16
Қантар

Биыл сайлау бола ма? /Пікір жинаған Н.Нұрмағанбетов/ - Халык (Кызылорда)

 
Бүгінде ел ішінен бір дүбір естіледі. Ол биыл елімізде парламент және президент сайлауы өтуі мүмкін дегенге саяды. Көрші елдердегі аласапыран, дағдарыстың дүмпуі, саяси аренадағы қалыптасқан қазіргі жағдайлар ақиқатқа біртабан жетелей түседі. Расы сол, бізде бірде-бір сайлау өз уақытында өткізілген емес. Мерзімінен бұрын өткізілген соңғы сайлауларға назар аударсақ, 2012 жылға дейінгі парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс құрамы бір ғана партиядан («Нұр Отан») жасақталғаны белгілі.
Бұл әлемдік қауымдастық тарапынан да, биліктің ел ішіндегі қарсыластары тарапынан да қатты сынға­ ұшырағанын жасыра алмаймыз. Осы сыннан құтылу үшін билік кезектен тыс сайлау өткізуге мәжбүр болған. Нәтижесінде, бүгінде мәжілісте үш партияның («Нұр Отан», «Ақ жол», косаревшіл коммунистер) өкілдері отыр. Ал 2011 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің астарында бүгінгі мемлекет басшысының өкілеттігіне қатысты сол кездегі қоғамдық пікірдің ала-құлалығы жатқаны сөзсіз.
Сол сияқты биыл да мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін бе? Отандық сарапшылар да осы жылы кезектен тыс сайлау болатынына сенімді. Тіпті, өткізілетін сайлаулар арқылы Қазақстан президенттік басқару жүйесінен парламенттік республика сипатына өтетінін болжайтындар да бар. Ал, біз төменде әлеуметтік желі арқылы байланысқан еліміздегі саяси сарапшылардың пікірі қандай?
Әміржан Қосанов, саясаткер:
- Біздің елде екі нәрсені болжау қиын. Біріншісі – Алматының ауа райын, өйткені таудың баурайында тұрғандықтан лезде күн бұзылып кетуі мүмкін. Екіншісі – сайлау қашан өтетінін тап басып айту қиын, өйткені кезектен тыс сайлау жариялап жіберу бізде жаман дәстүрге айналып кеткені рас.
Заң бойынша бізде 2016 жылы парламент, ал 2017 жылы президент қайта сайлануы тиіс.
Меніңше, кезектен тыс сайлау өткізу үшін биліктің бірнеше негіздемесі бар.
Қазіргі күні билікке сын айтып, оған қарсы шығар саяси күштер дағдарыс жағдайында. Өзім бас хатшы болған бірегей «Азат» ЖСДП партиясының атын тіркемей қойды, оны пайдаланып кейбір тұлғалардың саяси­ сепаратистік пиғылы сол партияның қақ бөлінуіне әкеп соқты. Коммунистік партия аса қиын жағдайда. «Алға» партиясын тіпті тіркемей қойды да сот шешімімен жауып тастады.
Яғни, дәл қазір сайлау жариялап жіберсе, билікке лайықты түрде балама болар саяси күш жоқ!
Әрине, парламентте билік партиясынан басқа да партиялар болуы шарт. Бірақ, меніңше, билік оның жаңа құрамына шынайы оппозициялық күштерді енгізбейді, сол баяғы әдет бойынша, қуыршақ әрі уыстан­ шықпайтын партияларды енгізеді. Жаңа ұйымдар пайда болуы мүмкін, бірақ олардың саяси мән-мазмұны сол ескі күйінде қала бермек.
Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайда жаңа қиындықтар пайда боп жатыр. Батыс санкцияларына душар болған Ресеймен бір одаққа кіріп жатырмыз. Сол санкциялардың ертеңгі күні Қазақстанға да өз әсерін тигізетінін президенттің өзі де айтып жатыр. Әзірше Қазақстанның Ұлттық қорында ақша бар. Біраз мәселені, соның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдау, жұмыс орындарын ашу сияқты проблемаларды шешуге қаржы бар. Бірақ Кремльдің кейпіне қарасақ, ол алған бетінен қайтпайды, ол дегеніңіз - Ресейді әлемдік деңгейде оқшаулау, оны санкцияландыру одан сайын күшейеді деген сөз. Бір одақтағы біздің де экономикамыз жаңа қиыншылықтарға тап болады деген сөз.
Ал жағдай қиындаған сайын, сайлауға түскен билік партиясына да айтылар сын көбеймек. Ондайға билік өз басымен бара қоймайтыны анық. Сондықтан кезектен тыс сайлау өткізілуі әбден ықтимал.
Сағат Жүсіп, саясаткер:
- Қазақстанда ешуақытта президент сайлауы заң белгі­леген уақытында болған емес. Неге олай? Сайлау тақалған кезде форс-мажорлық немесе төтеннен келіп сайлаудың уақытында өтуіне қауіп төндірген жағдай болды ма? Жоқ. Саяси тұрақсыздық болды ма? Жоқ. Биліктің бар мақсаты - басқа үміткерлер сайлауға түспесін, дайындалуға үлгірмесін, т.с.с. сылтаулар мен алдаулар. Қазақстаннан басқа елдердің бәрінде сайлаулар заң белгілеген мерзімде, айында, күнінде өтеді. Олар осылай өздерінің зиялы, салауатты, әдепті, өркениетті қоғам үлгісін көрсетіп, өздері қабылдаған заңды сыйлайтындықтарын танытып отыр. Мысалы, АҚШ, Батыс Европа елдерінде, тіпті посткеңестік республикалардың көпшілігінде сайлаулардың мерзімін өзгерту тек соғыс жағдайында ғана орын алуы мүмкін деп заңдарында жазып қойған. Ал, бізде ше? Елімізді сайлау болатын жылдары топан су басты ма? Жоқ. Зілзала болды ма? Жоқ. Ел шетіне жау тиген жоқ (Құдай сақтасын!), Президент сайлауы ешуақытта өз мерзімінде өткен емес! Сондықтан да келесі Президент сайлауы біздегі “қалыптасқан” әдет бойынша белгілеген мерзімнен - 1916 жылдан бұрын болуы ғажап емес деп ойлаймын. Сонымен бірге бұл сайлау жаңа жүйемен - Президентті парламент арқылы сайлап жіберу мүмкіндігі де қарастырылып жатқан болар деген ойым бар. Айтпақшы, «неге бізде билік сайлауды өз уақытында өткізбейді?» деген сұраққа жауап берейін. Оның себебі, билік өз халқына сенбейді, біріншіден, қорқады. Оның себебі халықтың сеніміне ие емес, халық өз алдына, билік өз алдына бөлек өмір сүруде.
Мақсат Жақау, «Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы:
- Жалпы, өткен жылдың тамыз айынан басталған әуелі үкіметтік құрамның ықшамдалып, мобильденуі, облыстық әкімдерді қайта қарастыру, президент әкімшілігін өзгерту, саяси талдау орталықтарын мазмұндық реңге көшіру, шетелдегі елшіліктердегі жаңа тағайындаулар, бүгінгі қауіпсіздік құрылымдарын реанимациялау – келешектегі сыртқы һәм ішкі саяси науқандардағы түрлі сценарийлердің орын алуына дайындығы іспетті. Яғни, билік мемлекеттік саясаттағы жоспарларды қайтадан анықтап, пысықтап жатыр, әрі сыртқы өзгерістердің келер талаптарына қарай әрекет етуде. Мұны Елбасының журналистермен кездесудегі сөзінен байқадық.
Меніңше, ендігі парламенттік құрамды жаңалау немесе жұмысшы заң шығару органын нығайту мәселесін қолға алу келесі қадам болуы тиіс. Бірақ та, кейбір сарапшылардың президенттік алдын ала сайлауы өтуі мүмкін дегендері де жоқ емес. Егер соңғысының маңыздылығын ескерсек, әзірше ықпалы күшті биліктің мынадай кризистік уақытта өтуі өзекті емес әрі қажеттілігі әлсіздеу?!
Сондықтан, керісінше, Елбасы қарқынды индустриалдық, кәсіп­керлік, өндірістік экономиканы жеделдету үшін заңнамалық-нормативтік актілерді жасақтауды қолға алады. ЕЭҚ аясындағы проблемалық мәселелерге төтеп беретін, ішкі даму көрсеткіштерін күшейтетін бизнестің жаңа картасына мүмкіндік жасалады. Осы орайда логистикалық, макроэкономикалық үдерістер мен инвестициялық ұсыныстарды енгізудің жаңа тетіктерін қарастыру маңыздырақ. Мұның бәрін парламенттік фракциялардың қажырлы әрекеттері алға жылжытады. Сол үшін де, осы бағытта сапалы ұсыныс пен бастамаларды көтеріп жүрген жұмысшы фракциялардың маңыздылығына билік тарапынан үлкен мән берілетіні анық. Бұл дегеніміз, сайлау науқанының ауылы да алыс емес деген сөз. Ал, сайлау бола қалған жағдайда, билік фракциясының үштен бір мандаттары еңбекқор фракцияларға және жаңа форматтағы, яғни солшыл, бірақ социал-демократиялық сарындағы партиялардың кіруіне мүмкіндік берілуі мүмкін. Себебі, нарықтық талаптардың күшеюіне қарай, әлемдік тәжірибеде нақты осы социал-демократиялық бағыттар басымдыққа ие, мұны Еуропалық одақтағы фракциялардан көруге болады. Сол себепті, сайлау парламенттік болуы керек. Бірақ өткізу кезеңіне көбіне ауа райы емес, биліктің халықтың алдындағы орындалған міндеттері мен нәтижелі маусымдық уақытымен сәйкес келгенімен байланыстырылады.

Дерекнама - Халык (Кызылорда), № 1 (751), 07.01.2015