Партия жетекшісіне мұңын айтқандар көп болды

» Санат жоқ » Партия жетекшісіне мұңын айтқандар көп болды

04.08.2014, 15:58

4 тамыз  2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.
 
Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, облыс кәсіпкерлерімен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Онда барша қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұл басқосуда онымен бірге Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова және «Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсенбаев болды.
Бүгінгі біздің қоғамымызды толғандырған мәселе көп. Мемлекеттің сыртқы саясатынан бастап, оның ішкі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Парламенттік партия ретінде ақжолдықтар да ел өміріндегі бұл мәселелерге өздерінше атсалысуға тырысады. Мәселен, бұл жиында партияның заң шығарушы органдағы жұмысы жайлы да ақпараттар ұсынылды. Көп заңдардың толыққанды жұмыс істеуі үшін оның тетіктерін іске қосу бағытында партиялық көзқарастың қарапайым адамдар мүддесімен орайлас келуі маңызды болып табылады.
Азат Перуашев жемқорлықпен күрес мәселесі жөнінде де өз көзқарасын білдірді. Соңғы жылдары республика аумағын былай қойып, мемлекет қаржысының  сыртқа кетіп жатқанын тоқтату үшін жасалып жатқан қаракеттер жайын да ортаға салды.
Партия жетекшісі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол беріліп отырғанын да сынға алды. Мысалы, өткен жылы экономикалық жаңа бағдарламаларға 840 миллиард теңге қаржы бөлінсе де, өнім өндіру 7 пайызға төмендеген. Ал, жұмыспен қамту бағдарламасына қыруар қаржы жұмсалса да, жұмыссыздар саны азайған жоқ, керісінше, өсе түскен. Бұл  мемлекет ақшасының мақсатсыз жұмсалып жатқанын көрсетеді.
«Дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская акциздік өнімдерді кешкі уақытта сатуға тыйым салғанымен, бұл көлеңкелі бизнестің қаулап өсуіне жол ашып отырғанын айтты. Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Руслан Темірханов  ішімдік сатуға шектеу қою дұрыс, бірақ арақ сату мәдениетін  елдің санасына құйып, салауатты өмір салтын насихаттауды қолға алған жөн деген пікірін білдірді.
Сонымен бірге, бизнеске кедергі болатын басқа да мәселелер талқыға салынды. Әкімшілік тосқауылдардың кәсіпкерлікті дамытуда аяққа оралғы болып отырғаны да баса айтылды. Өз кезегінде бұл мәселелер партияның Парламентте ғана емес, басқа да орындарда көтеретін негізгі ұсыныстары болып қалатынына уәде берілді.
Азат Перуашев келген күні облыс орталығындағы қоғамдық көліктер жолақыны 33 пайызға көтеріп жіберген еді. Бұл мәселе де осы кездесуде ортаға салынды. Жергілікті атқарушы органдар әртүрлі нәрсені желеу етіп, халықтың қалтасын қағады. Осылай адамдардың билікке деген өкпе-назы пайда болады. Сондықтан мұндай мәселені екі жақты ортақ мәміле негізінде шешу аса қажет екенін атап көрсетті, ақжолдықтар.
Бұл жиында чернобылдық ардагерлер де сөз алып, «Ақ жол» партиясының қолдауын күтетіндіктерін жеткізді. Бүгінде бұл апатқа қатысушылар саны азайып барады. Азат Перуашев  «Ардагерлер туралы» заңның қабылданбау себебі оның қыруар қаржы талап ететіндігі деді. Бірақ, өзі басқаратын партия бұл мәселені Парламентте талай рет көтеріп, бұл заңды қабылдауды ұсынып келе жатқанын айтты.
«Ақ жол» партиясы кезінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жасағаны есте. Әлі де болса, бұл заңды жаңа талаптармен толықтыру аса қажет. Бір ғана мысал, жол жөндеуге жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жолдың сапасыз салынуы мен жөнделуі ақшаның мақсатсыз жұмсалып отырғанын аңғартады. Азат Перуашев кешегі Ауған соғысындағы он жыл ішінде 14 мың кеңес әскері қаза тапса, ал, жол бойларында осынша жылда 32 мың адам мерт болғанын мысал ретінде келтірді.
Мұндай өміршең мәселелер жетерлік. Оның бәрін шешу үшін көп тер төгуге тура келеді. Ақжолдықтар да ел мүддесі жолында өздерінің міндеттеріне адал қарайтындығына сенім білдірді.