Отпантаудағы тағзым – ‘Қазақ үнi’ газеті

» Баспасөз жарияланымдар » Отпантаудағы тағзым - 'Қазақ үнi' газеті

08.04.2014, 00:00

Казак yнi (Алматы), № 13 (622), 01.04.2014

Табиғат-ана қыс қылышынан бусанып, жер көгеріп, тал-теректер бүршік жарып, құн жылынған шақта Жаңа жылымыз – Наурыз мерекесі есігімізден енеді. Наурыз — көне дәуірден үрдіс алып, тереңнен тартқан тамырын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, дәстүрін үзбей, ата-салтымен ұштасқан мереке. Бұл мейрамды батыс өңірі көктемнің алғашқы күнінен бастап, амал тойын тойлайды. Бұл күндері араздасқандар өкпе-наздарын ұмытып достасады, бір-біріне қонаққа барып, қазанынан дәм татып, татуласады. Алысты жақындатып, жақынды табыстыратын, бірлік пен берекеге шақыратын мерекенің ұрпаққа берер тәрбиелік мағынасы, міне, осылайша зор. Осындай үрдіспен жылдар бойы жібін үзбей, дәстүрге айналған амал мерекесі биыл да «Отпантау» тарихи —мәдени кешенінінде өз жалғасын тапты. Өткенге тағзым, бүгінге бірлік болған тарихи орында ұран оты жағылып, тойға келген алыс-жақын ағайындар тағзым етті. Ақшаңқан ақ үйлер қаз-қатарынан тігіліп, қазаны мен мосы қайнап, қыз-келіншектер самаурынның құлағын ұстап, үлкендер батасын беріп, бір-біріне қонақтап жүрген жандарды көріп, қазақ елінің кең пейілдігіне шүкіршілік, дарқан даласының тыныштығына тәубе етіп, бір аптаны артқа тастап Амал мерекесінің жалғасы – Наурыз тойы тойланды.

Жаңа жылды жарқын қарсы алуға Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының белсенділері бірауыздан атсалысты. Қазақы дәстүрмен наурыз көже пісіріліп, жиналғандарға тарту етілді. Ата-баба салтымен жас сәбидің тұсауын кесіп, ақ бата берді. Партия белсенділері қонақтарға сый-сияпат көрсетіп, мереке ән-думанмен жалғасты.