«Ақ жол» партиясы почта жұмысының сапасын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етеді

» Санат жоқ » «Ақ жол» партиясы почта жұмысының сапасын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етеді

28.01.2015, 18:46

 
 
2015 жылдың 28  қаңтары,  «Ақ жол» КДП  баспасөз-қызметі.
«Ақ жол» партиясы  почта жұмысының сапасын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етеді – бұл туралы бүгін Мәжілістің пленарлық отырысы барысында «Ақ жол» КДП фракциясының депутаттық сауалын жариялаған Алмас Тұртаев мәлімдеді. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің  атына жолдаған сауалдың толық нұсқасы төменде келтіріледі.
 
 
 
Қазақстан Республикасының
 Инвестициялар және даму министрі
Ә.Ө. Исекешевке
 
Депутаттық сауал
Құрметті Әсет Өрентайұлы!
 
«Қазпочта» АҚ (бұдан әрі – Қазпочта) еліміздің бүкіл аумағында почталық және қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынатын Қазақстан Республикасы почталық байланысының ұлттық операторы болып белгіленген. 2013 жылы Қазпочта кірістері 2012 жылмен салыстырғанда   14% – ға өсіп, 30,8 млрд теңгені құраған. Қазпочтаның тиімділігі және таза табысы үш жыл қатарынан өсуде, бірақ почта басшылығы жұмсалған шығынның ақталмауы туралы айтып, үнемі субсидияға сүйенгенді жөн көреді.
2014 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазпочта қызметтер тарифтерін көтерген. Бұл ретте, кезекті бағаны жоғарылату девальвациямен түсіндіріледі, бірақ теңге құны 19%-ға төмендеп, кейбір позицияларға (жазба хат-хабарларды жөнелту) бағалар 27%-ға артқан.
Қызметтер құнының кезекті артуынан көптеген баспа басылымдары күрделі жағдайға тап болуда. Айталық, кейбір басылымдар жазылудан және баспа нобайынан бас тартып, толығымен «онлайнға» көшуде. Бұған қоса, Қазпочтаның негізгі проблемаларының бірі – тиімсіз менеджментте деп есептейміз. Егер алынған табыс почташылардың еңбекақыларын индекстеуге жіберілмесе, почтаның қаражаты қайда жұмсалатыны түсініксіз. Мысалы, өңірлерде почташылар өз жұмысы үшін 5 мыңнан 15 мыңға дейінгі көлемде жалақы алады. Ал орталық аппараттағы қызметкерлер 10 есе жоғары алса, басшылық тиісті сыйақы да алады. 
Сонымен бірге қызметтер құнының кезеңді артқанымен, қызметтер сапасы жақсарған жоқ, яғни хат-хабарлар Астана және Алматы қалаларына   2-3 күнге, облыстарға 7 күнге кешеуілдеп жеткізіледі. Өңірлерде интернет дамымағанын, жұртшылық әлі күнге дейін газет оқитынын ескерсек, онда «Қазпочта» АҚ өзінің әлеуметтік-саяси міндеттерін әлі сезінбей келеді.  Қазпочта баспа басылымын босату бағасына комиссия қосатындықтан,  оқырмандар үшін газет бағасы көтеріліп отыр.
Почта қызметі сапасының төмендеуімен бірге, почта қызметкерлері тарапынан жасалған заң бұзушылықтар жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2014 жылдың соңында Орал қаласында «Қазпочта» АҚ-ның 9 қызметкері мүгедек балалар шотынан ақша жымқырды деген айыппен әр түрлі мерзімге сотталса, осы жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары Ақтау қаласында почта қызметкерлері сәлемдемелерді ашып, өздеріне ұнаған заттарды алғандары үшін ұсталды деген мәліметті таратты.
Қазіргі кезде почта арқылы жіберілетін заттарды жөнелту үшін халық пойыз жолсеріктерінің немесе ұшақ экипаждарының қызметіне жүгінеді. Дәл осы почта жұмысына азаматтар сенімсіздікпен қарайтындықтан, Қазақстандағы почталық қызметтер нарығында шетелдік курьер қызметтері (мысалы, DHL) пайда болып, табысты жұмыс істеуде. Ал мерзімді басылымдарды қабылдаумен және жеткізумен Қазпочтадан басқа өзге де компаниялар айналысады.
 Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасның пошта байланысы саласындағы заңнаманың нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдап, Қазпочтаның халықаралық деңгейде қызмет етуін қамтамасыз еттік. Бірақ оның ішкі қызметі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл мәселелерді бұрын бірнеше көтергенімізде Үкімет тарапы почта қызметін реттеуге қатысты жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынатындығын айтқан болатын. Бірақ ондай заң жоба әлі күнге дейін депутаттардың қолына тиген жоқ.  
Құрметті Әсет Өрентайұлы! Жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, «Қазпочта» АҚ қызметінің сапасын жақсартуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беруіңізді сұраймыз. 
 
Құрметпен,
«Ақжол» ҚДП фракциясының  депутаттары