«Ақ жол»: Бағалы қағаздарды тіркеу жөніндегі қызметті монополияландыру БҚ эмитенттері мен ұстаушыларының заңды құқықтарын шектейді

» Санат жоқ » «Ақ жол»: Бағалы қағаздарды тіркеу жөніндегі қызметті монополияландыру БҚ эмитенттері мен ұстаушыларының заңды құқықтарын шектейді

30.01.2013, 00:00

30 қаңтар 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол»  демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бағалы қағаздарды тіркеу жөніндегі қызметті монополияландыру БҚ эмитенттері мен ұстаушыларының заңды құқықтарын шектейді – бұл туралы Талғат Ерғалиев Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық банк басшылығының атына жолданған фракцияның депутаттық сауалында  мәлімдеді.
Сауалда көрсетілгендей, осы уақытқа дейін бұл нарықта бәсекелестік негізінде қызметтер көрсеткен бірнеше ұйымдар жұмыс істеген. Енді бұл сала монополияландырылған  – 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі» АҚ бағалы қағаздар ұстаушыларының тізілімдері жүйесін жүргізуге уәкілетті бірыңғай ұйым болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі қызметі табиғи монополиялар саласына кірмейді.
«Қазіргі уақытта, «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі» АҚ қызметіне эмитенттерден шартқа отыру кезіндегі тарифтер мен біржақты жағдайларына қатысты өтініштер түсуде. Эмитенттер және бағалы қағаздарды ұстаушылар таңдау құқығынан айырылған және «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі» АҚ-ның талаптарын орындауға мәжбүр, оның ішінде бірыңғай тіркеушінің директорлар кеңесі бекіткен тарифтерге сәйкес алдын ала төлем жүргізеді», – деп атап көрсетті Т.Ергалиев. Дәлел ретінде ол Бірыңғай тіркеушінің http://www.tisr.kz сайтындағы келесі ақпаратты келтірді: «бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу және шаруашылық серіктестіктер қатысушыларының тізілімдерін жүргізудің үлгілік шарттарының нысандары өзгертуге немесе толықтыруға жатпайды,  себебі үлгілік шарттардың нысандары Бірыңғай тіркеушінің директорлар Кеңесімен бекітілген (08.02.2012 ж. N 2 Хаттама),  2012 жылдың 10 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі комитетімен келісілген және Бірыңғай тіркеуші ережелерінің Жинағына кіреді».
«Ақжолдықтардың» пікірінше, бірден-бір тіркеушінің көрсетілген іс-әрекеті еркін шарттар жасау қағидасына қайшы келеді және эмитенттер мен бағалы қағаздарды ұстаушылардың заңды құқықтарын шектейді, оларды өздері үшін өте тиімсіз жағдайларда шартқа отыруға мәжбүрлейді.
Бұдан басқа, Бірыңғай тіркеушінің тарифтерінде екі жақты комиссия қарастырылған және көрсетілген қызметтерге әр тараптан да ақы төленеді – іс жүзінде көрсетілген бір қызметке акционермен және эмитентпен, яғни бір қызмет үшін  екі рет ақы төленеді.
Қазақстанда қор нарығы өте нашар дамығандығын ескерсек (бизнес-қоғамдастығының мәліметтері бойынша, Республика компанияларынан KASE қатысушылары бар-жоғы 0,05 % болып табылады), көрсетілген жағдайлар экономиканы дамытуда және нақты секторға қор жинауда өте жағымсыз рөл атқарады.
Осыған байланысты, фракция депутаттары бағалы қағаздар ұстаушыларының тізілімдері жүйесін жүргізу бойынша қызметті ҚР табиғи монополиялар саласына қосу және шарттар мен тарифтердің үлгілік  нысандарын заңнамалық деңгейде бекіту қажет деп есептейді.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы өзінің сайлауалды тұғырнамасы және сайлаушылардың заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.