Қарағандыда Байқаудың алғашқы жүлдегерлері анықталды

» Алаш аманаты » Қарағандыда Байқаудың алғашқы жүлдегерлері анықталды

18.11.2015, 09:31

17 қараша 2015 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» демократиялық партиясы дәстүрге енген, Алаш мұрасына қызығушылық танытып, осы тақырыпта ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы ізденушілер арасындағы биылғы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының екінші кезеңін 16 қараша күні Қарағандыда өткізді. Қарағанды жері дүниеге Алаш арыстары: Әлихан Бөкейханды, Әлімхан Ермековті, Жақып Ақбайды әкелген өлке. Сондықтан да Байқау басталар алдында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты А.Перуашев, Партияның Орталық кеңесінің хатшылары С.Байдалы, Б.Дюсембинов, А.Сұлтанов, А.Рупатова, «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы М.Берқали, «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ж.Матаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» институтының ғалымдары, Қазақстанның көптеген өңірлерінен келген Байқауға қатысушылар, партияның Қарағанды филиалының белсенділері ХХ ғасырдың басындағы Алаш алыптарының соңғы тұяқтарының бірі болып, 1970 жылы дүниеден озған Әлімхан Ермековтің бейітінің басына барып, тәу етіп, құран бағыштады. Одан кейін Алаш жұртының абзал азаматы Евней Арыстанұлы Бөкетов мұражайында болып, түрлі экспонаттармен танысты.
Басты мақсаты – Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату болып табылатын Жалпыұлттық Байқау еліміздің ең ірі жоғары оқу орындарының бірі – Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми аудиториясында өтті. Оған жергілікті зиялы қауым өкілдері, университет ғалымдары, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
 «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының қатысушыларына, жиналғандарға Университет ректоры Еркін Көбеев құттықтау сөзін арнады. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев жалпыұлттық байқауды салтанатты жағдайда ашып, оған қатысып Астанадағы финалдық сайысқа шығуға үміткер болып отырғандарға шығармашылық табыс тіледі.

«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы, Байқаудың модераторы Сәбит Байдалы жиналған қауымға Қарағанды қаласы бойынша Қазылар алқасының төрағасы, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD, Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіпті, осы инститтың аға ғылыми қызметкерлері: ф.ғ.д., профессор Сағымбай Жұмағұловты, ф.ғ.к., доцент Қайырбек Кемеңгерді, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті тарих факультетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қанат Өскембаевты, «Ақ жол» ҚДП  төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы Мақсат Жақауды таныстырды. Байқаудың шарттарына сәйкес, төрт номинация бойынша, атап айтқанда – Бірінші: «Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы,  демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы»; Екінші номинация: Алаш қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік  жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту»; Үшінші номинация: «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер»; Төртінші: «Алаш және Қазақ хандығы» атты номинациялар бойынша келіп түскен зерттеу еңбектерінен ЕҰУ-нің «Алаш» институтының сараптамасынан өтіп, іріктелген 18 жұмыстың авторлары жұрт алдында баяндама жасап, өз еңбектерін қорғады. Оларға Қазылар алқасының мүшелері ғана емес, жиынға қатысушылар тарапынан да түрлі сұрақтар қойылып, жауаптары тыңдалды.

Нәтижесінде, Қазылар алқасының шешімімен бірінші номинация бойынша Алматы қаласындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты Алмас Әбдіғаниұлы Жүнісбаевтың «Қазақ медициналық институтын құрудағы Санжар Асфендияровтың орны мен рөлі» зерттеу еңбегі мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы Алма Сайлауқызының «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және демократиялық құндылықтар» жұмысы  Астанадағы конференцияда сарапқа салынатын бас бәйге үшін өтетін бәсекеге жолдама алды. Екінші номинация бойынша Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенті Шахкарим Асқарұлы Садвокасовтың «Алаш азаматы Ә. Ермековтің қазақ өлкесінің территориясы мен шекарасын анықтаудағы рөлі» атты жұмысы мен Алматы қаласындағы «Жастар үні», «Болашақ» басылымдарының журналисі Айгүл Дәденнің «ХХ ғасыр басында жарық көрген «Қазақ тілі» газетіндегі жаңашылдық сипаттамалар» еңбегін ақтық сайысқа жіберу ұйғарылды. Үшінші номинация бойынша: әдебиеттанушы, С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Елдос Тоқтарбайдың «Алаш қайраткерлерінің сенімді серіктері», жеке кәсіпкер Дархан Шаймолдаұлы Жанғазиннің «Алаштың ардақты азаматы – Қабыш Бердалин» атты еңбектері және «Қазақстан телерадиокорпорациясының журналисі» Мәриям Әбсаттардың аттары көпке беймәлім болып келген, бірақ алаш тарихында өзіндік із қалдырған 3 жаңа есім туралы сериялы мақалалар топтамасы финалға шықты. Қазылар алқасы үшінші номинация бойынша үш жұмыс бірден бас бәйгеге таласа алады деп шешсе,ал төртінші номинация бойынша бәйге қорытындысымен өткізілетін ғылыми конференцияда баяндама жасауға тек бір ғана – Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің «Қорқыт тану және өлке тану» бөлімінің ғылыми қызметкері Назгүл Бердіқожаның «Сартай батыр туралы тарихи деректер» атты еңбегін лайық деп тапты. Сонымен Қарағандыда өткен «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық Байқауының екінші кезеңінің қорытындысымен жүлдегер атанған зерттеу еңбектерінің авторлары Алашорда үкіметі құрылуының 98 жылдығы қарсаңында Астанадағы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салады. Ол үшін  Алматы қаласынан – 3, Астана қаласынан – 2, Қарағандыдан, Павлодардан, Қызылордадан бір-бірден үміткерлер күресетін болады. Соңғы турға дейін әр үміткердің өз жұмыстарын әлде де жетілдіріп, жақсарта түсетін мүмкіндіктері бар.
Қарағандыдағы байқау барысында «Ақ жол» партиясының жыл сайын шығарып жатқан «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» сериялы ғылыми жинағының 3-ші кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Университет кітапханасына, байқауға қатысушыларға осы кітаптар сыйға тартылды. Сондай-ақ Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен шығарылған Қазақстан тарихшылары қауымдастығының  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған естелік медалын университет ректоры Е.Қ.Көбеевке, тарих факультетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қ.С.Өскембаевқа, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Л.Қ.Шотбақоваға тапсырды. 
Жалпы Қарағандыда өткен байқау өзінің Алаш зиялыларының мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын негізгі мақсатын орындады. Білім, ой жарысына қатысқандардың, аудиторияға жиналғандардың көпшілігі жастар болғандығын және олардың Алаш мұрасына қызығушылығы мен оны қастерлеушілігі зор екендігі осы шараны ұйымдастырушыларды қуантты. Бұл ерекше көңіл күй Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар келешекте де табыла беретініне үлкен үміт ұялатады.