‘Ақ жол’ партиясының депутаттары еліміздегі терроризмнің алдын алу және оның жолын кесу мақсатына вокзал және аэропорт секілді халық көп шоғырланатын стратегиялық маңызы бар объектілердін күзетін күшейтуді сұрады – ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауал

» Депутаттық сауалдар » 'Ақ жол' партиясының депутаттары еліміздегі терроризмнің алдын алу және оның жолын кесу мақсатына вокзал және аэропорт секілді халық көп шоғырланатын стратегиялық маңызы бар объектілердін күзетін күшейтуді сұрады - ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауал

19.03.2014, 00:00

2014 жылғы 18 наурызда жарияланды                    
 
Қазақстан Республикасының
                                                                  Премьер-Министрі
                                                                  С.Н.Ахметовке
 Депутаттық сауал
 
Құрметті Серік Нығметұлы!
 
Қазіргі таңда терроризмнің бел ала бастауы әлемді алаңдатып отыр.
Мұсылман дінінің атын жамылған теріс ағымдағы мәңгүрттердің кесірінен жазықсыз халық зардап шегуде. Дүниені дүрілдеткен осы мәселе бүгінде біздің қоғамда кеңінен қозғалып та, талқыланып та жатыр. Менің осы отырыста айтқалы отырғаным сұмдық жағдайдың алдын алу болмақ.
 Сочидегі олимпияда қарсаңында Ресейдің Волгоград қаласындағы болған ланкестік әрекеттері, Malaysian Airlines әуе лайнерінің жоғалып кетуі қауіпсіздік шараларын нығайтуға итермелейді. Көптеген мемлекеттерде қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде қойылып, адамдар жаппай жиналатын жерлерде қатаң тексеруден өтеді. Одан басқа әуежайда, сауда орталықтарында, демалыс орындарында темір іздейтін құралдар, жылувизорлар орнатылған, олар жолаушылардың ыстығын алыстан анықтайды.
Қазіргі кезде стратегиялық объектілер тұрмақ, ойын-сауық саласындағы жеке кәсіпкерлер өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күзет мекемелерімен тиісті келісім шарт жасап, ғимараттарды темір іздейтін  құралдармен жабдықтыруда. 
Яғни, халық көп шоғырланатын ірі сауда орталықтарын, сондай-ақ вокзал және аэропорт секілді объектілердің қауіпсіздігін бақылауға алу мәселесі өте өзекті болып отырғаны даусыз.
Таяуда Парламент Мәжілісінде талқыланған «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын қарау барысында осы жоба аясында аталған мақсатқа қаржы бөлу жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметінен оң қорытынды күткен болатынбыз. Өкінішке орай, – «бұл мақсатқа қаржы жетіспейді»,- деген жауап алдық. 
Қазақстанның Ата заңының алғашқы бабында еліміздің ең басты  қазынасы адам және оның өмірі деп көрсетілген. Осы тұста өз-өзінен сұрақ туындайды егер адам өміріне қауіп төніп тұрса, соңғы кезде жиілеп кеткен түрлі жарылыстарды қалыпты жағдай ретінде қабылдап, «қаржы жоқ», – деген сылтаумен ешқандай шара қолданбай отыра берсек қалай болғаны. Бұл күнде әлем мойындаған тәуелсіз, ауқатты мемлекетіміздің бар байлығы адам өмірін сақтауға арналмаса ол қаржыны қайда жұмсаймыз.
Оның үстіне, алдымызда еліміздің беделін асқақтататын елеулі шара – ЭКСПО-2017 тұр. Оның жұмысына әлемнің түпкір-түпкірінен көрмешілер ағылмақ. Осы жағдайда терроризм мәселесі назардан тыс қалса, ел қауіпсіздігі не болмақ?
Аталғандарды ескере отырып, қазіргі заманғы ең күрделі және өзекті проблема болып табылатын – еліміздегі терроризмнің алдын алу және оның жолын кесу мақсатына жедел түрде қаржы бөліп, Ішкі істер министрлігіне вокзал және аэропорт секілді халық көп шоғырланатын стратегиялық маңызы бар объектілерді күзету үшін қосымша штат санын бөлу мәселесін шұғыл түрде қолға алу қажет. 
 
 
Құрметпен,
 
«Ақ Жол» ҚДП парламенттік
фракциясының депутаттары:                                                     
А.Әбілдаев
А.Перуашев
Е.Никитинская
Т.Ерғалиев
Н.Жазылбеков
С.Қадралиева
М.Қазбекова
А.Тұртаев
                               
 
«Нұр Отан» партиясы
Парламенттік фракциясының депутаттары:
                                                                                                Қ.Сүлейменов
                                                                                          Ж.Жарасов