29
Тамыз

ҚР Парламент Мәжілісіндегі парламенттік фракциялардың құқықтық мәртебесі - А.Перуашевтың «Конституция: тұрақтылық, бейбітшілік және қоғамдық келісім» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзі

        А.Перуашев
 
          ҚР Парламент Мәжілісіндегі 
               парламенттік фракциялардың құқықтық мәртебесі
 
   («Конституция: тұрақтылық, бейбітшілік және қоғамдық келісім» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінің тезистері, 2014 жылдың 29 тамызы) 
 
Құрметті конференция қатысушылары, ханымдар мен мырзалар!
Ең алдымен баршамызды алдағы Конституция күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Өмірде болып жатқан оқиғалар аясында маңызы ерекше арта түсетін даталар бар, сырттай қарағанда сол оқиғаларға ешқандай қатысы да жоқ тәрізді.
Бірақ бүгінгі таңда біздің кейбір көршілерімізде конституциялық құрылыстың негіздері шайқалып тұрған тұста, азаматтардың өмірге, қауіпсіздікке және жекеменшікке құқықтарының негізгі конституциялық кепілдіктері қайғылы сынақтарға ұшырап жатқан кезде,  еліміздің Негізгі заңында белгіленген және қамтамасыз етілетін ұлттың мемлекеттілігі мен қоғамдық құрылысының шынайы мәніне түсінік әбсәтте келеді екен.
Бүгін мен, біздің әлі де жетілдіріліп болмаған, мінсіз құрылымдардан алыстығымызға қарамастан, өз халқыма, ата-бабаларыма және мемлекетіме өзімнің тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқаным, және біздің Ата Заңымыз бойынша өмір сүріп жатқаным үшін шексіз ризамын. Тәуелсіз Қазақстан азаматы атану құқығы берілгені үшін осы залда отырғандардың көпшілігі өз тағдырына риза және мақтаныш сезімімен бөлісетініне сенімдімін.
Өзінің мағынасы мен маңызы бойынша бұл мереке Тәуелсіздік Күні және Қазақстан халқы бірлігі Күні тәрізді даталармен бір қатарда тұр. Өткен жылы «Ақ жол» партиясы бұл күндері мемлекеттік тумен түстес ленталарды тағып шығу бастамасын көтерген болатын, уақыт өте келе бұл бастама саяси көзқарастарға және артықшылық берулерге тәуелсіз жалпы жақсы дәстүрге айналады деп үміттенемін.
Бүгінгі конференцияға сөз арнай отырып, Парламенттік қызмет конституциялық құрылыстың діңгектерінің бірі болып табылатынын атап өтуді қажет деп санаймын. Және оны іске асыруда парламенттік партиялар зор рөл атқарады, олар Парламенттің төменгі палатасының құрамын және жұмысының тұжырымдамалық көзқарастарын қалыптастырады
Парламенттегі өкілдіктеріне қол жеткізе отырып, партиялар өзінің сайлаушыларының мүдделері мен талаптарын іске асырудың институционалдық тетігіне, мемлекеттік саясатты жасау және жүзеге асыру кезіндегі жұмыс процесіндегі өзара іс-қимылдың құралдарын иемденеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының 2007 жылғы 16 мамырдағы бірлескен отырысында Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Парламенттегі партиялық фракциялардың рөлін көтеру үшін құқықтық негіз құру жөнінде тапсырма беруі кездейсоқтық емес.
Мәселен, Конституцияның 44 бабының 3) тармақшасына сәйкес Премьер-Министрдің кандидатурасы Қазақстан Республикасының Президентімен саяси партиялардың фракцияларымен консультациялардан кейін Мәжілістің қарауына ұсынылады.
 «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы «саяси партия фракциясы» терминіне анықтама береді, фракциялар құру, оларды тіркеу мәселелерін реттейді. Одан басқа, аталған Конституциялық заңда Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары жетекшілерінің Мәжіліс Бюросының құрамына ену құқығы бекітілген.   
Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының өкілеттігі, ұйымдастырылуы және қызметінің қалған мәселелері Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерімен анықталуы тиіс.
Сонымен бірге, біздің пікірімізше, партиялық тізімдер бойынша тұңғыш рет сайланған Парламенттің көппартиялық Мәжілісінің практикалық жұмысы Конституцияның және «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының қолданыстағы нормаларына сәйкес қосымша тыңғылықтауды керек ететін бірқатар сәттерді айқындады.
Мәселен, қолданыстағы Регламенттер Парламент Палаталарының пленарлық немесе бірлескен отырыстарында жарыссөзді тоқтату мәселесінде көппартиялылықтың қазіргі жағдайларын ескермейді. «Ақ жол» партиясының фракциясы біздің депутаттардың сөз сөйлеулері алдында, мәселен Үкіметтің бюджеттің орындалуы туралы Есебі сияқты, маңызды мәселелер бойынша парламенттік көпшіліктегі біздің әріптестеріміздің жарыссөзді тоқтату жөнінде ұсыныс енгізіп және бұл үшін бірден дауыс беріліп, сонысымен парламенттік азшылықтағы фракцияның өз пікірін білдіруге мүмкіндіктен айырған жағдайларына бірнеше рет тап болды.
Қолданыстағы Регламенттерге белгіленген жарыссөздерді тоқтатудың бұл мүмкіндігі көппартиялы Парламенттің қазіргі болмысын мүлдем ескермейтіні анық екенін атап өту керек және бұл жағынан алғанда 2007 жылғы конституциялық реформаға сәйкес келмейді, оның шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілген болатын, ал оларға сай Парламент кем дегенде екі партияның өкілдерінен қалыптастырылады.
Бұған байланысты, Парламент Палаталарының Регламенттерінде  парламенттік фракцияның өзінің өкілін пікірталастарда кепілдендірілген сөз сөйлеуге  құқығын тікелей бекітуді орынды деп пайымдаймыз. Жарыссөз барлық парламенттік фракциялардың көшбасшылары (немесе уәкілетті өкілдері) сөйлеп болғаннан кейін, не болмаса олар сөйлеуден бас тартқан жағдайда ғана тоқтатылуы мүмкін.
Бұл ұсыныс біздің жағымсыз тәжірибемізге ғана емес, сонымен қатар парламентаризмнің халықаралық практикасына байланысты жасалып отыр.
Мәселен, Ұлыбританияда парламенттегі азшылықтағы партияның депутаттары кез-келген мәселелер бойынша жарыссөздерде  сөйлеуге сөзсіз құқығы бар.
Канадада жарыссөз кезінде көпшіліктегі партияның атынан шығатын негізгі баяндамашыдан кейін парламенттік азшылықтағы ірі партияның тікелей сөз сөйлеуге құқығы бар. Бұл фракцияның көшбасшысы жарыссөзге қатысуда уақыт мөлшері шектелмеген құқыққа ие.
Еуропада демократиялық парламентте осындай партиялардың рөліне қатысты нормалар Еуропа Одағының Парламенттік ассамблеясының 2008 жылғы N 1601 Қарарында және Құқық арқылы демократия үшін  Комиссиясының Баяндамасында (Венециан комиссиясы д.а.) өз көрінісін тапқан, онда парламенттік көпшіліктің шешім қабылдауға, бірақ, сонымен бір мезгілде парламенттегі азшылықтың ойын естірте алатындай бұлжымайтын құқығы болуы тиіс екені тікелей көрсетілген.
Осыған байланысты, Еуропарламентте партия фракцияларында сөз сөйлеуге ғана емес, ұстанымдарын баяндап беру үшін қосымша уақыт алуға  да құқықтары бар.
Одан басқа, біздің көзқарасымызша, олардың  қызметтерін мемлекеттік БАҚ-ында немесе мемлекеттік тапсырыс аясында тең жариялау; Парламенттегі саяси партияларды қаржыландыру, олардың үкіметтің заң жобаларын Парламентке енгізгенге дейін жемқорлықтыққа қарсы, құқықтық және экономикалық сараптама жасауға қатысу құқығы нормаларын заңнамамен бекіту; Парламент ішіндегі және басқа мемлекеттік органдармен фракциялардың өзара іс-қимылының тәртібі және т.б. парламенттік фракциялар қызметінің бірқатар мәселелерін нормативтік нақтылаудың қажеттілігі туындады.   
Бұл жағынан алғанда, сондай-ақ 2007 жылғы конституциялық реформаны заңнамалық тұрғыда дамыту мақсатында, «Ақ жол» партиясы «Парламенттік фракциялар туралы» жеке заң жасауды және қабылдауды орынды деп санайды.
Мұндай заң жобасы Конституциядан, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Сайлау туралы» Конституциялық заңдарынан туындайтын, сонымен бірге Парламент және оның Палаталарының регламенттерін құзіретінің шеңберіне кірмейтін мәселелерді реттеуі тиіс.
Мәселен, бұл заң жобасында, Конституцияға сәйкес қазірдің өзінде заңнамалық бастамашылық құқығы бар Парламент депутаттарының бірлестігі ретінде Мәжілістің парламенттік фракцияларына – оларды ұсынған партиялардың атынан заңнамалық бастамашылық жасауға құқық беру туралы мәселені қарастыру мүмкін болар еді. Мұндай құқық сайлаушыларға партияның парламенттік қызметі және оны сайлауалды уәделеріне сайма-сайлығы туралы жекелеген депутаттардың бөлек-бөлек бастамаларымен емес, партияның ресми жобалары бойынша бағалауға мүмкіндік берер еді.   
Бірқатар дамыған елдердің конституциялық құқығы дәл осы жолмен дамуда.
Мәселен, Швейцарияда Конституцияның 160 бабы (1 бөлім) былай деп жариялайды: «Федералдық Жиналыстың әрбір мүшесі, әрбір парламенттік фракция... өзінің заңнамалық бастамаларын Федералдық Жиналысқа ұсына алады».
Францияда Конституцияға сәйкес, жаңа федералдық заңды қабылдауға Федералдық жиналыстың қос палатасының депутаттары, парламенттік фракциялар, сондай-ақ Федералдық кеңестің атынан атқарушы билік органдары бастамашылар бола алады. ҚР-ның қазіргі Конституциясының үлгісі және құрылымы Француз Конституциясының тәжірибесін де негізге алғаны белгілі.
«Парламенттік фракциялар туралы» Заң қабылдау идеясы да жаңалық емес, бірқатар елдерде осындай заңдар (Швейцария, Грузия және басқалар), не Парламент қызметі туралы жиынтық заңнамаларында (Германия, Франция, Италия және т.б.) парламенттік фракциялардың мәртебесі және өкілеттіктерін бекітетін арнайы ережелер жұмыс істейді.
Фракцияның мәні таза парламенттік қызметтің аясынан да кеңірек, өйткені олар сондай-ақ өздерінің партиясының саясатын қалыптастыруға,  партия активінің жұмысына, сонымен қатар партиялық органдардың ұстанымына да белсенді ықпал етеді.
Парламентте саяси партиялар фракцияларының рөлі арта түсетін болады деп пайымдаймын, бұл саяси тәжірибені одан әрі жетілдірумен және саяси мәдениеттің дамуымен байланысты.
Пікірталастардың жалғасы ретінде Конституциялық нормаларға сай парламенттік қызметті реттеу туралы, мен мынадай мысал келтіргім келеді. ҚР Конституциясының 61 бабының 6 тармағына сәйкес, мемлекеттік кірістердің қысқартылуын немесе мемлекеттік шығындардың көбеюін қарайтын заңдардың жобасы тек Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізіледі деп белгіленгені мәлім.
Парламенттің Мәжілісіне Республика Президентінің заңнамалық бастамасы ретінде енгізілетін Заңнамалық актілердің  жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.
Өз кезегінде «Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының 13 бабы Республиканың заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерін әзірлеудің,  ұсынудың, талқылаудың, күшіне енгізудің және жариялаудың тәртібін арнайы заңмен және Парламент және оның Палаталарының регламенттерімен анықтайды.
Алайда көрсетілген нормаларға қарамастан Үкіметтің регламентінде «ҚР Парламенті депутаттарымен бастамашылық жасаған заң жобаларын қарау тәртібі» деген 6,6 бөлімі бар (2002 ж. 10 желтоқсан, № 1300), онда Парламент депутаттарымен бастама жасаған, мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығындарды көбейтуді қоса алғанда, заң жобаларына Үкіметпен қорытынды Парламенткемемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады деп белгіленген.
Сонымен қатар Парламент депутаттарымен бастамашылық жасалған, Үкіметке түскен заңнамалық актілердің жобалары, мемлекеттік  Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға жатады.
Және бұл ҚР Конституциясының 61 бабының 6 тармағында, Үкіметтің қорытындысы тек мемлекеттік кірістердің қысқартылуын немесе мемлекеттік шығындардың көбейтілуін қарайтын заңдар үшін ғана талап етіледі, деп тікелей айтылғанына қарамастан орын алып отыр.
Ал, практикалық жұмыста, біз де өз тәжірибемізден көз жеткізіп отырмыз, депутаттармен бастамашылық жасалған бір де бір заң жобасы, тіпті ол бюджеттің мәселелерін қозғамаса да, Үкіметтің қорытындысынсыз жұмысқа қабылданбайды.
Осылайша, Конституциямен бекітілген депутаттардың заңнамалық бастамасы елдің Негізгі заңымен қарастырылмаған және 2007 жылғы конституциялық реформадан көп бұрын бекітілген шеңберлермен шектелген.
Оның үстіне, заң жобаларының айналасындағы пікірталастар барысында, ол Мәжіліс тобының жұмысшы тобына түскен кезінің өзінде, парламенттік азшылықтағы депутаттардың ұсыныстары, тіпті бюджеттің мәселелерінің жоқтығына қарамастан, Үкіметтің қорытындысын алу үшін жолданған уақытты да бастан кештік.
Белең алған жайт сонымен қатар, парламенттік пікірталастарды белгілі бір уақытта үкіметтік қорытындылармен ауыстыру үшін пайдаланылды, депутаттардың ұсыныстарын үкіметтік «сүзуден» өткізу үшін деп айтпай-ақ қояйық. 
Бұл беталысты тек өткір пікірталастардан кейін және Мәжіліс басшылығының принципшілдігінің арқасында еңсере алдық.
Бізде қолданыстағы Конституцияның оң әлеуетінің ашылуына тосқауыл болып отырған  бұдан да басқа мысалдар бар.
«Ақ жол» партиясы осы және басқа да осыған ұқсас мәселелерді біздің заңнамамызды жаңғырту және оны Конституциялық нормаларға және уақыт талабына сәйкестендіру бойынша  қажетті жұмыс ретінде бірнеше мәрте  көтерді.
 
Тағы да мерекелеріңізбен, назарларыңызға рақмет.