23
Қыркүйек

Жалақы жыры жалғасуда - Казак yнi

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қанша жалақы алатынын ашық айтты.
«Депутаттардың жалақысы ешкімге құпия емес. Қазір біз 500 мың шамасында жалақы аламыз. Бұл Үкіметтің басқа мүшелерімен, ұлттық компания қызметкерлерімен салыстырғанда онша көп емес. Дегенмен, оны азырқану, меніңше күнә. Өз жұмысымызға сай жалақы аламыз» - деді ол журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында. «Канағат карын тойғызады» демекші, халық қалаулысы кейбір шенеуніктер сияқты жалақысынан құпиялап жасырмай, шүкіршілікпен шектелді. Ол сондай-ақ, әріптесі Светлана Жалмағамбетованың ұсынысы туралы айта келіп, оның депутаттардың емес, Парламенттегі басқа қызметкерлердің жалақысын көтеру керек дегенді айтқанын түсіндірді.
«Жалмағамбетова бүгінде Жоғарғы сот, Үкімет қызметкерлерімен бірдей қызмет атқарып, бірдей жауапкершілік көтеріп келе жатқан парламенттің басқа қызметкерлері туралы айтты. Жалмағамбетова өзі туралы я болмаса, депутаттардың жалақысы туралы айтқан жоқ, ол басқа қызметкерлер туралы айтты. Иә, бүгінде Парламенттегі қызметкерлер үлкен жұмыс атқаруда және олар ешкімнен кем емес. Сәйкесінше, менің ойымша, олардың жалақысы да енбегіне сай болуы керек. Өйткені онда істейтіндердің көбі жастар және көбінің 2-3 баласы бар. Бүгінде олардың алатын 100 мыңнан сәл ғана асатын жалақысы еңбектеріне сай емес» - деді депутат.
Айлықтың айналасындағы әңгіме депутаттар тарапынан жиі қозғала бастады. Әзірге олар жоғары лауазымдылар мен солардың айналысынан аса алмай жатқан секілді. Сәл төменірек түсіп, кезек қарапайым, қатардағы халыққа қашан жетеді екен? Олардың да 2-3-тен, тіпті 5-6-дан баласы бар. Көбісі 100 емес, 50-60 мыңға зар болып жүр, өйткені, жоғары жалақы беретін жұмыс жоқ. Зейнеткерлер де жақсы хабар естиміз деп депутаттардың дуалы аузын аңдып отыр. Олардың зейнетақыларының мөлшерін айтпасақ та болады. Тек күнделікті тұтынатын тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен коммуналдық төлемдердің бағасы көтеріліп кеткенін естеріңізге салғысы келеді. Өздеріңізді депутаттыққа сайлаған қарапайым адамдардың да жалақы туралы айтатын өз жырлары бар екенін ұмытпаңыздар, халыққа қалаулылары.
Дерекнама - Казак yнi (Алматы), № 37 (646), 23.09.2014