бар заңды тұлғаларға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады.

Осымен біздер ата-баба аманатын орындау жолына қадам бастық.
Әрине, бұл жолда әлі де атқарылатын көп міндеттер бар. Алайда, бұл Заңды қабылдау басқа да қажетті шешімдердің ірге тасы деп түсінуіміз керек.
Тиісті ұсыныстарды жұмыс тобы талқылау керек. Ары қарай осы ұстанымды тереңдету іс-шараларын Жер жөніндегі комиссия қарастыруда. Біз бұл комиссияның жұмысына шымдамдылық пен сәттілік тілейміз.

«Ақ жол» партиясы Президент Қ. К. Тоқаевтың жер  мәселесіне қатысты ұстанымын толық қолдайды және барлық әріптестерін қолдауға шақырады.

Назарларыңызға рахмет.


.