Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қанықты

» Санат жоқ » Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қанықты

02.08.2014, 00:00

2 тамыз  2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.
 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясы фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова Ақмола облысында болып, жергілікті жерде бірнеше кездесулер өткізді. Алдымен Көкшетау  қалалық ауруханасының дәрігерлерімен сұхбаттасты. Онда аурухананың қазіргі жай-күйімен жан-жақты танысты. Мұндағы осы заманғы емдеу қондырғыларын көріп, науқастардың хал-жағдайын сұрап, білді.
Ол заң шығару органында медицина саласына жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтар жайлы өз ойын білдірді. Әлі де болса, бұл саланы барынша дамыту қажет. Көкшетау қалалық ауруханасында осы заманғы компьютерлік томограф жетіспейді. Облыстың денсаулық сақтау  басқармасындағылар мұндай қондырғыны аудандарға жіберуге ниетті екенін көреміз. Бұл да дұрыс дейік, бірақ 150  мың халқы бар облыс орталығына бермей, он-он бес мың тұрғыны бар ауданға беру тиімсіз екенін түсінбейтіні қынжылтады. Мұндай қондырғылар өзін-өзі ақтауы керек қой. Ал ауылды жерде маман жоқтықтан қаңтарулы тұратын мұндай томограф уақыт өте келе ескіріп қалатынын да ұмытпаған жөн. Сонымен бірге, дәрігер мамандармен қамту мәселесі де өзекті болып отыр. Сондықтан халық қалаулысы бұған өз тарапынан назар аударатынын жеткізді.
Меруерт Қазбекова «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалында болып, онда екінші деңгейлі банктер басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесті. Бұл шара басында аталған филиал директоры Еркебұлан Баяхметов хабарлама жасады. Ол Ұлттық қор қаржысы есебінен шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру жайын ортаға салды. Осы күнге дейін екінші деңгейлі банктермен өңдеуші салаға 79 миллиард теңгенің  321 жобасы мақұлданған. Сөйтіп, оның 199-ы қаржыландырылды.
Мәжіліс депутаты М.Қазбекова жиналғандардың назарын ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру мәселесіне аударды. Себебі, банктер бұл салаға несие бере бермейді. Кепілзатқа қояр ештеңе болмағасын қаржы бөлуден қашқақтайтын банктердің жайын түсінуге болады.
-Ауыл шаруашылығындағы өңдеуші сала кәсіпорындарын молынан қаржыландырсақ, ертең оның жемісін көреміз, – деді халық қалаулысы. -Бұл сала өркендесе, ондағы жол, көлік тасымалы және басқа да жүйелер дамытуды талап ететін болады, – деді ол.
Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті кәсіпкерлік басқармалары жұмысын да сынға алды. Өйткені, олар өндірісін өркендеткісі келетіндерге емес, керісінше, таныстықпен несие алғысы келетіндерге қол ұшын беруге  жанталасады. Бұл өңірдің тұтастай дамуына кері әсерін тигізеді.
Ол әйел кәсіпкерлер мәселесіне байланысты да өз пікірін білдірді. Ең бастысы, адамға деген сенім бәрінен жоғары тұруы тиіс. Сонда ғана өндіріс те өркендейді, адамдар да бизнестің жемісін көретін болады.
Меруерт Қазбекова  «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалында азаматтарға қоғамдық қабылдау өткізді. Оның қабылдауында болғандар әртүрлі мәселелермен жүгінді. Арызданушылардың басым бөлігі жақында жауған жауынның салдарынан тұрғын үйлердің суға кетіп, бұл апатты жағдайды шешу кешеуілдеп отырғанын айтты. Жергілікті әкімдіктер бұған барынша назар аударар емес. Халық қалаулысы бұл мәселені партия арқылы шешіп көретінін жеткізді.
Ал қала тұрғыны Баян Әлжапарова өздері тұратын көп қабатты үйге әлі күнге дейін жөндеу жасалмай келе жатқаны жөнінде  мұңын шақты. Бұған арнайы шара қолдану үшін тиісті орындарға хат жолданатын болды.
Жалпы, Парламент депутатына адамдар араша сұрап келеді. Оның да өз себебі бар. Жергілікті жерден әділдік таба алмағасын жоғары орындар арқылы өз мәселелерін шешкенді жөн көреді. Сондықтан халық қалаулысы да әр шағым бойынша қолынан келген көмекті көрсетуге уәде берді.