Арманы орындалған ауыл баласы /Байдәулет Қаншайым/ – Айкын (Алматы)

» Баспасөз жарияланымдар » Арманы орындалған ауыл баласы /Байдәулет Қаншайым/ - Айкын (Алматы)

09.12.2014, 00:00

 
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Азамат» орденінің, «Астана» медалінің иегері Арман Сқабылұлының «Өкпелемеші» атты жинағы жарық көрді. Кітапта журналист-жазушының балалық шағынан бастап, студенттік кезеңдері, әріптестік ортасы қамтылған.
 Автор өз естеліктерінде басынан өткен түрлі оқиғалар мен қызықты хикаяттарға, маңызды іс-сапарларға тоқталады.
– Арман Сқабылұлының «Хабар» арнасына қалай келгені көз алдымызда. Қасында Асхат Асан атты әріптесі болды. Екеуі де продюсер лауазымына тағайындалып, телеарнаның қазақ тіліндегі Жаңалықтар қызметіне жаңа серпін беріп еді.
Бала кезімізде біздің ауылда қар қалың, қыста шанаға атты қосарлап жегетін. Қос ат жеккен шана, әй-дә, қазіргі джиптен бетер зулайтын. Арман мен Асхат содан кем болған жоқ. Біз ол кезде телеарнаның Жаңалықтар қызметінде басшының орынбасары болып, бұрқырап жататын үлкен пештің отымен кіріп, күлімен шығып жүрдік. Арман сол кезден бастап жақсы інімізге айналды.
Біздің Арман Сқабылұлын жете тануымыз сол тұстан басталса, ініміздің бізді тануы студент шағынан басталса керек. Студент ретінде тәжірибеден өтіп, жас журналист ретінде газет редакциясына қабылданып жүрген кезінде мақалаларымыздан үлгі алып, үстел теннисін ойнағанымызға таңданыпты. Арада қаншама жылдан соң осы азамат өзінің көзбен көріп-білгені мен көкейге түйіп-ілгенін жазып, жинақтап қалың қауымның кәдесіне ұсынып жатыр.
Ауылы таныс, бір кезде өзіміз студенттік құрылыс отряды құрамында барып, бірнеше үй мен қой қораларын салып кеткен Нарынқол. Арманның кітабы тура сол Нарынқол қойнауындағы балалықтан басталады. Ішінде, тіпті Бердібек Соқпақбаев көкесі туралы эпизод та жүр.
Иә, Нарынқолдың қордалы болғандығынан шығар, Бердібектен кейін сансыз киноға арқау, романға желі шығарлық оқиғалар өтіпті, адамдар өмір сүріпті. Арманның әппақ қызбен киноға бірге баруға билет таппай қалуы, сосын клубтың іргесіндегі тесіктен кірмек болып, біреудің көстеңдеген аяғына тірелуі, сүйікті итінің ит атқыштар қарауылына ілігуі, бірнеше бала рөлге ұсынылғанда мұның алдына кейін «Қара Алмас» атымен бүкіл қазақ даласына аты тарайтын қайсар құрбысының түсіп кетуі және басқа бірнеше ондаған хикаялар Бердібектен бергі Нарынқолды сипаттайды.
Хош, баршаға ортақ балалық сәттерден соң қайталанбас студенттік кез басталады. Тағы таныс кептер мынау. Біріншіден, достары таныс. Бізден бірнеше жыл кейінгі толқыннан шығып, кейін аттары жалпақ елге жайылған тұлғалар ғой. Бір Табылды Досымовтың өзі неге тұрады?! Әулет тұрмақ, қауым елге тіреу боларлық Болатбектерді айтпағанда. Студенттік кездің жыры ерекше әсерлі. Жолдастарының мақтауымен қыздарды Медеуге қыдыртамын деп әкесі салған ақшаның басына су құйып келіп, соның кесірінен қысты жыртық бәтеңкемен өткізген ақкөңіл, бір тұста ілінген «Слава КПСС» деген ұранды таксиге адрес ретінде айтатын аңғал, сабақтан кешік­кенде емханадан анықтама аламыз деп тіс дәрігеріне ілігіп, әрі анықтама жоқ, әрі бүтін тістерін бүлдіріп, сау басына сақина тілеп алған сауықшыл достар қандай?! Бәрін ойында сақтап, кино көрсетіп отырғандай көз алдыңнан өткізе білетін Арманның жазушылық шеберлігіне тәнті боласың. Ал кім екені саусақпен көкті түртіп қана айтылатын адамға арналған Атыраудағы алтын төсекке Каспийге қойып кеткендей күмп ете қалатын қайран Табылды туралы естеліктерді толқымай оқу мүмкін емес.
Міне, осы бөлімдерден кейін Арманның бізбен ортақ, яғни «Хабардағы» кезеңі басталған. Мұндағы Владимир Рерихтің, Ақылбек Сансызбайұлының, Серік Абас Шах пен Тілеуқабыл Мыңжасарұлының хикаялары кімнің болсын ішек-сілесін қатырады. Арман Сқабылұлының Мемлекет басшысының сапарларын телевизия арқылы көрсету кезіндегі әсерлерін де аттап өте алмайсыз.
Кейінгі жылдары қайраткер Арман қалыптасты. Азат Перуашев, Бақыт Сәрсекбаев және басқа тұлғалар туралы шағын толғаныстар осының айғағы. Иә, өзіңіз былайша білемін дейтін, Арман қызмет ететін телевизия арқылы аты таныс адамдарды жете тануға осы естеліктер көмектеседі.
Ертеректе «Жеті күнді» «Хабардың» офисінде отырып көретін Әлімжан Сабыржанұлы екеуміз сол бағдарламаны тікелей эфирде жүргізіп шыққан Арманға қол соғатын едік, ал мына жинағынан соң орнымыздан тұрып қол соғуға тура келеді, – дейді кітаптың алғы сөзін жазған журналист-жазушы Қайнар Олжай.
 
Дерекнама – Айкын (Алматы), № 223 (2617), 06.12.2014