Алаштың рухы жаңғырған күн /Айдын Ырысбекұлы, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология бөлімінің аға сарапшысы, алаштанушы/ – Казак yнi

» Баспасөз жарияланымдар » Алаштың рухы жаңғырған күн /Айдын Ырысбекұлы, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология бөлімінің аға сарапшысы, алаштанушы/ - Казак yнi

23.09.2014, 00:00

Павлодар облысының біршоғыр зиялы қауым өкілі Ресейдің Мәскеу қаласына барып, қазақтың ардақты ұлы, елінің елдігі үшін аянбай қызмет еткен қайраткері, ұлт мұраты үшін күрескен арда азамат Жүсіпбек Аймауытұлының жат жұртта жерленген жеріне туған елдің топырағын апарып, ол жердің топырағын Алаш арысының туған жері Баянауыл ауданы, Қызылту ауылында салтанатты түрде жеткізді. Сөйтіп, қайтадан жерлеу рәсімі өткізілді.
2014-жылғы 19-қыркүйекте Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының ескерткішінің салтанатты ашылуы болып өтті. Ескерткіш Ж.Аймауытұлы атындағы қазақ музыкалы драма театр ғимаратының қасбетіне орын тепті. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі 3,6 метр, астындағы тастұғырын есептегенде, жалпы биіктігі 7,6 метрге жетеді. Авторы – Ермек Тоқтаров. Композицияда Ж. Аймауытұлы тік тұрған күйінде бейнеленген. Оның үстіндегі киімдері – бешпеті, пальтосы өзі өмір сүрген тұстағы кезеңмен сәйкестендірілген. Тас мүсіннің ашылу салтанатына облыс әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Вице-министрі Асқар Бөрібаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Әкім Тарази, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерсайын Тәпенов, академик Ғарифолла Есім, Жүсіпбек Аймауытұлының немересі Римма Бектұрқызы Аймауытова, «Ақ жол» КДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы Ербол Арынов және басқа да республикадан келген сыйлы қонақтар, шығармашылық өкілдері қатысты.
Түстен кейін, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Жүсіпбек Аймауытұлының 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция және Алаш ардақтысының туындылары қойылған кітап көрмесі өткізіліп, деректі фильм көрсетілді. Ал, кешке Ж.Аймауытұлы атындағы қазақ музыкалы драма театрында «Ар алдаспаны – Аймауытов» атты спектакль тамашаланды. Соңынан Баянауыл баурайында «Жүсіпбек – Алаш ардақтысы» атты ауқымды мерекелік іс-шара жалғасын тапты.
Дерекнама – Казак yнi (Алматы), № 37 (646), 23.09.2014