«Ақ жолдықтар» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатымен кездесті

» Санат жоқ » «Ақ жолдықтар» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатымен кездесті

15.02.2014, 00:00

15 ақпан 2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
15 ақпанда Маңғыстау облысы әкімдігінің мәжіліс залында Парламент Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаевтың  «Ақ жолдықтармен» кездесуі болып өтті.
Жиынға облыс әкімдігі аппарат қызметкерлері, партия активтері мен «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері және жергілікті кәсіпкерлер, Ауған соғысының ардагерлері қатысты. 
Жиынды «Ақ жол» ҚДП МОФ төрағасы Жаңбырбай Матаев жүргізіп отырды.
Аталмыш отырыстың маңызды мақсаты Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде,  бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және түсіндіру. Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттерге шолу жасап, Елбасы аманатын халыққа жеткізудегі мақсатын  ашық айтты.
Сонымен қатар, жиынға қатысып отырған партия мүшелерінің сұрақтарына жауап берілді. Соның ішінде еліміздегі девальвация туралы сөз қозғалып, оған депутат  А.Тұртаев қала әкімінің орынбасары Р.Елтизаровпен кездесуде қала бойынша бағаның тұрақты екендігінен хабардар болғандығын атап көрсетті.
Бұдан басқа да кәсіпкерлердің көкейінде жүрген жер мәселесі, банктен несие алу алымдары, мемлекетіміздің Қазақ елі атымен ауыстырылуы, сонымен қатар жастар саясаты жөнінде мәселе көтерілді.
Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев жиында талқыланған мәселелер назардан тыс қалмайтындығын, халық қалаулылары заң жобасына ұсынылған өзгерістер мен ұсыныстарды мұқият қарайтындығы туралы сөз етті.
Жиналыс соңында Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына орай, Ауған соғысы ардагерлерін атаулы мерекемен құттықтап, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашевтің атынан алғыс хат табыс етілді.
Ауған соғысының ардагерлері алғыстарын білдіріп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев ақтаулық мүгедек-спортшылармен жолықты. Орталықтарын аралап, ұсыныс-пікірлерін назарына алды.