‘Ақ жол’ партиясы төл мәдениетімізді насихаттау қажеттілігін айтты – ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауал

» Депутаттық сауалдар » 'Ақ жол' партиясы төл мәдениетімізді насихаттау қажеттілігін айтты - ҚР Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауал

19.03.2014, 00:00

 
19.03.2014 жылы жарияланды                                   
 Қазақстан Республикасы
                                                                                      Премьер-Министрі 
                                                                                      С.Н. Ахметовке
  
Депутаттық сауал
 
Құрметті Серік Нығметұлы!
 
  Елбасы биылғы жолдауында төл мәдениетімізді насихаттау қажеттілігін баса айтқан болатын. Ізгілік пен шынайылық, бірлік пен татулық, отан сүйгіштікке, айналаға құрметпен қарауға бағытталған ұлттық бай мәдениетімізбен шынында мақтана аламыз.  
Халқымыздың мәдени мұрасы, ұлттық мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі, ұрпақтардың рухани байланысын нығайтатын ұлттық сана-сезімнің негізі бола отырып, Қазақстан мәдениетін қалыптастыруда басты рөл атқарады.
Алайда, бүгінгі таңда рухани мұраны зерттеу, жинақтау, дәріптеуге байланысты мәселе өз шешімін толығымен таппай отыр. Ақсап тұрғаны айқын сезілуде. Қысқаша мысал: Дәстүрлі қол өнерін жалғастырушылардың саны едәуір азайды, күй мектептерінің ізбасарлары саусақпен санарлықтай ғана.
Ұлттық шығармашылық ұжымдардың өз репертуарының да жұтаңдығы сезілуде.
Мәдениеттанушылардың зерттеулері, ауыз әдебиеті мен музыка мұрасы және сәнді-қолданбалы өнер мамандарының еңбектері жеткілікті деңгейде қайта басылып, жаңғырытылған жоқ.
Жастарымыз салт-дәстүрмен байланысты дүниелерден алыстап барады. Қаржыландырудың тапшылығына байланысты жергілікті атқарушы органдардың мәдениет басқармалары жанындағы көркемөнер шығармашылық ұжымдарын ұйымдастыру төл мәдениет үшін күрделі мәселе болып табылады. 
Шетел азаматтарының біздің елімізге тән ұлттық тағамдардың рецептілерін патенттеу жөніндегі беталыстарына алаңдаулы екенімізді бірнеше рет айттық, көтердік.
Мәдени құндылықтарымызды сақтау мәселесі тек еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын қолдау мен дамытудың базалық тетіктерін құру жолымен ғана шешілуі мүмкін.
Бүгінгі таңда, 45 элемент енгізілген «Қазақстан Республиксының материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізімі» бар, бірақ ондағы тізім мүлде толық емес деп есептейміз. Мәселен, қазақтың үйлену тойына байланысты жол-жоралғыға қатысты көптеген үрдістер тізімге мүлдем кірмей қалған. Отандық мәдениеттанушылардың пікірінше, қазақтың үйлену тойының жол-жоралғыларының 40-тан астам негізгі элементтері бар. Олардың әрқайсысы жеке жанр болуға тұрарлық. Отан отбасыдан басталатынын ескерсек, онда жастарымыз салт-дәстүрімізді білуі, мәнін сезінуі тиіс.
Осыған ұқсас, тізімдегі бірінші атау «дәстүрлі кілем тоқуды» , «ауызша дәстүрлер және айту түрлері» бөлімшесіне көрсетілген жанрлардың тізіміне, «орындаушылық өнері» бөлімін т.б. толықтыруға болады деп санаймыз.
 
Құрметті Серік Нығметұлы!
 
Баяндалғандарға байланысты, материалдық емес мәдени мұраның толық Ұлттық тізімін жасау туралы,  материалдық емес мәдени мұра ескерткіштерінің тізіміне материалдық емес мәдени мұраның элементтерін қосу критерийлерін жасау және оның жойылып кетуінің алдын алуда шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ оны дамыту, тарату және қорғау бойынша   қабылданатын шаралар туралы хабарлауыңызды сұраймыз.
 
Құрметпен,
 
«Ақ жол» ҚДП парламенттік
фракциясының депутаттары                                                                                                                                  

А.Тұртаев

А.Перуашев

Е.Никитинская

Н.Жазылбеков

А.Әбілдаев

М.Қазбекова

Т.Ерғалиев

                                                                                                                                          С.Қадралиева
«НҰР ОТАН» Халықтық Демократиялық
партиясы фракциясының мүшесі
 

                                                                                                   
                    Ш.Мырзахметов
Б.Смағұл
А.Смайыл
                    

 


Қазақстан халқы Ассамблеясының

депутаттық тобының мүшесі                                                                                                                 

Ю.Тимощенко