23
Қараша

А.Перуашевтың Тәуелсіздіктің 25-жылдығына арналған Демократиялық Күштердің Жалпыұлттық Коалициясының отырысында сөйлеген сөзі

А.Т.Перуашев
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
 
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Алаш арыстарының айтқанындай 'мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық'.
Еліміздің сан ғасырлар бойғы үмітін, қолжетпестей сағымды арманын – тек 25 жыл бұрын ғана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен  қазақ халқы шынайы өмірге айналдырды.

 
Мемлекет басшысы Ата заңымыз бойынша да, күнделікті тіршілікте де, - мемлекет тұрақтылығының кепілі, азаматтық пен қоғамдық мүдделердің тірегі болып табылады.
Тәуелсіздіктің таңынан бастап Елбасының бастамалары Қазақстанды өркениетке және «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірге жетеледі.
Бұл кезең босқа өткен жоқ – біздің ұлт Елбасымыздың басшылығымен бүкіл дүние қадірлейтін саяси, әлеуметтік және экономикалық таңдауын жасады.
Ширек ғасыр ішінде жаңа ел қалыптасып, жаңа қоғам құрылды. 
 
Құрметті әріптестер.
Бүгінгі Тәуелсіздіктің 25-жылдығы – «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасында көрсетілген ұзақ мерзімді ұлттық мүдделер тұрғысынан Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту және дамыту жолындағы халқымыз бен Президентіміздің қажымас еңбегінің заңды нәтижесі.
Бүгіннен бастап, біз мемлекеттік дамудың жаңа дәуіріне аяқ басып отырмыз.
Ал әрбір жаңа дәуір -жаңа мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар алдымызға жаңа сынақтар  қойып отыр.
Сондықтан біздің көзіміз ашық, санамыз ояу болуға тиіс.
 
'Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан' - деп, ұлы Абай атамыз айтқантұғын.
Өзінің орнын таппағандықтан, болашаққа деген үмітсіздіктен берекесіздік пен мазасыздықтар туады.
Тек дамыған, бәсекеге қабілетті, өндірісті экономикасымен әл-ауқатты, білімді және енбекқор халқы бар, күшті мемлекет қана шынайы тәуелсіз бола алады.
 
Елбасымыз бізге, Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігі - ең басты байлығымыз екенін үнемі айтып жүр.
Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы, оны ешбір әлеуметтік немесе материалдық игілік пен салыстыруға болмайды, ал оны сақтап қалу үшін кез-келген сынақтарға да, тіпті құрбандыққа да барғанымыз жөн.
 
Біздің ұлы батыр бабаларымыз - Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Науырызбай, Тама Есет батыр және басқа да олардың белгілі де беймәлім мыңдаған ізбасарлары ғасырлар бойы  қара бастың қамы үшін емес, еліміз бен жеріміздің азаттығы үшін қасық қандары қалғанша күрескен емес пе?!
 
Құрметті әріптестер!
Біз жүріп өткен ширек ғасыр, бізді өткенге қарап, көңілімізді толқытып, жүрегімізді дірілдетеді.
Біз барлығымыз – бүгінгі заманауй қазақ мемлекетінің құруылуының куәсі, тікелей қатысушысы және атсалушылары екендігімізді мақтан тұтамыз. 
Бізге еліміздің және Елбасының ерекше жауапкершілігі мен айрықша сенімі артылып отыр. Бұл сенімді ақтаусыз қалдыруға хақымыз жоқ. Дегенмен, бізге, Көшбасшымызбен бірге алынбайтын қамал жоқ және де Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бұған дәлел. 
 
«Ақжол» демократиялық партиясының атынан барша отандастарымызды келе жатқан ұлы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

 Назарларыңызға рахмет.