26
Шілде

Санат жоқ 26.07.2014

Мирзоян «Мырзажан ба, әлде халық жауы ма?» атты дөңгелек үстел өтті

2014 жылдың  26 шілдесі, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
 
23-шілде сағат 11.00 мәжіліс залында « Ақ жол» ҚДП- сы Ақтөбе облыстық филиалынының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Отырыста ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қаладағы Мирзоян ескерткішін жоюды ұсынды. Оған себеп тарихи ақиқат.
Арыстарды аттырған адам көше атын иемденуге лайықты емес. Ақтөбенің ескі қала аумағындағы орталық көшелердің бірінде Мирзоян ескерткіші әлі де міз бақпай қақшиып тұр. Қазақстанды 1933-1938 жылдары ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, Сталиннің сенімді серігіне айналған тарихи тұлғаның ескерткішінде кейінгілердің ісі де болмады. Елге басшы болып келіп, қазақ тілінде сөйлеп кеткен Мирзоянды ел еркелетіп «Мырзажан» деп атап кеткенін де білеміз. Бірақ, сол «Мырзажанның» бұл атқа лайық болмағанына көзіміз бір екі жылдықта әбден жетті. Әлеуметтік желілерде оның нағыз зымиян болғанын тарихи деректер дәлелдей түсті. Мысалы 1937 жылы Сталинге жазған құпия хаттарының бірінде ол репрессияға кеткен адамдардың санын тағы да 1600 адамға көбейтуге рұқсат сұрайды. Алаштың ардақты ұлдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов сияқты арыстарды атуға қосымша квота сұраған Левон Мирзоянның қызметтік хатының жария болуы «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелерін де бей-жай қалдырмады. Партия филиалы кеңсесіне көптеген қоғамдық ұйымдардан, қатардағы партия мүшелерінен, қаладағы көшенің Мирзоян аталуына ашу-ызаларын білдірген хаттар келіп түсуде. Халықтың ашу-ызасын туғызбай, тарихи әділдікті орнату мақсатында Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы тез арада Л Мирзоян атындағы көшенің атын қазақтың үш арысының бірінің атына ауыстыру жөн деп есептейді. Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровқа партия филиалының басшысы Асқар Садықов осы мақсатта ашық хат жолдады. Ескерткішті жоюға бағытталған дөңгелек үстелге Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан, Облыстық өлкетану музейінің қызметкері Бекарыстан Мырзабеков ,Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Зәпен Жұмабаевалар шақырылды.Алғашқылардың бірі болып сөз алған профессор Алтай Тайжан: «Бұл қаладағы белгілі бір топтың, қалталы адамдардың қолымен істелген іс. Бұл адамға ескерткіш орнатуға тарихи заңдылық бойынша әділетсіз. «Ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме» деген заман келмеске кетті. Халық кезінде мыңдап осы бір адамнан зәбір көрді. Ендеше неге ол адам көшенің атын иемденуі тиіс. Отырыстағы айтылған ұсыныстар іс жүзінде жүзеге асуы тиіс», - деп сөзін түйіндеді. Ал, заңгер Бақтығұл Қанатов өз ойын былай білдірді: « Алматы, Астана қалаларында Мирзоян есімін өшіру ісі ертерек қолға алынды. Біз де дер кезінде осындай ел игілігі үшін атқарылар істі кешіктірмей қолға алуымыз керек» «Қазақия» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақжігіт: «Бұл мәселені партия филиалының заңгері, қоғам қайраткері Бақтығұл Қанатов көтерген еді. Шынымен де қазақтың кең пейілділігі өзіне сор болып жабысқан сияқты. Ел басында Мирзоян деген зұлымды «Мырзажан» деп басына көтерді. Сол бір зұлмат жылдары халықтың жартысынан көбі ашаршылықтан өлді. Бейбіт күнде халқымыз қырылып қалды. Репрессия кезінде Өзбектен 7 адам ғана атылыпты. Ал атылған қазақтың саны 25 мыңға бірақ жетеді. Соған қарамастан Мирзоян адам ату үшін тағы да жоғарыдан квота сұрайды. Асыра сілтеу әдісін өзінің солақай саясаты арқылы жүзеге асырған адамды біз құрметтеуге тиіс емеспіз.» деп өз пікірін білдірді. Жас тарихшы Айшуақ Дәрменұлы да нақты фактілер көрсетіп, өзінің Мирзоян туралы зерттеп келгенін жеткізді. Оның айтуынша Ақтөбеде ескерткіш ел Егемендік алғаннан кейін 1997 жылы қойылған. Қазақты Ұлт дәрежесіне жеткізуге ат салысқан Алаш ардақтыларының есімдерін иемденген Ақтөбеде бірде бір көше жоқ. Есесіне 2001 жылы Мирзоян туралы кітап жарық көрген. 30- шы жылдары елді өркендету барысында Мирзоянның біраз еңбек атқарғандығы туралы сол кітапта бүге шүгесіне дейін жазылады. Бірақ Мирзоян қазіргі тарихшылардың берген бағасы бойынша Сталиндік механизмнің бір тетігі ғана. Мирзоян туралы әлі де зерттейтін нақты тарихи деректер өте көп. Дөңгелек үстелде сөз алған партияның белсенді мүшесі Зауза Молдабаева да өзінің нағашы ағасының репрессияға қалай ұшырағанын әңгімелеп берді. «Халықты қойдай қырған жауыздың Ақтөбедегі көшенің атын иемденуге құқы жоқ,» деді Зауза Молдабаева.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы да Мирзоян ескерткішін жою ұсынысын қолдайтындықтарын білдірді. «Ақ жол» ҚДП сы Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Асқар Садықовтың айтуынша қалалық мәслихат бұл ұсынысты қолдаса, ескерткіш жойылып, көше аты ауысуы мүмкін. Аталған жиынға БАҚ өкілдері қатысты, сол күні жекелеген телеарналар жаңалықтарынан бейнесюжет көрсетілді.