Ұлттық қордың игілігін ел көріп отыр – Егемен Қазақстан

» Баспасөз жарияланымдар » Ұлттық қордың игілігін ел көріп отыр – Егемен Қазақстан

14.11.2014, 15:09

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Азат Перуашев брифинг өткізіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына байланысты өз ойларымен бөлісті.
«Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауы бүкіл ел үшін аса маңызды деп білеміз, – деді Мәжі­ліс депу­таты. – Сол арқылы Елба­сы­мыз көптеген өзекті әрі өткір мәселелерге нақты жауаптар қайтарды. Жолдауда көрсетілген мәселелердің барлығы «Ақ жол» партиясының көзқарасымен және ұстанымымен өте жақын келеді, бірдей деп айтуымызға болады. Сондықтан «Ақ жол» партиясы Президенттің Жолдауына толық қолдау білдіреді».
Азат Перуашевтің атап өтуін­ше, еліміздің экономикасы жаңа пішінге көшіп жатыр. Осы арқылы біздер жаһандық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы жаңа мүм­кіндіктер жасаудамыз. «Мем­лекет басшысы жария еткен «Нұрлы Жол» – жаңа эконо­ми­ка­лық саясаты қазіргі кезде ел ал­дында тұрған қауіп-қатер­лер­ді жаңа мүмкіндіктерге ай­нал­дыруға және ұлттық эко­но­ми­каның түр-тұлғасын жаңа пішін­ге көшіруге бағытталған, – деді депутат осы жөнінде. – Президентіміз, әсіресе, ұлттық мәселелерге дөп тиетін мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды. Бұлар қазақстандықтардың ойы­нан шықты деген ниеттемін».
Депутат артта қалған эконо­микалық дағдарыс жылдарындағы ел жағдайынан да хабардар етіп өтті. «Біздің мемлекетіміз әлем­дік экономикалық дағдарысы қыс­паққа алған 2008 жылдың өзінде индустрияландыру бағдар­ламасын  қолға алып, жүзеге асыра бастады, – деді Азат Перуашев. – Бүгінде соның жемісін көріп келеміз. Экономиканың барлық салалары дамуда, жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Ел­і­мізде бұрын-соңды көз көр­меген тауарлар шыға­рылып жа­тыр. Бұрынғы өндіріс орын­дары заманауи техникамен, тех­но­логиямен жабдықталды. Осы­лайша, еліміздегі өндірістер бәсе­келестікке қабілетті ірі өнер­кәсіпке айналып келеді».
Мемлекет басшысы өз Жол­­дауында Ұлттық қордың игі­лі­гін бүгінде ел көріп отырған­ды­ғын да атап өткен болатын. «Пре­зи­дентіміздің идеясымен құрылған Ұлттық қор бүгінгі таңда өзінің аса қажет екендігін дәлелдеді, – деді Мәжіліс депутаты осы жайында. – Ұлттық қордың құрылуына қатысты кезінде түрлі пікірлер айтылғаны әлі есімде. Мұнайдан түсетін ақ­шаны тұрғындарға таратып берейік, дегендер де болғанын жасыра алмаймыз. Әлгі қаржы қазақстандықтың әрқайсысына жылына 17 мың теңгеден келеді екен. Оны қазіргі кезде Ұлттық қордың ел экономикасын дамытуға қосып жатқан зор үлесімен салыстыруға келмейді ғой».
Брифинг барысында Азат Перуа­шев Қазақстан Президентінің Жолдауы қазақстандықтармен қатар, шетелдіктер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырып отырғанын да атап өтті. «Маған кеше мәскеулік журналистер хабар­ласып, «Ақ жол» партиясы­ның Президент Жолдауы жөніндегі көзқарасы мен пікірін сұрады», – деді ол. – Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауымен ресейліктер ғана емес, өзге де көптеген елдердің саясаткерлері, сарапшылары жан-жақты талдайды және танысады деген ойдамын.
 
Дерекнама – egemen.kz  Егемен Қазақстан