15
Қараша

Өз тауар өндірушілерімізді де ойлайық – Егемен Қазақстан

Өзбекстанмен сауда қарым-қатынастарымызды тепе-теңдік негізде, соның ішінде бұл мемлекеттегі қазақстандық экспортты шектеу бойынша қадамдарға орай тура сондай шаралар қолдану жолымен құру қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттық сауалында мәлімдеді. Төменде Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына жолданған депутаттық сауалдың толық мәтіні келтіріліп отыр.
 
«Сыртқы сауданың маңызды қағи­дасы ұлттық экономикалық мүдделерді көздеу болып табылатыны, ол тең құқы­лы және әділ бәсекелестікпен қамта­масыз етілетіні белгілі.
Біздің ел үшін табиғи және коммер­ция­лық тартымды бағыттардың бірі Өз­бекстанмен өзара сауданы дамыту болып табылады, мұндағы қазақстандық тауар­ларға импорттық қажетсіну мил­­лиард­таған АҚШ долларымен баға­ланады.
Сонымен бірге, 1997 жылдың 2 мау­сы­мындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Еркін сауда жасау туралы келісімге қарамастан, ал құжатқа сәйкес кедендік баж салығы, салықтар және алымдар, сондай-ақ, тауарлардың экспортына немесе импортына өзге де шектеулер қолдануға болмайды. Өзбекстан жағынан қазақстандық өнімнің импортын шектеу бойынша белсенді саясат жүргізілуде.
Мәселен, Қазақстаннан әкелінетін тауарлардың барлық түрлеріне өзбек тарапы акциздер енгізген, бұл бірден қазақстандық және өзбекстандық тауар өндірушілерге тең емес шарттар қалыптастырады. Оның үстіне, Өзбекстан тарапынан акциздік жинақ жыл сайын тұрақты көтерілуде.
Бұл шаралар халықаралық тәжірибеге қайшы келеді, өйткені, акциздік жинаулар көбіне көлеңкелі нарықта белсенді айналымдағы тауарларға қатысты немесе қоғамдық қаупі бар алкоголь мен темекі сияқты тауарларға енгізіледі.
Дегенмен, 2011 жылдан бастап қазақстандық тауарларды Өзбекстанға экспорттау кезінде көрші елмен келесі акциздер өндіріліп алынуда:
— өсімдік майына және шыны-пластикалық өнімдеріне – 10%;
— ұнға – 15%;
— кондитерлік өнімдерге, шұжық пен ет өнімдеріне, жиһаз бен тоқымаға – 50%-дан;
— теледидарларға – 60%;
— сүт өнімдері, шырын және жұмыртқаға – 70%;
— алкогольсіз сусындарға – 100%;
— балмұздаққа және т.б. – 200%.
Жағдай 2013 жылы Өзбекстанмен тұтынушылық бағыттағы тағы да 45 атауға қосымша акциздер енгізген кезде мүлдем ушықты. Олардың тізімі ашық қолжетімділікте жоқ, алайда, әртүрлі ақпарат көздерінен ол өзіне тоқыма өнімдерін, картоп, тұрмыстық химия заттарын, табиғи былғарыдан жасалған бұйымдарды, өсімдік майын, макарон және басқа да тауарларды қосатыны белгілі болды. Аталған тауарларға деген акциздің мөлшерлемесі Өзбекстанның кедендік шекарасынан өткен кезде 30 пайызға дейін өсіп кетеді.
Қалыптасқан жағдай 1997 жылдың 2 маусымындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Еркін сауда туралы келісімде қарастырылған шарттарды тікелей бұзады.
Оның үстіне, бұл бұзушылықтар біржақты сипатқа ие, себебі, біздің еліміз бұрынғыша өз аумағында өзбек тауарларының импорты үшін ешқандай кедергілер келтірмейді, ешқандай акциздер немесе қосымша салықтар алуға ұмтылып та отырған жоқ. Қазақ­станға белсенді түрде Өзбекстанда қарастырылған жеңіл автокөліктер, ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да тауарлар әкелініп сатылып жатыр, ал қазақстандық бизнеске өзбек нарығына өтуге есік барған сайын тарыла түсуде.
Қысқасы, осы жалпақшешейлік салдарынан отандық тауар өндірушілер тікелей зиян шегуде. Жыл сайын тауар­лар­дың барлық тізімі бойынша біздің экспорттың осы туысқан мемлекетке жеткізілуі қысқартылуда. Сөйтіп, 2011 – 2013 жылдары Өзбекстанда айтарлықтай сұранысқа ие қазақстандық тауар – ұнның экспорты 13%-ға төмендеді.
Басқа позициялар бойынша жағдай бұдан да нашар.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы Өзбекстан Республикасымен екіжақты сауда-экономикалық байланысты дамытудың маңыздылығын тани отырып, сонымен бірге, сауда-саттықты тепе-теңдік негізде, соның ішінде бұл мемлекетке қазақстандық экспортты шектеу бойынша қадамдарға орай тура сондай шаралар қолдану жолымен құру қажет деп есептейді.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жоғарыда баяндалғанның негізінде, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы өзбекстандық тараппен келіссөздер жүргізу жолымен не Өзбекстаннан жіберілетін тауарларға қатысты Қазақ­станмен де жауап беру шараларын қабылдау арқылы жоғарыда келтірілген кедергілерді жою мүмкіндіктері туралы хабарлауыңызды сұрайды».
 
Дерекнама – www.egemen.kz  Егемен Қазақстан