Еуразиялық одақ – маңызы зор құрылым – www.egemen.kz

» Баспасөз жарияланымдар » Еуразиялық одақ – маңызы зор құрылым - www.egemen.kz

16.10.2014, 17:22

Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасын жақында мақұлдағаны белгілі. Аталған құжатты күні кеше Сенат та ратификациялап үлгерді. Осыған орай, біз осы одақтың халыққа, оның ішінде кәсіпкерлерге қаншалықты пайдалы екендігі жөніндегі пікірін білмек болып, Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі
Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВТЕН пікірін білген едік.
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы бізге сайлаушыларымыз көптеген сұрақтар қояды. Кейбіреулер, тіпті, ашықтан ашық оған қарсы пікірлер де білдіріп жатады. Оның себебі белгілі. Осы одақтың кесірінен біз тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба деген қауіптер бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ондай қауіпке жол жоқ екенін, бұл одақ тек экономикалық интеграцияны ғана көздейтінін сан рет айтып, сан рет дәлелдеп те берді. Одақтағы барлық шешімдер кон­сенсустық тәртіппен қабыл­данады. Егер қандай да бір мәселеге тараптардың бірі қарсы болса, онда шешім қабылдан­байтындығы да айтылды. Сон­дықтан Қазақстан қарсы шығатын мәселеге Ресей мен Беларусь ке­ліс­кен болса да көпшілік дауыс­пен қабылдата алмайды.
         Сонымен бірге, еліміздің мүд­десі ескерілмейтін болса, біз­­дің одақтан шығып кетуге құқы­­­мыз­ да, мүмкіндігіміз де бар. Біз кә­­сіп­керлердің мүддесін қол­дай­­­тын партия ретінде мұның қазақ­­­стандық бизнесті дамыту­ға ешқан­дай кедергісі жоқ, керісін­ше, оны дамытуға қолайлы жағ­дай­ ту­­ғызатынын айта аламыз. Тіпті, біздің жергілікті билік­тің де бизнеске кедергі келтіріп, түрлі бақылаулар мен шектеулер қоюына бұл одақ қарсы ықпал ете алады. Өйткені, бірлес­кен кәсіпорындар мен өзара ынты­мақ­тастықтар одақта қабылданған ұлтүстілік заңдарға бағынатын бол­ғандықтан, оған кедергі жасау мүмкіндігі бар билік өкілдерінің жолын кеседі. Енді, керісінше, одақтық деңгейдегі бәсекелестікке төтеп беру үшін жергілікті әкімдер кәсіпкерлерге қолдан келген көмек­­те­рін жасауға, салық органдары же­­ңіл­діктер қарастыруға, да­му қо­ры мен инвестициялық қор­лар қара­жат беруге тырысып жа­тыр.
          Мен мұны мемлекеттің биз­несті жаппай көтеру үшін өсімдікті қолмен суарып, мәпелеп өсіре бастаған бағбанның қылығындай қамқорлық істеріне теңер едім. Әри­не, бизнесмендер де бізге анау керек, мынау керек деп ауыз­­да­рын аша бермеулері керек. Өкініш­ке қарай, біздің арамыз­да әлі күнге мемлекеттің көмегі­нің арқасында ғана жан бағып отырған кәсіпкерлер бар. Мен олар­ды биз­несмен дей алмаймын,­ егер бір теңге салып, одан екі тең­­ге ала алмаса, ондай бизнес ту­ралы әңгіме қозғаудың өзі ар­тық. Ондай кәсіп­керлерге, тіпті, мем­­ле­кет көмек бермеуі керек деп санай­мын.
         – Дегенмен, осы одақтың біздің кәсіпкерлерге жасаған нақты көмегі бар ма?
         – Бар, әрине. Мәселен, біздің елімізде «Азия-авто» деген компания бар, сол Еуразиялық экономикалық одақтың алғашқы кезеңі – Кеден одағы кезінде өзінің өндіріс мүмкіншілігін екі есеге дейін арттыруға қол жеткізіп, қазір 100 мыңыншы автомобилін шығарды. Міне, осы компанияға Ресей жағы өзінің Сібір федералдық округіндегі барлық сауда салондары мен сервистік қызмет орталықтарын беріп отыр. Қазақстандық автомобильдер осы округте ешқандай қосымша құнсыз, салықсыз ішкі рыноктағыдай сатыла беретін болды. Әрине, мұндай компаниялар әзірге бірен-саран ғана, бірақ болашақта жақсы тауар өндіре алатын кәсіпорындарымыз көп болса, мұндайлардың саны артатын шығар деген үміт бар. Ресей рыногы ондайларға осылайша ашыла беретін сияқты. Міне, бұл экономикалық одақтың пайдалы екеніне бір ғана мысал.
          Сондай-ақ, бүгінгі күні Ресей­дің ішкі рыногында біздің ауыл ша­руашылығы және тамақ өнер­кәсібі өнімдеріне деген сұраныс та көбейіп отырғаны белгілі. Әрине, оның белгілі мерзімдік себеп­тері бар. Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге салған эконо­микалық санкцияларының салдарынан оның ішкі рыногы біздің тамақ өнімдеріне зәру болып отыр. Бұрын экономикалық болма­ғаны­мен, санитарлық сияқты түрлі ке­дергілер арқылы біздің тамақ өнім­дерінің енуіне шектеулер қойы­лып келген, қазір бұл рынок бізге есігін айқара ашып отыр. Осы сәтті біз оңтайлы пайда­лана білуіміз керек, алайда, Пре­­зидент Н.Назарбаев ескерт­кенін­дей, ертең санкциялар алынып тасталса, қиын жағдайға ұшырып қалмас жағын да естен шығармаған жөн. Біздің ең бас­ты бағдарымыз тәуелсіздік пен ұлттық мүдделеріміз екенін ешқашан ұмытуға болмайды.
          – Әңгімеміз Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты болып тұрған соң, соған байланысты бір түйткіл сұрақты да қойсам ба деп едім. Бұл одақтың атқарушы органы – Еуразиялық комиссия ғой. Сол комиссияда қызмет ететін орта деңгейдегі барлық дерлік мамандар ресейліктер. Одақтың экономикалық саясатын жасайтын да солар. Осы мамандар көбінесе Ресей мүддесін ғана көздеп, басқаларды шөміштен қысу саясатын жүргізбей ме?
          – Әрине, ондай күмән-күдік бар, оның болуы заңды да. Алайда, біздің адамдарымыз барлық комиссияларда да бар. Одақтық комиссияға қызметке жіберілетін біздің адамдарымыз барынша білікті, білімді мамандар болуы керек. Біздің елдің мүддесін барынша қорғау үшін олардың ұлтжандылық сезімдері де жоғары болғаны дұрыс. Сөз жоқ, әркім көрпені өзіне қарай молырақ тартқысы келеді, оған қарсы тұра алатын тек экономикалық, соның ішінде кейбір арнаулы салалардың ұңғыл-шұңғылын айыра алатын тәжірибелі маман және құқықтық білік. Бізде ондай мамандар, құдайға шүкір, бар. Өткен жолы ғана ресейліктердің кейбір саяси мәселелерді енгізбек болған талпынысына біздің Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев бастаған мамандар тосқауыл қоя білгенінің куәсі болдық. Жоғарыда да айттым, тағы да айтайын, одақтың шешімдері консенсус қағидатымен ғана қабылданады. Оған бір тарап қарсы болса, ол өтпейді. Сондықтан сақ бола отырып, оның жұмысына, шығаратын шешімдеріне біздің адамдардың белсенді қатысқанын қалаймыз.
         – Осындай қауіптер бар еке­ніне қарамастан, эконо­­ми­калық одақтан бас тартуға болмайды дейсіз ғой?
         – Әлбетте, экономикалық интеграцияға барлық елдер барып отыр. Онсыз ұлттық экономиканы жедел дамыту, үлкен табысқа қол жеткізу мүмкін емес екеніне барлық елдердің көзі жеткен. Әлемде табысты жұмыс істеп тұрған интеграциялық бір­лестіктер баршылық. Оқшаулану, экономиканы жабық жүргізу қай елдің экономикасына да тиімсіз. Ал біздің Ресей экономикасымен одақтасуымыздың ондаған мықты себептері бар. Ол туралы Елбасы талай мәрте айтты.
          Экономикалық одақтың, сайып келгенде, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауға да ықпалы бар екені белгілі. Сондықтан оның тиімді екеніне бізбен көршілес мемлекеттердің де көзі жетіп отыр. Үстіміздегі жылғы мамыр айында Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылғанда оған Армения мен Қырғызстанның да кіргісі келетіндігі айтылды. Бұл мемлекеттер кейбір процедураларды өткеннен кейін одақтың мүшесі болатындығы сөзсіз. Сон­дықтан біздің экономикалық интеграциямыздың болашағы зор деп айта аламыз. Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының одақтық шартты ратификация­лау жөніндегі заң жобасын бірауыздан қолдауының, міне, осындай себептері бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
 «Егемен Қазақстан».