Қазақ шайыры Есенин атындағы сыйлықты иеленді – Егемен Қазақстан

» Баспасөз жарияланымдар » Қазақ шайыры Есенин атындағы сыйлықты иеленді – Егемен Қазақстан

03.11.2014, 11:54

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ҚазПИ-дің студенті кезінде-ақ өзін ақын ретінде мойындатқан Қазбек Иса бүгінгі күнге дейін «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» сияқты бірқатар жинақтарын шығарған белгілі ақынға айналды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ үні» газетінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері, талантты шайыр Қазбектің бір топ өлеңдері Мәскеудегі «Советский писатель» баспасында жарық көрген «Антология казахской поэзий» жинағында жарияланған болатын. Ақынның осы жинақтағы жырлары ресейлік әріптестерінің назарына ілініпті. Оның өлеңдеріне тәнті болған мәскеуліктер Қ.Исаға Сергей Есенин атындағы «Золотая осень» орденін беруді ұйғарыпты.
 
Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен салтанатты шарада Халықаралық жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары мәскеулік қаламгер Владимир Середин  Қазбек Исаның омырауына осы орденді тақты. Бұл шараны Ұлттық кітапхананың директоры, белгілі жазушы Әлібек Асқаров кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Дулат Иса­­бе­ков, Темірхан Медетбек, Бақыт Сарбалаев, Аман­хан Әлім сияқты белгілі қаламгерлер Қазбек Иса шығар­машылығында Есенин сарыны білінетінін тілге тиек ете отырып, оның бұл сыйлыққа әбден лайық екенін айтты.
Абай атындағы Опера және балет театрының директоры А.Бөрібаев Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының қаламгерге құттықтауын оқып берсе, «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев партиялас әріптесінің үлкен сыйлықтың иегері атанғанына шын жүректен қуанатынын жеткізді.
 
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
 
Дерекнама – egemen.kz  Егемен Қазақстан 1.11.2014ж.