Ерліктерің есімізде /Құдайберген Қаңтарбаев/ – Казак yнi

» Баспасөз жарияланымдар » Ерліктерің есімізде /Құдайберген Қаңтарбаев/ - Казак yнi

24.09.2014, 00:00

Бұл апатты оқиға осыдан бес жыл бұрын, 13-қыркүйекте болған еді. Талдықорған қаласының орталығына жақын орналасқан Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық наркология диспансері» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнында таңға жуық өрт шыққан болатын.
Электр желісінің ақауынан орын алған өрт өте тез жылдамдықпен күш алып, үлкен жалынға айналады. 50-60 жыл бұрын салынған ғимарат қабырғалары қамысты каркастан салынғаны да өрттің тез өршуіне себепкер болды. Шырт ұйқыда жатқан ауруларды, дереу оята бастаған түнгі кезекшіліктегі медбике Сәрсембаева Балғайша дабыл қағып, ауруларды қауіпсіз жерге, сыртқа шығуына күш салады. Сыртқа шығар жалғыз жол, жалғыз есік, ал терезелер болса теміртормен қоршалған. Будақтаған көк түтіннің арасынан аурулардың қорқыныштан шыққан жан-айқайлары ғана естіледі. Осындай қауіпті де, қатерлі сәтте, өз өміріне төнген қатерге қарамастан, науқастардың қауіпсіз аймаққа шығуына медбике Б.Сәрсембаева жанын салып кірісті. Сол күнгі кезекшіліктегі санитар Медетбеков Мақсат науқастарды құтқаруға бел шеше кірісті. Өкініштісі сол, кезекті науқасты құтқарам деп ішке енген 47 жасар Сәрсембаева Балғайша Бүркітбайқызы да, 30-дан жаңа асқан Медетбеков Мақсат Сайлауұлы да жалын арасынан шыға алмай, іштегі 39 адаммен бірге опат болды.
Бейбіт күнде өз қызмет орнындағы парызын адал өтеп, 50 адамды ажал құрсауынан құтқарған қазақтың қарапайым келіншегі мен жас жігітінің ерлігіне қалай тәнті болмайсың. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерен ерлік. Қызыл жалынның арасына бас сұқпай-ақ, өз жандарын сақтаса да, ешкім кінәламас еді ғой. Қос қызметкер өз жанын құрбан етіп, өзгелердің өмірін сақтады. Мұндай ерліктің үлгісінен қазақ ұлтының намысын да өрлігін де, батырлығын да, жақыны үшін жанын да құрбан ете алатын биік рухын сезінгендей болдым.
Жақында Талдықорған қаласында жаңадан бой түзеген жаңа көшелерге ат беру мақсатында қала әкімдігі қоғамдық тыңдау өткізді. Есім берілген 56 көше ішінде қазіргі Талдықорған тарихында ерліктің үлгісін көрсеткен Балғайша мен Мақсаттың есімдері аталмады. Ескере кететін жайт, Балғайша Сәрсембаева мен Мақсат Медетбеков Республика Президентінің жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Осы жайттарды ескере отырып, «Ақ жол» КДП Алматы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынәсілова Талдықорған қаласының әкімі Е.Алпысовқа ресми хат жолдап, қала көшелерінің біріне Б. Сәрсембаева және М.Медетбековтің аты берілсе әділетті болатынын жеткізді. Бейбіт күнде жанқиярлық ерлік жасаған екі жастың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жағдай.
Кейінгі ұрпаққа үлгі болуы үшін ерлік жасаған ерлерді ұмытпау, жалықпай дәріптеу біздің міндетіміз болуы керек.
Дерекнама – Казак yнi (Алматы), № 37 (646), 23.09.2014