Қордың ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс – Егемен Казахстан (Астана)

» Баспасөз жарияланымдар » Қордың ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс - Егемен Казахстан (Астана)

04.11.2014, 00:00

Мәжілістің бұрнағы өткен жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке сауал жолдады. Онда былай делінеді:
«Былтырғы жылы Қазақстанда үлкен қоғамдық резонанс тудырған зейнеткерлік реформа жүргізілгені белгілі. Реформаның басты дәлелі ретінде азаматтарымыздың зейнетақы қорларын сақтау туралы, сонымен қатар, бұл жинақтарды жеке зейнетақы қорларының бақылаусыз «жеуі» туралы мәлімдеме жасалды. Нәтижесінде барлық жинақтар Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорына (БҰЗҚ) біріктірілді, оның жалғыз акционері Басқарма болып табылады, ал зейнетақы ак­тивтерін инвестициялық басқаруды Ұлттық банк жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі бойынша БҰЗҚ-дағы зейнетақылық жинақ сомасы 4 трлн. 318 млрд.теңгені құраған.
Дегенмен, алғашқы нәтижелер көрсеткендей, зейнетақы қорларының нарығындағы бәсекелестіктің жойылуы мен оның мемлекеттендірілуі азаматтардың салымдарының сақталуын кепілдендіру жоспарындағы жағдайдың түзелуіне жеткізе алған жоқ. Онымен қоса, БҰЗҚ-ның зейнетақылық активтерді басқару бойынша кей әрекеттері тек пайда жағынан ғана емес, сонымен қатар, олардың негізділігі, айқындылығы және тіпті, ұлттық экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан да мәселелер туғызады. Осылайша, азаматтардың зейнеткерлік салымдарын инвестициялаудың негізгі құралдарының бірі БҰЗҚ активтерін депозиттерге және екінші деңгейлі банктердің құнды қағаздарына орналастыру болып табылады. Ғаламтор мен БАҚ-тарда бұл үрдіс жүре бастады. Қисын бойынша, мұндай орналастырулар банктің сырттан тартылған қаражатты қайтарып беру қабілетін есепке ала отырып, өз капиталы есебінен жүргізілуі тиіс.
Бірақ кейбір жағдайлардың қатарында БҰЗҚ-ға салынған зейнетақы активтерінің сомасы банктердің өз капиталынан асып түседі, бұл дегеніңіз, қайтарылмаудың тікелей қаупін туғызады. Бұл қауіп – қаржы нарығындағы маңызды толқындар мен тұрақсыздықтарды есепке алғанда, одан да өзекті. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі ашық дерек көздері бойынша нақты мысалдар келтірейік:
— сонымен, Еуразиялық банк өз капиталы 61 млрд. теңге болғанда, БҰЗҚ-дан облигациялар есебінен 34 млрд. депозит алды және 44 млрд. сырттан тартты. Осылайша, БҰЗҚ-дан алынған жалпы қаражат сомасы 78 млрд. теңгені құрайды, бұл банктің өз капиталынан 22%-ға асып түседі.
— Каспий банкі өз капиталы 98 млрд. теңге болғанда, азаматтардың зейнеткерлік жинақтарынан 169 млрд. теңге тартты, яғни бұл өз қаражатынан 42% артық.
— Альянс және Темір банктер тобы, өзінің кері капиталында минус 54 млрд. болғанда, БҰЗҚ-дан 39 млрд. теңге алды.
— АТФ банкі өзінің 72 млрд. қаражатына қосымша 101 млрд. халық ақшасын алды, яғни бұл талап ету бойынша қайтарылатын ақшадан 29%-ға артық.
Парасат тұрғысынан, мұндай салымдарды қарапайым халық есебінен банктің атына салынған таза қайырымдылық деп атауға болады. Есесіне, банктердегі несиелендіру мен сервис бағасы ха­лыққа, яғни клиенттерге қатысты ешқандай жеңілдіктер жасап отырған жоқ.
«Болашақ пайда» мен инвестициялық болжамдарға сілтеме де көңіл көншітпейді, себебі, кел­тірілген тізімде тұтынушылық несиелеуде көшбасшы болатын банктер де бар. Белгілі болғандай, несиелеудің берілген түрі кепіл затсыз несие болып табылады, сондықтан қарыз алушылардың төлеу қабілеті жиі келеңсіздіктер туғызады. Оның басты артықшылығы шұғыл өсім болып табылады, бірақ ол да үлкен қауіп тудырады. Банктік несиелеу саласының тұрақтылығына қауіп-қатер төндіретін бұл сектордағы жағдай туралы «Ақ жол» фракциясы бірнеше рет мәселе көтерген болатын.
Біздің азаматтардың салымдарын Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорының сенімсіз салымдарымен беруі қаншалықты негізді?
Онымен қоса, БҰЗҚ қаражаты Ресей Жинақбанкіне берілгені де көп күмән тудырады, сонымен қатар, ол сома қазақстандық активтерден асып түседі: өзінің 130 млрд. теңгесі бар Жинақбанкі 152 млрд. ақша алды. Және бұл кім-кімге де белгілі көрші Ресейдегі күрделі экономикалық жағдай кезінде беріліп отыр.
Егер біздің азаматтар есебінен шетелдік банктерді қолдап, оларға қазақстандық банктердегі қаржы жүйесі туралы қауіпті салымдар бар екенін түсіндіретін болсақ, бірден даулы жағдайларға тап боламыз. Қазақстандағы болашақ зейнеткерлердің жинақтары БҰЗҚ салымшыларының мүдделерінде ғана емес, сонымен қатар, олар Ресей экономикасының бүгінгі мәселелерін шешу үшін Ресей банкі тарапынан қаншалықты қорғалған?
Мұндай шешімдер қалай қабылданды? Егер Ұлттық банк осыдан бір жыл бұрын бұған жеке БҰЗҚ инвестициялық қызметтерінің тиімсіздігі кінәлі десе, онда бүгінгі күні бұл мәселелерді мемлекеттік қор неге туындатып отыр? Бұл «Ақ жол» фракциясының БҰЗҚ-ның зейнеткерлік жинақтарын басқару бойынша наразылықтарының бір бөлігі ғана.
Жоғарыда айтылғандар бойынша, «Ақ жол» ҚДП фракциясы қазақстандық азаматтардың зейнет жинақтарының сақталуы мен Қор жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша БҰЗҚ акционері және Ұлттық банк тарапынан қабылданған шаралар туралы хабарлауды сұрайды».