15
Ақпан

Санат жоқ 15.02.2014

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Ауған соғысы ардагерлерін құттықтады

15 ақпан 2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
15 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімінің орынбасарларымен біріге отырып,  Абай атындағы мәдениет кешенінде Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлерімен  кездесті.
Бұдан кейін,  Отан соғысы мен тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, облыс пен қала әкімдіктерінің өкілдері, қала тұрғындары және жастардың қатысуымен Отан соғысында қаза болған батыр бабалар рухына арнап,  Ақтау қаласындағы  «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтары қойылды.
Ресми шараның соңы Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің ерлігіне арналған монумент жанында митингімен аяқталды.
Содан кейін Алмас Тұртаев «Ақ жол» партиясы Парламент фракциясының Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық қабылдау орталығының ашылу салтанатына қатысып, өз қолымен лентасын қиды.
«Ақ жол» партиясының белсенді мүшелерінің ұсынысымен қоғамдық қабылдау орталығының төрағасы болып жергілікті жас кәсіпкер Болатбек Абулхайыров тағайындалды.
Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев салтанатты жиынға жиналған ақжолдықтарға партияның бағыты мен атқарылған жұмыстарына тоқталып, партия қатарына жаңадан енген мүшелеріне партиялық билет табыстап, қоғамдық қабылдау орталығының жаңа қонысымен құттықтап сөз сөйледі.
            Келесі кездесу «Каспий микроқаржыландыру ұйымы» ЖШС-ның ұжымымен өтті. Мәжіліс депутаты А. Тұртаев Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде,  бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, «Ақ жол» партиясының ұстанған ұстанымын, атқарып жатқан жұмыстарын хабардар етті.
Кездесу соңында «Ақ жол» партиясына аталмыш мекемеден 15 адам партия мүшелігіне өтті.
            Соңғы кездесу «Капремсервис» ЖШС мекеме басшыларымен, сонымен қатар жұмысшыларымен өтті. Кездесу барысында «Ақ жол» партиясының негізгі бағыттарының бірі – еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту және қолдау екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. 
Кездесу соңында  «Ақ жол» партиясына аталмыш мекемеден 125 адам партия мүшелігіне қабылданды.