«Ақ жол» партиясы азаматтардың 10 сотық тегін жер телімін алу құқығын қорғайды

» Санат жоқ » «Ақ жол» партиясы азаматтардың 10 сотық тегін жер телімін алу құқығын қорғайды

06.03.2013, 00:00

6 наурыз  2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол»  демократиялық партиясының баспасөз қызметі

 «Ақ жол» партиясы азаматтардың 10 сотық тегін жер телімін алу құқығын қорғайды – бұл туралы «Ақ жол» фракциясының депутаты Алмас Тұртаев сәрсенбіде Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді.
Парламент Мәжілісінің қарауына түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Республикалық маңызы бар қалалар – Астана мен Алматының және облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беруді қысқартуды қарастырады.
Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке қосалқы шаруашылық, бағбандық, саяжай құрылысы үшін әртүрлі көлемдегі жер телімі тегін беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін 10 сотық бөлу қарастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» Заңына және Жер туралы Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, өзінің тұрақты тұрғын жеріне қарамастан республика аумағында жер телімін алуға құқылы.
Бүгінгі күнде көпеген қазақстандықтардың өзінің заңды құқығын пайдаланып жер телімін тегін алып үлгерді. Егер жаңа Заң жобасы қабылданатын болса, онда мемлекеттен тегін жер алуға тізімде бұрыннан тұрған көптеген азаматтарымыздың құқығы ғана емес, сонымен қатар әділеттілік қағидаттары да бұзылмақшы, -деп қадап айтты депутаттар.
– Мыңдаған отбасының тағдыры мен үміті осы 10 сотық жермен байланысты. Ата-бабаларымыз бізге кең-байтақ жерді мұра етіп қалдырды, ал шенеуніктер болса өз халқының осы жерге деген құқығынан айырмақшы, – дейді Алмас Тұртаев.
 «Ақ жол» партиясы Жер кодексі заң жобасының нормасын кері қайтарып алуды және  жалпы қоғамдық талқылау жүргізуді талап етеді.
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің атына жазылған сауалға фракция депутаттары Алмас Тұртаев,  Азат Перуашев, Екатерина Никитинская,  Нұрлан Жазылбеков, Мерурет Қазбекова, Талғат Ерғалиев қолдарын қойды.
 «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыруды және қазақстандықтардың мүдделерін қорғауда өз жұмысын жалғастыра береді.